Астанада 38 елдің белгілі дзюдошылары бақ таластырады
10-12 қазан аралығында Астанада дзюдодан Гран-при жарысы өтеді. Бұл туралы бүгін елордада осы спорттық шараның ұйымдастырушылары хабарлады.
Жарыс «Сарыарқа» велотрекінде өтеді. Оған әлемнің 38 елінен 366 спортшы қатысады деп күтілуде. Олар 7 салмақ дәрежесінде тартысқа түседі. Қазақстан тарапынан бұл додада 52 спортшы бақтарын сынайды. Олардың арасында 2009 жылғы әлем чемпионы Максим Раков, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы Елдос Сметов және басқа да белгілі спортшылар бар.
Дзюдодан осындай деңгейдегі жарыс елордада алғаш рет өткізілуде. Бұл бәсеке Олимпиада ойындарына ұпай жинау үшін лицензиялық спорттық шара болып табылады.
Автор: Руслан Ғаббасов

