Астанаға Франциядан велосипедпен 7 мың шақырым жүріп өткен спортшы келді
Бүгін «The Sun Trip» веложарысының қатысушысы Раф Ван Холь Астанаға бірінші болып жетіп, жоба жеңімпазы атанды деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отыра.
«The Sun Trip: Астана ЭКСПО-2017 бағытында» атты веложарыс 15 маусымда Францияның Савойя қаласында басталған еді. Савойядан шыққан әрбір жарысқа қатысушы Астанаға дейін жүріп өту жолын өзі таңдаған. Велошабандоздар Венеция, София, Бухарест, Одесса, Ыстамбұл. Сочи, Баку, Атырау және Ақтөбе қалаларында тоқтап өткен.
Жарыс мәресіне бірінші болып жеткен «Solar Wind» командасының өкілі Раф Ван Холь 38 күн ішінде 7 мың шақырымнан астам жерді «шайтан көлікпен» жүріп өткен.
«Еуропа жұртшылығының көпшілігі Қазақстанның қандай ел екенін және мұнда кең шалқар әсем дала бар екенін білмеген. Сол себептен мен өз көзіммен көріп, жақсы әсер алу үшін осы сапарға шықтым», — деді жарыс жеңімпазы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мәре сызығын екінші болып Франция тұрғыны Жордж Мойта кесіп өтеді деп күтілуде. Ал, қалған веложарыс қатысушылары Астанаға екі апта ішінде жетуі мүмкін. Жарыс қатысушыларының барлығын басы Астанаға жиналған соң, елордада веложарыс өткізу көзделген.








