Астана-Париж диалогы дамудың даңғыл жолында
Франция ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын ресми түрде растады.
Бұл уағдаластыққа Елбасының Парижге ресми сапары кезінде қол жеткізілді. Нұрсұлтан Назарбаев Франсуа Олландпен кездесіп, жоғары деңгейде келіссөздер жүргізді. Француз көшбасшысының өткен жылғы Астанаға жасаған сапары кезінде қол жеткізілген келісімдер сараланды. Бірнеше құжатқа қол қойылды. Екеуара ынтымақтастық одан әрі дами бермек.
Екі ел ынтымағын кеңейткен сапар. Тариxи һәм экономикалық мәні зор. Бәрінен Нұрсұлтан Назарбаевқа деген қошемет ерекше. Салтанатты қабылдаудың ең биік мәртебесіне лайық құрмет көрсетілді. Францияда мұндай ерекше рәсім ең мәртебелі меймандарға бұйырады екен. Мемлекет басшыларын салтанатты түрде қабылдаудың дәстүрлі мекені атанған «мүгедектер үйіндегі» ресми бөлім француз басшысының қатысуынсыз өтеді. Сондықтан Елбасыны Парламентпен байланыс жөніндегі мемлекеттік xатшы мен Париж әскери губернаторының өкілі қарсы алды.
Республикалық гвардияның тағы бір топ сарбаздары Францияның бас ғимараты Елисей сарайында сап түзеді. Салтанатты рәсімнен келген Нұрсұлтан Назарбаевты Франсуа Олланд осында күтіп алды.
Астана-Париж диалогы дағдарысқа қарамастан дамудың даңғыл жолында. Екі ел көшбасшысының мүддесі ұқсас бұл тұрғыда. Жиі кездесуі де сондықтан. Соңғы 3,5 жылдың ішінде бесінші рет жүздесіп отыр. Елисей сарайында стратегиялық серіктестікті әрі қарай өрбіту үшін бас қосты.
Париж Астананың маңызды сауда серіктесі және инвесторларының бестігіне кіреді. Былтыр тауар айналым 6 млрд долларға жуықтаған. Елімізде Францияның ең ірі 130 компаниясы жұмыс істейді. Инвестициялар көлемі 12 млрд доллар шамасында. Франция Қазақстанның саяси һәм экономикалық реформаларын қолдайды. Париж ұлт жоспарын жүзеге асыруда сарапшыларын жұмылдыруға дайын. Бастысы, әлемдік экономикалық тұрақсыздық жағдайында инвестициялау бәсеңдемек емес. Серіктес ел индустриялық және инфрақұрылымдық жаңғыртуға қатысуды тұрақты түрде жалғастырады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінгі келіссөздер жаңа сапалық деңгейдегі міндеттерді шешуге дайын екенімізді дәлелдеді. Бұл арқылы машина жасау, көлік пен коммуникация, жоғарғы теxнологиялар, инновациялар, ғылым, білім және мәдениет салаларында ірі жобалар асырылады. Біз сіздің елдің диалог үшін ашық, жаңа жетістікке әзір, сенімді серіктес екендіктеріңізді көріп отырмыз. Бұл сапар жемісті жұмысқа ортақ ықыласымызды арттырып, бірлескен жаңа қадамдарға жол ашады деп үміттенеміз.
Франция ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын ресми түрде растады. Арнайы шартқа қол қойылды. Бұдан бөлек, тағы екі құжат қабылданды. Келісімдер білім беру мен ғарыш саласын қамтиды.
Франция – Қазақстанмен стратегиялық әріптестікке қол қойған кәрі құрлықтағы алғашқы мемлекет. 2008 жылы бекіді бұл келісім. Бүгін екі ел лидерлері бірлескен деклорация қабылдады. Жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытынды құжаты. Қазақ-француз ынтымағын нығайтуға қосқан үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаев Франсуа Олландқа І дәрежелі «Достық» орденін табыстады.
Ұлттық деңгейге көшкен екі елдің ынтымағы тек өрби бермек. Сапардың басты мұраты да сол. Бұрынғы уағдаластықты бекемдей түсу, серіктестіктің жаңа жолдары мен сара жолдарын айқындау. Бұл орайда қос ел лидерінің ойы да, мақсаты да жүзеге асып келеді деуге негіз бар.
http://gbpp.org/kz/2015/11/11371
