«Астанаға» не жетіспеді?
Биыл ғасырлық дәуірін атап өткен мәртебелі «Тур де Франс» велокөпкүндігінің де кезекті додасы аяқталды. 198 шабандоз жарыс жолына шыққан аламанда «Скай» командасының ұлыбританиялық саңлағы Крис Фрум жеңіске жетті. Ал «Астананың» даниялық тарланы Якоб Фульсанг үздік жетіліктен көрінді. Жалпы, «Тур де Франстың» биылғы додасы бізге не берді? Бұрын қалай өнер көрсеткен едік? Міне, бүгінгі тақырыбымызда осы сұрақтарға жауап беруге тырыстық.
Есімізде, 2006 жыл болатын. «Астана» велокомандасы құрылып, тұңғыш рет қазақстандық велоұжымның «Тур де Франсқа»қатысатынына бөркімізді аспанға лақтырдық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Альберто Контадор бастаған бес спортшымыз «Пуэрто ісі» атты допингтік даудың тізімінде бар болып шықты да, шабандоздардыңаздығынан «Астана» аталмыш жарыстан бас тартуға мәжбүр болды. 2007 жылғы жорығымыз да тым сәтсіз болды. Жарыс белортасынан асқанда командамыздың капитаны Александр Винокуровтың ағзасынан тыйым салынған дәрінің белгілері табылып, «Астана» тағы да көпкүндіктен шеттетілді. Өткен жылдардағы «қара дақ» 2008 жылғы жарысқа да әсер етіп, командамыз бұл жолы да көпкүндікке қатыса алмады. Тек 2009 жылдан бастап қана бүкіл «қара дақтан» тазарған «Астана» «Тур де Франс» көпкүндігіне қатысуға мүмкіндік алды. Бірден тізгінді бос жіберіп, капитанымыз Альберто Контадор жеңімпаз атанды. Сол кезде «Астананың» намысын қорғаған Лэнс Армстронг үздік үштіктен көрінді. Тағы бір майталманымыз Андреас Клоден 6-сатыға табан тіреді. Командалық есепте де «Астана» үздік шықты. Сөйтіп, 2009 жыл қазақтыңкомандасы үшін берекелі жыл болды. Келесі жылы да «Астана» капитаны Альберто Контадор алдына жан салған жоқ. Испандықтың бас грегариі болған Александр Винокуров 15-сатыға табан тіреді. 2011 жылы алдарына жеңіске жету туралы мақсат қоймаған «Астана» жекелей сында да, жалпы есепте де үздіктер қатарынан көріне алмады. Ал ұлыбританиялық Брэдли Уиггинс жеңіске жеткен былтырғы көпкүндікте «Астана» Янец Брайковичке сенім артқан. Словениялық саңлақ 9-орыннан көрінді. Командалық есепте «Астана» үздік төрттіктің қатарына енді. Міне, елордалық клубтың «Тур де Франс» додасындағы бұған дейінгі көрсеткіштері осындай. Бірде сәтсіз, бірде сәтті өнер көрсетіп, әйтеуір өз жанкүйерлерін таба білді. Ал биыл несімен мақтана алады?
Шыны керек, алғашқы аптада-ақ үш спортшысы жарыстан шығыпқалған «Астана» үшін командалық сында үздіктер қатарынан көріну өте ауыр болды. Сондықтан, тек жекелей сында, жекелей кезеңдерде ғана топ жаруды көздеп, сол үшін шабандоздар барын салды. Даниялық капитан Якоб Фульсангқа арқа сүйеп, әр турды әупірімдеп жүріп отырды. 18-кезеңде Алексей Луценко да жарыстан шығып қалып, «жығылғанға жұдырықтың» кебін киді. Бір сөзбен айтқанда, басқа командаларғақарағанда «Астананың» жағдайы мәз емес еді. Енді ше, өздеріңіз ойлапқараңыздар, басқа командаларда капитанын сегіз серкесі сүйеп жүреді. Жарыс 150 шақырымға созылса, соның әр шақырымына бөліп қойған шабандоздары бар. Ал төрт-ақ көмекшісімен қалған Якоб Фульсанг бәсекелестеріне қайдан қауқар таныта қойсын?! Рас, тістене жүріп, кейбір кезеңдерде алтылыққа, жетілікке тіпті, төрттікке ілігіп жүрді. Тоғызыншы кезеңде «күшім сарқылмай тұрғанда қамшы басайын» деді ме, бар өнерін көрсетіп, 2-орыннан көрінді. Одан арыға «Астананың» да, Фульсангтың да шамасы жетпеді.
Дегенмен, 22 команда, 198 спортшының ішінде үздік жетілікке енудің өзі де ерлік. Ең бастысы, «Астана» қандай қиыншылықтар болмасын, жеңіске ұмтылатынын дәлелдеді. Оның үстіне, клуб басшылығы да шабандоздардан міндетті түрде жеңіске жетуді талап еткен жоқ. Ал келесі жылы, шыны керек, алдымызға бұдан да зор міндеттерді қою керек секілді. Әйтпесе, отандық жанкүйерлер шынымен де «Астананың» «Тур де Франс» бәйгесіндегі жеңістеріне шөліркеп қалғаны рас.
Александр Винокуров, «Астана» велоклубының бас менеджері:
– Парижге барар жолда төрт шабандозымыздан айырылдық. Мәреге жеткенде ең аз құрам бізде болды. Дегенмен, жігіттер барын салып, Якоб Фульсангтың үздіктер қатарынан көрінуіне қолдан келген мүмкіндікті жасады. Капитанымыздың өзі де керемет тактика қолданып, үздіктермен бәсекелесе білді.
«Тур де Франс» додасының биылғы үздіктері:
Турнир жеңімпазы (сары жейде) – Кристофер Фрум (Ұлыбритания, «Скай»)
Үздік спринтер (жасыл жейде) – Петер Саган (Словакия, «Каннондейл)
Тау патшасы (қызыл ноқатты жейде) – Найро Кинтана (Колумбия, «Скай»)
Үздік жас шабандоз (ақ жейде) – Найро Кинтана (Колумбия, «Скай»)
Ең қарқынды шабандоз (күлгін қызыл жейде) – Кристоф Риблон (Франция, «АГ2Р Мундиал)
Үздік команда – «Саксо-Тинкофф» (Дания)
«Тур де Франс» турнирінен кейін Халықаралық велосипедшілер қауымдастығы велошабандоздар мен командалардың рейтингін қайта түзді. Жекелей сында Кристофер Фрум көш бастаса, Петер Саган екінші орынға ие болыпты. Ресейлік «Катюшаның» испаниялық саңлағы Хоакин Родригез үздік үштікте. Ал «Астана» сапындағы Винченцо Нибали – 7, Якоб Фульсанг – 21, Максим Иглинский 143 сатыға табан тіреген.
Командалар рейтингінде Ұлыбританияның «Скай» ұжымы үздік тұр. Испанияның «Мовистары» 2-орында болса, «Катюша» 3-сатыда. Қазақтың «Астанасы» 4-орынға жайғасқан.
Ұлттық құрама командалар рейтингінде Қазақстан 31-орында. Ал үздік үштікте – Испания, Ұлыбритания және Колумбия.
Әзиз ЖҰМАДІЛ



