Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қасиетті жұрнақ қазаққа қаншалықты керек?

Елімізде ұлттар мен ұлыстарға, олардың ұстанатын дініне, наным-сеніміне құрметпеу қарау - басты қағидаға айналды. Алайда осындай мүмкіндікті игілікке, бір діннің екінші дінге құрмет көрсетуіне барынша пайдаланғанға не жетсін?! Алайда...
«Інжілді» білмедік, ал мұсылман қауымы үшін марқұмның денесін үйде ұзақ ұстаудың өзі жақсы емес. Тездетіп жер қойнына беру керек. Ал енді біреулердің қатқан мүрдені ғасырлап сақтайтыны таңғалатын жағдай-ақ. Тіпті кейбіреулердің «қасиетті» деп жұрнақты ел аралатып жүруі адам денесін түршіктіретіні анық.
Қазақстанда митрополиттік округтің Әулие Спиридон Тримифунтскийдің қасиетті жұрнағының Қазақстанға әкелінетіндігі туралы хабарландыру ел кезіп жүргеніне айға жуық уақыт өтті. 9 қыркүйектен 10 қыркүйекке қараған түні Алматыға Грекияның Керкир аралынан арнайы ұшақпен әулие Спиридон Тримифунтскийдің жұрнағы салынған жәшік әкелінеді. Әулиенің қасиетті жұрнағын Керкир мен Паксий митрополиті Нектарий, Керкир аралының мэрі Иоаннис Трепеклис және Керкир митрополилік дінбасы бірге алып жүрмекші.
10 қыркүйекте Алматының Вознесенск кафедралдық соборында Қазақстанның Православиелік шіркеуінің епископтары мен дін қыз­меткерлерінің қатысуымен мерекелік табыну өтеді. Қасиетті жұрнаққа табынушыларға тәулік бойы есік ашық. Әулие Спиридон Тримифунтский жұрнағы Астана мен барлық облыстарды аралап өтпек.
«ҚазРосГаз» компаниясының демеушілігімен іске асырылып жатқан рәсімнің жарнамасы жан сүйсінтеді. Ауру-сырқаудан арыласың, табысқа кенелесің, ақшаның астында қаласың, бақытқа бөленесің, т.б. Бұл адам сенетін нәрсе ме? Осы мәселе редакцияға телефон шалған азаматтарды да толғандырады екен.
Тақ та, бақ та, ақша да, басқа да адал еңбек, маңдай термен келеді. Әлдебір рәсімдер ешкімді де байлыққа белшесінен батыра қоймайтыны анық. Ең өкініштісі, күні ертең өзгелер де әлдебір жұрнақтарын елімізге әкеліп, аймақтарды аралап жүрмесіне кім кепіл? Өлі денені ел аралату әсте жақсы емес. Мұны көрген өзгелер де Қазақстанды «көрмеге» айналдырып алмасын, ағайын!

Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ

0
0
624

Осы тақырып бойынша

Қасиетті жұрнақ қазаққа қаншалықты керек? - Yvision.kz