«Астана — Барселона» мектебінде 80 бала футболдың қыр-сырын үйренуде
«Астана-Арена» стадионында Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Кеңсе басшысы, «Назарбаев Орталығы» ММ директоры қызметін уақытша атқарушы Махмұд Қасымбеков «Астана-Барселона» балалар футболы жазғы мектебінің тәрбиенушілерімен кездесті, деп хабарлайды орталықтың баспасөз қызметі.
«Мемлекетіміздің тарапынан спортқа, оның ішінде балалар спортына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Себебі, балалар спорты біздің болашағымыз. Осы ұйымдастырылып отырған жазғы футбол лагері сіздер үшін үлкен мүмкіншілік, әрі сіздерге зор үміт артылуда. Сіздерге еліміздің футбол спортын жаңа деңгейге көтеру міндеті жүктеліп отыр. Жаңа табыстар мен сәттілік тілеймін», — деп атап өтті жазғы футбол мектебінің тәрбиеленушілерін құттықтаған М.Қасымбеков.
Сондай-ақ, кездесуге Қазақстан Футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов та қатысты. Ол Қазақстан Футбол федерациясы атынан және барлық футбол қоғамдастығы атынан Қазақстан футболының, әсіресе, балалар футболы мектебінің дамуына қолдау көрсеткен Назарбаев Орталығына алғысын білдірді.
Балаларға естелік сыйлық ретінде футбол доптары тарту етілді. Доптарға М. Қасымбековтың, Қазақстан Футбол федерациясы вице-президенті С. Байшақовтың, бапкерлер Карлес Марторель Бакес және Иван Поланко Сантьягоның қолтаңбасы қойылған.
Кездесуден соң «Қазақстан спорт технологиясы» ЖШС өкілдері мен жазғы мектеп жаттықтырушылары және Назарбаев Орталығы командасының қатысуымен жолдастық матч өтті.
Айта кетейік, жаңа жобаны Назарбаев Орталығы ұйымдастырып отыр. Еліміздің барлық аймағынан іріктелініп алынған 9-11 жас аралығындағы 80 балаға Испаниядағы FCB жаттықтыру лагерінің атқарушы директоры Карлес Марторель Бакес бастаған Еуропаның ең мықты бапкерлері футбол ойынының әдіс-тәсілдерін үйретуде.
Жоба ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясында атап көрсетілген тапсырмаларын жүзеге асырып, жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат тұтады.
Жазғы футбол дәрісі 30 маусымнан басталып 14 шілдеге дейін жалғасады. Шеберлік сағаты тегін өткізіледі.

