Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ассамблеяның кімге керегі бар?

-Оу, Майра, қабағың түйіліп кетіпті ғой. Автобусқа мінгелі қарап отырмын. Кондукторды да жеп қоярдай, жаман көзбен атып отырсың,- дедім көптен көрмеген кластасыма.

-Өй, иә,-деп, қолын бір сермеп алды да, Майра әңгімесін бастады.

«Бүгін ойламаған жерден тәрбие ісі меңгерушісі келіп, «Ассамблеяның 20 жылдығы, соған сендер шықпасаңдар болмайды»,-деп бір топ мұғалімді автобусқа тиеді де, орталық алаңға алып барды. Қолымызға жалау ұстап, өткен-кеткенге қол бұлғап тұрдық, сығандар ұқсап. Телеарналардан журналистер келіп түсірді. Содан келе жатырмын шаршап-шалдығып. Сол Ассамблеяның кімге керегі бар? Бәрі көзбояушылық қой. Алатын жалақымыз мардымсыз, оның үстіне осындай түкке тұрмайтын іс-шаралармен сілекпеңді шығарады. Одан флеш моб жақсы шығар. Мемлекеттің ақшасына күнің қарағасын осы  ғой енді. Өзіңнің жеке бизнесің болмағасын»,-деп Майра ашуын тарқатып алды.

Мен үндегем жоқ. Біраз аяңдаған соң Майра көңілдене бастады. Өткен кеткен қызықтарды қозғады. «Мектепте олай едік қой иә, бұлай едік қой?»,- деп. Бір күлді, бір ойнақтады, онысымен қоймай, «әй, сен өзі қашан толығасың? Әлі баяғыңсың ғой»,-деп ішімнен бір түйгіштеп алды. Екі баласы болса да, ескі әдетін әлі қоймапты. Оның осы көңілді сәтін қалт жіберіп алмауға тырысып, сөзімді алғашқы арнаға бұрдым.

-Майра, жаңа сен «Халықтар достастығы, Ассаблеяның 20 жылдығы дегеннің не керегі бар?» деп келесің ғой. «Мемлекеттің қолына қараған күнің құрсын» деп қоясың. Соны саған айтайын. Негізі әңгіме былай ғой. Бұл жер бетінде мемлекеттілігі жоқ халықтар да бар. Мәселен...»,-дей бергенім сол еді...

-Өй, сен не мораль оқиын деп жатсың ба?,-деп кластасым сөзімді үзіп жіберді. Баяғыда мылжың едің, бүгінде «әртүрлі мылжыңдар ғылымының докторы» болып алған шығарсың,- деді де, шиқылықтап күле бастады. Өзі де еңгезердей қыз еді, тұрмысқа шыққан соң қамырша жайылып, жастардың тілімен айтқанда «апа» боп кетіпті. Толыққан сайын адамның өңешін де май баса ма білмедім, күлкісі тереңнен естіледі. Мен осыны ойлап болмайынша, ол күлкімен келген көз жасын жеңімен сүртті де, «тасташы, шал-кемпірдің әңгімесін айта бермей. Сосын саған қыз қарасын ба? Ақылгөйсініп, андақ-мұндақ»,-дей бересің деп, қайтадан шиқ-шиқ етті.

Мен сасқанымнан: «қазақта «андақ-мұндақ» деген сөз жоқ қой»,-деппін. Бірақ, мені тыңдап жатқан ол жоқ.

-Айтпақшы, өткенде отырыс жасадық. Сені шақырайық деп едік, сөйтсек сені молда боп кеткен дейді ме? «Оны шақырудың қажеті жоқ, арақ ішуге болмайды деп ызыңдайды» десіп, балалар шақырмауды ұйғарды. Ей, бұлай болмайды ғой. Ертең кластастарсыз қаласың. Жас кезіңде ішпегенді қашан ішесін? Оның үстіне доқтырлардың айтуы бойынша мұсылман бол, басқа бол күніне 50 граммнан ішіп тұру керек екен ғой,-деді айды аспаннан шығарып.

-Мәссаған, қарай гөр!,- дедім аузым ашылып.

-Микроб өлтіреді екен, ей, микроб өлтіреді екен,-деп, Майра тағы да ішімнен түйіп кеп жіберді. Маған сөйлеуге мұрша берер емес. Үсті үстіне төкпелеп жатыр.

-Сенің осы бұрын асқазаның ауыратын еді ғой. Қазір қалай өзі?-деп менің бетіме қарады. Жауап күтіп тұрған шығар деп, «қазір енді...» дей бергенім сол, қайтадан сөзін іліп әкетті. Сол асқазан деген мына арақ ішпегеннен болады екен. (Мен күлдім.) Өй, сен күлме! Мынауың есалаң екен ғой. Бос тұрмай «есалаң» деген атақ алып та үлгердік. Сол сәтте сөмкесінің ішіндегі телефоны дыңылдай бастады. Майра бір-екі ауыз ұялы телефонымен сөйлесті де, «қой мен кеттім, шұғыл боп тұр»,- деп, балпаң басып, жолдың арғы бетіне өтіп кетті. Мен артынан қарап қалыппын.

7-8 минуттың ішінде есімді тандырып, миымнан атала жасап кетті. Ойлап отырсам, біраз жылдан бері көрмеген кластаспен мәні бар әңгіме айта алмаппын. Ел туралы демей-ақ қояйын, ел туралы біліп жүргенім де шамалы ғой. Ең болмағанда оқушылары туралы, олардың білімге деген ынта ықыластары туралы да бір ауыз сөз болмапты. Жә, оны қойыңызшы. Сонымен не керек, мені кекеткені бар, нұқатқаны бар, ішімнен жұдырықтағаны бар солардың бәрі қосылып, айтар ойымды шашыратып жіберді. Енді міне оған айтам деген сөздерімді жол бойы өзіме айтып келе жатырмын. Бәлкім мен шынымен есалаң шығармын.

Ассамблея кімге керек?

Бәлкім Майраның сөзінің жаны бар шығар? Расымен «Халықтар достастығы» деген формальды сөз тіркесі шығар. Бірақ, олай дейін десем...

Осыдан екі ай бұрын жұмыс бабымен Арал ауданын бетке алдық. Бізбен бірге тапсырыс беруші мекеменің бір қызметкері жолға еріп шыққан болатын. Ұлты кәріс.

Кәріс демекші... Біздің кәрістер басқа ұлттарға қарағанда асқан ұйымшыл. Бастары тез арада жинала қояды. Ызалы жерде жүрмейді. Бірі банкте қызметкер, бірі фотосалонда фотограф, енді бірі сауда орындарында ұялы телефон, кондиционер жөндеуші болып жұмыс істейді. Бұл жарықтықтардың гендерінде электронды есептегіш құралдарға деген табиғи қабілет бар ма білмедім, әйтеуір қандай да бір техникамыз бұзыла қалса, алдарына жетіп барамыз.

Бірін айтып, біріне кеттім-ау. Жарайды. Мақтауын келістірдік. Ал енді «кәрістер бізге қайдан келді?» дегенге тоқталайын. Тарихқа үңілсеңіз, кәрістер Кеңес үкіметі тұсында Солтүстік Кореяның жоғары бөлігінде өмір сүрген орман халықтары екен. Бұлар кәріс тілі мен орыс тілін игерген халық болған соң, Сталин тікелей өз назарына алып, «тыңшы болып кетуі мүмкін» деген қауіппен 1937 жылы Қазақстанға көшіртіп жіберіпті. «Көшіртіп жіберіпті» деген жұмсақ сөз-ау. Шынтуайтында оларды еріктерінен тыс әр вагонға 5-6 отбасынан малша тиеп, жер аударып жіберген. Бұл эшелон Қазақстанға 40 күн дегенде әзер жетіпті. Ал жол азабын менің бір мақалам суреттеп бере алмас. Депортацияланған кәрістердің азабы мұнымен тоқтамай, оларды ұлт ретінде қыспаққа алу басталған. Мәселен оларға дәстүрлерін ұстануға, тұрғылықты жер таңдауға, керек десеңіз балаларына кәрісше есім беруге тиым салынған. Басқа түссе баспақшыл деген. Сонда да тағдырдың тәлкегіне сынбай, кәрістер жат жерде тіршілік қамына кіріседі.

Кәрістер келісімен, Шиелі ауданында күріш егудің жаңа әдіс-тәсілдері басталыпты. Қанша дегенмен кәрістердің бізге қарағанда күрішке деген әуестігі ерте басталған ғой.

Осы жерде тағы бір нәрсе ойыма түсіп тұр. Бала кезімізде той-томалаққа салат алуға базарға баратынбыз. Жайма базарда бірыңғай кәріс кемпірлер салаттың түр-түрін сатып отыратын. Салаттары сәбізден басталып, балықтан аяқталатын. Ал жасалу әдісін бір қазақ білсейші... Жоқ, құпия құрам! Сатушы кемпірлер өзара кәрісше қауқылдасатын. Бала болсақ та бұл сөздердің орысша емес екенін сезіп, аузымыз ашылып біз тұратынбыз. Олар бізге қазақша бір-екі ауыз сөйлеп қалатын. «Рахмет!», «Сау болыңыз» деген сияқты. Біз риза болысып, келесі жолы да дәл осы кісілерден алуға бүйрегіміз бұрып тұратын. Ол енді басқа әңгіме. Оның үстіне ол кемпірлер қазір бұл өмірде жоқ та шығар. Ал қазір көлікте келе жатқанымызға оралайын. Қызық осында боп тұр ғой.

Айтпақшы зымырап келеміз. Мақтанып қояйын, астымызды су жаңа жол талғамайтын көлік. Арал мен Қызылорда арасына төселген жаңа трасса әлі аяқтала қоймаған. Әр жерде асфальт төсеушілер кездеседі. Яғни құрылыс жүріп жатыр. Ал құрылыс бар деген сөз жергілікті халықтың нәпақасы болғаны ғой. Күнкөріс бар болса, ол еліміздің тұрақтылығынан ба? Әрине солай! Оны бір деп қойыңыз.

Қармақшы ауданына келгенімізде әлгі кәріс:

-Жігіттер қарындарың ашқан шығар, анау артта жатқан сөмкені әперіп жіберіңдерші. Ішінде шұжық бар еді. Соны нанмен қосып, бір соғып алсақ қалай болады?,-деді.

-Шұжық деймісің? Халал ма, Костя?,-дедім.

-Халал, халал! Міне, сенбесеңдер қараңдар,-деді де, Костя қысық көзін одан сайын сығырайтып,  сұқ саусағымен шұжықтағы «Халал» деген марканың жапсырмасын іздей бастады. Ақталғаны ғой, қалай қылсын енді. Үш қазақ үш жақтан алты көзбен қарап отырса.

-Иә, иә сендік, қойыңыз,-деп ду күлдік біз.

-Мен халал емес шұжықтар жемеймін,-деді Константин.

-Мұсылмандық қабылдадың ба?,-деді, бір әріптесім тосыннан сұрақ қойып.

Костя жымиды.

-Жоқ. Мен әлі ойланып жүрмін. Бірақ бір досым бар. Ұлты кәріс. Мұсылмандық қабылдады. Менің қарындасым қазаққа тұрмысқа шықты. Күйеуі намаз оқиды. Жеке көзқарасым жақсы. Күйеу балам арақ ішпесе, қарындасымды сабамаса, бізді өз туыстарынан кем көрмей хабарласып тұрса, аға үшін одан артық не бақыт бар? Көмек сұрап хабарлассам, алып ұшып жетіп келеді. Қолынан келген көмегін аяп қалған емес.

-Иә, дұрыс қой,- дестік біз. Ал ол сөзін жалғап:

-«Халал» дегеннен шығады. Бұрын мен шошқаның майын көп жейтінмін. Салат дайындайтынбыз. Жалпы бізде көп тағамдар шошқа етінен ғой өздерің білесіңдер.

Оқу бітіріп, жұмысқа орналасқан соң, бірыңғай қазақтармен араластым. Ұжым болған соң, отырыс жасаймыз. Бір күні үйге қызметтестерімді қонаққа шақырдым. Әдемілеп салаттар, басқа да тағамдар дайындадық. Дастархан деген керемет болды. Тамақ алдыруға дастарханға жайғасқан соң, қазақ жігіттер: «Костя, мынауыңда шошқа еті жоқ па, Костя ал мынада ше?»,- деген сұрақтардың астында қалдым. Расы керек, біз үшін барлық дәмді деген ас-ауқат шошқаның етінсіз болмайды ғой. Сонымен не керек дастарханның 75 пайызы желінбей қалған шығар. Сол түні мен ұяттан қысылып, ұйықтай алмадым. «Біз сонда отбасымызбен не жеп жүрміз? Барлық қызметтестерім неменеге соншама шошқа етіне сұқтанып қалды? Яғни таза емес, иә, таза емес» деген ойлар мазалады. Бұдан былай ісім осымен болсын деп, етеңіне жұмыстан келе сала, келіншегім мен анама дастархан басында шәй ішіп отырып, «шошқа етін жегеніміздің алды-арты осы болсын»,- дедім. Олар алғашқыда түсінбей қалды. Сосын кешегі болған жайттарды айттым. Сонан келіншегім: «Иә, өткенде базарға барғанымда етті фарш етейін деп еттурағышқа салуға (мясорубка) кезекке тұрғанымда, қазақтар бірінен соң бірі келіп, «анау шошқаның етін тартатыныңа біздің сиыр етін салушы болма» деп ескертіп жатыр. Сол кезде өзім де іштей қатты қысылғанмын. Сонда олар таза да, біз таза болмағанымыз ба? Жалпы біз сонда не жеп жүрміз деп ашуландым. Бірақ қазақтар жоламаса, бұнда бір сыр жатыр»,-деді. Осы кезде сөзге анам араласып: «Қазақтар қашаннан таза халық. Олар жемеген нәрсені біз де жемейміз»,-деп кесіп айтты. Сол күннен бері міне біраз жыл өтті. Қазір тек халал тағамдар жейміз.

Мұны естіп біз «бәрекелді» дестік. (Негізі «мәләдес» дегенбіз)

- Костя, «қазақ болып бара жатырмыз»,-деген қаупің жоқ па?

-Қалай сонда?

-Кәрістік түптамырдан ештеңе қалмады. Көне көздер кетті дегендей.

-Түсіндім не айтқың келіп отырғанын. Дінің жоқ, ана тілің жоқ дегің келеді ғой.

-Айтсам ауыр тиетін шығар дегенім ғой.

-Жоқ, айта бер. Мәселен мен қазақтарды жақсы көремін. Мені кәріс деп отырмысың? Иә, менің сүйегім кәріс, бірақ жаным қазақ. Осы жерде туылдым, ауасын жұттым, суын іштім, ойнадым, ер жеттім, үйлендім, балалы болдым. Бізді кәріс деуге енді әсте болмайды. Әжелеріміз екі тілде сөйледі. Жиі-жиі жиналып, туған жерлерін еске алатын. Сондайда тек қана кәріс тілі мен қазақ тілінде сөйлесетін.

-Орысша ше?

-Жоқ. Орысша сөйлеспейтін.

-Ал сіз орысша сөйлейсіз ғой. Қазақша түсінбейсіз. Кәрісше мүлдем білмейсіз.

-Кәрісше білмесем, обалым өзіме. Барлық жағдай бар үйренуге. Жұмыстан соң уақыт тапсам, осы Қызылорданың өзінде кәрісше оқытатын кісілер көп. Оның үстіне достық орталықтары бар дегендей. Ал қазақша білмеуім әрине ұят. Білмегенімнің бір артықшылығын айтайын ба сендерге?

-Оның не артықшылығы бар? (Біз ашуланайын дедік.)

-Иә, қазақша білмеймін. Өйткені маған қысым жоқ. Қазақтар тарапынан қысым жоқ. Қысымның болмауы бізде татулық бар деген сөз. Орта жастағылар демейін кеше ғана туылған жасы 10-нан енді ғана асқан нағыз тәуелсіз Қазақстанның азаматтары қазақша білмейді. Орыс ұлтын айтып отырмын сендерге. Бұл нені білдіреді? Яғни бізде өзге ұлттар мен ұлыстарға мемлекеттер тарапынан қандай да бір өшпенділік жоқ. Егер бір орыс «бізге қысым жасалып жатыр»,-десе, олар ол сөздерін дәлелдеп көрсін. Олардың, тек олардың демей-ақ қояйын, Қазақстандағы басқа да  ұлттардың ешбірі қазақ ұлты тарапынан «ұлтшылдықтың қазасына ұшырап жатырмыз»,-деулеріне кілтипан да жоқ. Иә, мен қазақша сөйлегім келді, бірақ қазақтар күлді. «Костя, сен бүйтіп қазақ тілін қор қылғанша, орысша сөйлей берші!»,-деді. Әйтпесе, менің ынтам жақсы болатын. Өздеріңнен көріңдер,-деп өкпе назы аралас сөзін айтты. Мен қазір бір ғана тіл білемін. Ол орыс тілі. Ал орыс тілінде сөйлеуім, орысқа ұқсағым келгенінен емес. Тіл бұл қатынас құралы ғана. Орыс тілі өте бай тіл. Орысқа ренжідім екен деп, орысша сөйлемей қою қисынсыз. Тілді саясатқа айналдыруға болмайды. Әжелеріміз үнемі қазақтардан көрген жақсылықтары туралы айтатын. Олардың орысша сөйлегілері келмеді. Себебі орыстардан көп қағажу көріпті. Мен сендерге тағы бір қызық айтайын. Сендер жассыңдар ғой. Біздің бала кезімізде орыстар Қызылордада патша сияқты жүретін. Өктем сөйлейтін. Байқасам әлі де солай. Бұл не деген сөз? Яғни орыстарды ешкім қудалап жатқан жоқ. Сонсоң «мұндағы орыстардың жаны Ресей орыстарымен бірге» деп кесіп айтудың қажеті жоқ. Егер кейбір қазақтар Путиннің жағына шығып, оның әрекетін дұрыс десе, екінші бір қазақ оны бұрыс деуі мүмкін. Біздегі орыстардың өзі, бір отбасында екіге жарылып жатыр. Әкесі мен қызы Путинді қолдаса, анасы мен ұлы қолдамайды. Яғни бұл айналып келгенде қазақы пікір. «Орыстық» не «кәрістік пікір» деген сөз жоқ. Қазақстан ба, ол «қазақы пікір». Мейлі сен кім болсаң ол бол. Ресейге барып бір орыс, «мен орыспын» десінші, олар оны қабылдамайды. Не «қазақ» дейді, не «қазақы орыс» дейді. Мен өзімді кәріс ретінде Кореяға барып мойындата алмаймын. Сондықтан «қазақпын» деймін.

Жылмаң еткен ой...

Мен қанша дегенмен қазақпын ғой. Іштей қуанып қалдым. Өзге ұлттар «қазақпын» деп жатса, аузыңыз қышып бара ма? «Бара-бара барлығы қазақ болып кетсе» деген жаман ой қылаң берді. Осы сәтте көлік тарс етті де, барлығымыз отырған орнымыздан бір секіріп алдық. Көлік жүргізіп келе жатқан жігіт те мен сияқты арам ойдың жетегіне еріп, басы айналып кетті ме білмедім, байқаусызда асфальттың ойық жерін ескермей қалыпты. Көліктің шайқатылуы мені де бір шайқап, сабама түсіріп қойды. Қапелімде ойым өзгеріп, «Біз қазақтар Қазақ елінің қожайыны ретінде өзге ұлттарды ұлт ретінде мойындауымыз керек. Әрі олардың дәстүрі мен тілін сыйлауымыз керек. Ағылшындарды, француздарды, керек десеңіз кешегі орыстардың өзін тәкаппарлыққа алып барған «тек қана біз бармыз, өзге ешкім жоқ» деген ой болатын. Мұның арты жақсылыққа алып бармайды» деп сайрап отыр екем. Бұл ойым енді дұрыс.

-Костя,-деді жанымдағы жігіт. «Сен олай деме. «Қазақы кәріспін» дегеніңе қосыламын. Бірақ «қазақпын» деме! Қазақтықты қызғанып отырғаным жоқ. Сен кәріссің. Сенің тілің бар, дәстүрің бар. Ал дінің туралы ештеңе демей-ақ қояйын. Сендердің даярлайтын тағамдарың қандай керемет. Пигодиларыңның өзі неге тұрады? Бала кезімізден сендердің салаттарыңды жеп өстік. Әлі де жейміз. Әрине, шошқа етінен даярланған салаттардан басқасын». Соңғы сөзге бәріміз ду күліп алдық.

Бұл сөздер Костяға жақты білем. Жүзі жадырап сала берді. «Сендер анау тағамды жеп көрдіңдер ме? Мынау тағамды жеп көрдіңдер ме?»,-деп бірнеше ұлттық тағамдарын айтып шықты. Ішін мақтаныш сезімі кернейтін сияқты. Бәлкім осы сәтте өзін бір емес үш бірдей қазақ жігіті сыйлап отырғанына қуанып отырған болар.

Бір сәтте телефон шыр ете түсті. Тұтқаны көтерсем нағашым екен.

-Ау, жиен жақындап қалдыңдар ма? Қай жерде келе жатсыңдар? Біз ет асып жатырмыз,-деді.

Бұл сәтте біз де жақындап қалған болатынбыз. Қамбаш көлін бойлай зымырап келеміз.

-Көкем жеңгеме бешбармақ жасатып жатыр екен. «Қай жерде келе жатсыңдар?»,-деп сұрап жатыр,- дедім көлік ішіндегі жолдастарыма. Айтқаным сол-ақ екен, енді біздің жігіттер мақтана жөнелді. Біздің «етке жететін не бар дейсің біз үшін?»,-десті. Осы кезде Костя да әңгімеге араласты.

-Біз қанша тырысып бақсақ та, сендер сияқты дәмді қылып жасай алмадық бешбармақты. Бешбармақ деген керемет қой. Күнде берсе де шықпайтын шығармын. Бірақ күнде ет жеуге қалта көтермейді ғой? Бірақ шүкір, жұмысым жақсы. Өзіме табысым жетеді. 70 мың айлығым бар. Қанағат. Бізге ең бастысы тыныштық қой.

-«Тыныштық»,-деп нені меңзеп келесіз?

-Жігіттер, сендерге біз онша ашыла бермейміз ғой. Бірақ бір сырымды айтайыншы.

-Айт, айт!,-десті жігіттер.

-Біз кәрістер Назарбаевты жақсы көреміз. Неге дейсіңдер ғой?

Біз:

-Неге?,-дестік.

-Бізді ешкім шеттетпесе, «елдіріңе кетіңдер, сендер кім едіңдер?» демесе, бізге одан артық не керек айтыңдаршы? Ал Назарбаев президент болып отырғанда, біздің көңіліміз тыныш. Ол барлық ұлттардың ешкімнен қағажу көрмей, өмір сүруіне жағдай жасап отыр. Сендер қазақсыңдар ғой. Ата-бабаларыңнан қалған тарихи Отандарыңда өмір сүріп жатқасын, ойлайтындарың тек  байлық. «Бұдан да керемет болсам» дей бересіңдер. Болма демеймін, болыңдар. Бірақ сендер татулықтың не екенін біз сияқты ұға алмайсыңдар. Сендер ешкімге кіріптар емессіңдер. Ешкімнің қабағына қарап жүрген жоқсыңдар. Сондықтан сендер татулықтан ақшана биік қоясыңдар. Біз «президент болсақ» деп армандамаймыз. Тек тыныш өмір сүргіміз келеді. Бұл менің ғана уайымым емес, барша кәрістің уайымы. Және тек кәрістердің ғана емес, бізде өмір сүретін барша өзге ұлттардың уайымы.

Осы кезде менің ойыма Майраның «Ассамблеяның кімге керегі бар? Бәрі көзбояушылық қой» деген сөздері түсті. Ары қарай Константиннің сөздерін ести алмадым. Терезеге көз тіккен бойы, өз ойыммен арпалысып кете бардым.

Еркебұлан ЕРЛЕН

 
0
0
1133

Осы тақырып бойынша

Ассамблеяның кімге керегі бар? - Yvision.kz