Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Астанада Қазақстан мен Корея Жоғарғы Сот Төрағаларының кездесуі өтті

2016 жылдың 24 маусымында Корея Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Янг Сынг-тэ бастаған делегация Қазақстанның Жоғарғы Сотына келді.

Делегация құрамына Сеул қаласы Жоғары сотының төрағасы СИМ Санг-чоль, Жоғарғы Сот Аппараты соттарының қызметін қамтамасыз ету бюросының төрағасы ХОНГ Сынг-мён, Жоғарғы Сот Төрағасы Хатшылығының басшысы Соль Бом-сик, Жоғарғы Сот Аппараты Сот әкімшілігі департаментінің басшысы  ПАК Ван-сик және т.б. кірді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Корея жоғары сот органдарының Төрағалары жылы лебіздерімен және екі елдің сот жүйесінің дамуы туралы өзекті ақпаратпен бөлісті.

Қ.Мәми «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберіндегі сот жүйесін реформалау туралы айтып өтті. Әңгіме негізінен үш буынды сот төрелігіне көшу, судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптардың күшеюі, тергеу судьяларының өкілеттіктерін кеңейту, прокурорлардың азаматтық сот ісіне қатысуын қысқарту тұрғысында өрбіді. Жоғарғы Сотта инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған алқаның, Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық кеңестің құрылғандығы да айтылды.

Өз кезегінде, Янг Сынг-тэ Кореяның сот құрылысы мен сот ісін жүргізудегі ақпараттық технологияларды қолдану барысы туралы айтып өтті. Меймандарды Жоғарғы Сотта инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған алқа мен Астана қаржы орталығы сотының құрылуы  бағытындағы бірқатар тәжірибелік мәселелер қызықтырды.

Кездесу өзара ілтипат жағдайында өтті, тараптар екі елдің сот жүйесінің қызметі мен ынтымақтастықты одан әрі арттырудың келешегі туралы пікір алмасты.

Делегация үшін Жоғарғы Сот ғимаратына экскурсия ұйымдастырылды. Онда сот отырысы залдары мен ғимараттың инфрақұрылымдық ерекшеліктері таныстырылды.

Кореялік делегация Қазақстанда а.ж. 26 маусымға дейін болады. Сапар шеңберінде Конституциялық Кеңес Төрағасымен, Астана және Ақмола облысы соттарының төрағаларымен кездесулер, сондай-ақ бірқатар өзге де іс-шаралар өтеді деп жоспарланған.

Қазіргі таңда Қазақстан Жоғарғы Сотының делегациясы Кореяда таныстыру сапарымен жүргенін атап өткен жөн. 2016 жылғы 27-30 маусым аралығында Жоғарғы Сот Департаментінің қызметкерлері Кореяның сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды қолдану тәжірибесімен танысып, соттардың инфрақұрылымы мен сот әкімшілігін ұйымдастыру ерекшеліктерін зерделейтін болады.

http://sud.gov.kz/kaz/news/astanada-kazakstan-men-koreya-zhogargy-sot-toragalarynyn-kezdesui-otti

0
0
458

Осы тақырып бойынша