Ғашығыма хат
ХХІ ғасырда көп дүниені бір ғана ұялы телефон алмастырды. Бүгінгі тақырыпта хат жазу, оны осы ғасырда смс немесе ұялы телефондағы whatsapp, viber, Vk деген сияқты неше түрлі социалды желілер орын басты. Оп-оңай тіл қатысасың, жазған хатың бірден барады және бірден жауап келеді бәрі көз алдыңда. Қазіргі заманда кәдімгі ақ қағазға хат жазатын адамдар жоқтың қасы. Ақ қағазға хат жазудың өзі қиямет қой. Оны мың толғанып, ойыңды жеткізу үшін қаншама сөз таңдап, жүз рет жыртып, жүз рет қайта бастап жазасың. Ғашықтық хаты болса жазуын жазып алып, беруге жүрексінесің)), егер ол адам алыста болса одан келетін жауапты айлап, апталап күтесің олда бір ғажап сезімнің бірі ғой.
Дәл осындай жүректі дірілдетіп, дүрсілдетіп бір хат жазып едім. Назар аударыңыздар!
Студенттік өмірден бір үзінді...
Ғашығыма хат
Сені ойлаумен ұйқысыз тандар атты,
Бойымда жасыра алмай махаббатты.
Қалам алып қолыма ақ параққа,
Жазамын мен өзіңе асау хатты

Мен бүгін сезімнің құзға айналған биік – биік шыңырауға құлай қараған шыңның басында тұрмын. Махаббаттың самалы есіп, жүрегім кеудеме сыймай, жиі – жиі соғып тұр. Сені көрген сайын дәл солай соғатын, бірақ бүгін ерекше соғуда. Оның да бір себебі бар ғой... Албырт сезімдерді тербеткен.
Бір өкінетіні мен сол шыңға қалай шыққанымды білмеймін және қалай түсерімді де. Ендігі не істерімді көп ойладым, құласам түбі жоқ шыңыраудан қалай шығам, ұшып кетейін десем, талапты берсе де, Құдай, қанатты бермепті. Шешімі жоқ бұл жұмбақтың жауабын сенен көрем, көрмеске амалым да жоқ.
Иә, біраз тығырыққа тіреліп те қалыпты ғой қайран басым. Ең алғаш өзіңді 1-ші курста көргенімде... буыны қатпаған жас жүректе еш қандай сезім болмады, 2-ші курстың жаңа оқу жылында нәзіктікке толы тұла бойыңды, меруерттей жарқыраған сұлу бейнеңді көріп жүрегім елжіреп, сұлулығыңның мысына шыдамай басылып мойын сұндыда қалды. Ары қарай көзсіз махаббаттың дерті бірте – бірте бос жүрген сезімімді жіпсіз тұсатты да қойды. Содан бастап әр кез өзіңді көрген сайын, тұла бойым қызып, ұялғаннан бетіме қызыл бояу түсіп, қорғасындай балқыған жүрегім... гүрсілдеп-дүрсілдеп, қағысы жиілеп көкірегімнен атылып кетуге дайын болатын.
Өзіңді ойлай – ойлай жүрегім қақ айырылар түрі бар. Ғашықтық сезім адамды тентіретіп жібереді екен, әсіресе, көктем кезінде. Соңғы айда күн сайын ойға шомып, айналаға олақ қарай бастадым. Арман, Қиял, Ой елегі менің айырылмас достарым. Қиналғанда солармен сыр шертемін, оған қоса өзіммен – өзім сөйлесетінімді қайтесін... Менікі сияқты достары бар адам жоқ шығар, сірә!
Оған қоса өздігінен шешім қабылдай алмайтын адам да жоқ болар. Бұлай айтуымның себебі өзіңсің. Өмірімдегі болып жатқан мұндай оқиғаларға үлкен нүкте қою үшін «Ақыл» мен «Жүрекке» жүгіндім. Осы екеуінің бірінің шешімін қабылдаймын. «Жүрек»- махаббаттың тұтқыны емес па, әрқашан тұтқыны болмақ, және солай қала бермек. «Жан жүрегім» жалғандағы жалғыз ұнатқан аруды қалап,
«Асау өзен сияқтанып тасыған,
Сезімімді сенен несін жасырам,
Оңашада қала берем сені ойлап,
Бір көруге шын құмартып асығам»
- деп аһ ұрады. «Ақыл» болса сабаға түсіп, асықпағанымды қалайды: «Бүкіл әлем асығады, бірінен – бірі озғысы келеді, ал мен оның жылдамдығын емес, сапалығын, нақтылығын талам етем» - дейді. Ал ендігі сезімнің шыңына шапқан екі тұлпардың бірлескен шешімін тындайық:
Екеуінің шешімі осылай болды. Алдымен өзімнің сені ұнататынымды білдірдім. Бұл жай ғана ұнату емес, дүниедегі ең асыл сезімдердің бірі-махаббат! Оны әркім әртүрлі түсінеді, менің түсінігім осы хаттың мазмұнында белгілі. Сені соңғы айда қатты ойлағаным рас.
Маған «жігітім бар»- деп айтқанда төбеме жай түскендей, не істерімді білмей қалатынмын. Бір шетінен үрейге берілмеуге тырысам. Өмірі таңғы 8- дегі сабаққа кешігем, уақыт қарамайды ғой! Бірақ, өмірден кешікпедім деп сенем!
Білемін, бір-бірімізді жаксы біле бермейміз! Ол менің кемшілігім шығар, оны түзетуге әлі кеш емес екенін айтқым келеді. Оған қоса ешбір қызды өзің сияқты ұнатпадым. Жалғыздық та менің досым болған, сені кездестіргенше!
Осының бастамасы ретінде киноға шақыруға рұқсат ет. Мен сені келіседі деп сенемін!
