Astana Motorsports командасы «Дакар 2015» марафонын сәтті бастады
Бірінші күні Astana Motorsports командасының төрт экипажы үшін өте сәтті аяқталды. Бұл туралы Astana Motorsports командасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Дакар 2015» ралли марафонының жолына барлығы 406 қатысушы шыққан. Қазақстандық экипаждар жарыстың алғашқы күні-ақ тамаша нәтижеге қол жеткізіп, турнир кестесінде мынадай орындарды иленді: жүк көліктері категориясы бойынша әлемдегі ең мықты жүргізушілердің жиырмалығында «Дакар 2012» марафонының қола жүлдегері Артур Ардавичустың экипажы 13 орынға тұрақтады. Ал жол талғамайтын автокөліктер категориясы бойынша Айдын Рахымбаевтың экипажы 22-ші орынға көтерілді. Бауыржан Исабаев пен Денис Березовскийдің экипаждары сәйкесінше, 39-шы және 96-шы орындарға ие болды.
Жалпы, қашықтығы 800 шақырым болатын алғашқы кезеңнің 170 шақырымдық арнайы учаскесін отандастарымыз аса қиналмай бағындырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл классикалық раллиге ұқсас арнайы учаскелер көп болмақ. Онда ең басты міндет — барынша жылдам жүру.
- Жол шаңды болды. Кейбір жерлерде жолдан шығып кеткен кездеріміз болды. Тіпті бір рет жол жиегіндегі бұталардың арасына кіріп кеттік», — деді өз сөзінде «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының өкілі Айдын Рахымбаев.
Ал Бауыржан Исабаевтың айтуынша, трасса күрделі болмағанымен жарысқа қатысушылардан аса сақтықты, шыдамдылықты, ыждағаттылықты талап етті. Өйткені, жекелеген жерлерде озуға мүмкіндік болмаған соң, көліктер бірінің артынан бірі өте қысқа қашықтықта жүріп отырған.
Жарыстың басында жолдың тарлығына байланысты көліктердің бір-бірінен озуы қиын болды. Әдетте басымдық берілетін экипаждармен арақашықтық 2 минутты құрайтын. Ал бұл жерде олай болмады. Жарыс бастала салысымен көліктер бір-бірінің шаңының астында қалды. Ашық далада озуға болар еді. Ал мұнда жол өте тар болды. Оның үстіне екі жағы қораланған. Сенен де баяу кетіп бара жатқандар сені жібермейді. Өйткені, өздері де басқа біреулерге тіреліп бара жатты», — деді өз сөзінде экипаж мүшесі Владимир Демьяненко.
Шаң Денис Березовский басқарған экипажға да қиындық туғызған.
«Басып озу қиын болды. Бір-екі рет жолдан шығып та кеттік. Екіншт рет шығып кеткенде артымызда келе жатқан багги бамперімізді «жайпап» кетті. Дегенмен, ештеңе етпейді. Енді, ертең, бір ерекше кезең басталайын деп отыр. Ол 500 шақырымнан асатын арнайы учаске. Онда өзендер жиі кездеседі», — деді Д. Березовский.
Ал бүгін, қатысушылар 600 шақырымнан асатын қашықтықты басып өтеді. Жол талғамайтын көліктерге арналған арнайы учаске 518 шақырымды, ал жүк көліктеріне арналған учаске 331 шақырымды құрайды. Екінші кезеңнің жолы Вилья Карлос пен Сан-Хуан қалаларының аралығын алып жатыр.

