Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ащы судың азабы

Ресейдің Тверь облысында ащы суға сылқыя тойып алған азамат тоғыз адамды өлтірген,-деп хабарлайды zakon.kz РИА-Новости агенттігіне сілтеме жасап.

Ұсақ-түйек шаруамен айналысып, нанын тауып жүрген мәскеулікті көршілері электрші ретінде үйіне шақырған. Кейін ол үй иелерімен бірге ащысулы дастарханға отырған. Бір мезетте, қонақтар мен электрші  арасында жанжал шығып, соңғысы ашуға мініп кетіп қалады. Біраз уақыттан кейін ол 12 миллиметрлі "Сайга" карабинімен өзін өкпелеткен жеріне қайта оралып, 8 адамды бірден атып тастайды. Тоғызыншысын өз-өзіне көр қазуға мәжбүрлеп, қазып жатқанда оны да өлтіреді.

Бұл істің анық-қанығын ашуға төсектің астына тығылып қалған 21 жастағы азаматша көмектескен. Ол жедел полицияға хабарлағандықтан, қылмыскер ізін суытпай мас күйінде ұсталған.

 

Мен бұны не үшін жазып отырмын? Құрметті оқырмандар, замандастар, жан-жағыңызға мұқият болыңыз. Өзіңіз ащы суды ауызға татып алмасаңыз да, айналаңызда психикасы шайқалған адамдар өріп жүр. Бүгінгі күні ішімдік мәселесі бүкіл әлем бойынша қатерлі дәрежені иемденген. Жағымсыз статистикаға сүйенсек, барлық тұрмыстық қылмыстардың 86%-ы алкоголь ішкеннен туындайды. Менің ойышма, бұл мәселеге шешім жоғары мінберлерден қаралуы керек. Бұл бір Сансара дөңгелегіне ұқсап кетті. Халықтың ішімдікке салынуы кейбір постсоветтік қалалар мен шалғайдағы ауылдарда жұмыс орнының қамтамасыз етілмеуі мен жалпы тұрмыс жағдайының нашарлығымен байланысты. Сонымен қатар, ішімдіктің қолжетімділігінде де кілтипан болып отыр. Бағасы басынан бұрын, ішін ашытар деңгейге дейін көтеретін болса, мүмкін қазіргі статистика біраз жақсарар ма еді.

Айта кететіні, қылмыскер өз істерінің себебін намысшылдықпен байланыстырыпты. Оның айтуынша, шақырған үйі оған: "Сен әскерде болмағансың, еркек емессің" деп өкпелеткен. Неліктен, адам сау кезінде осындай намысшыл емес? Неге ол намысты дұрыс арнаға бұрмасқа? Түсініксіз.

"Бұл Ресейде болып жатқан мәселе, Қазақстанға жетпейді" дейтіндерге айтатыным - "Өгізге туған күн бұзауға да туады". Қазіргі күні "ұят болады", "жұрт сөгеді" деген слоганның астында қазақ ауылдарында да қанша мәселе жасырылып, айтылмай жүр?! Уақытында байқалмаған дерт соңында осындай жантүршігерлік қорытындыға келуі үрейлендіреді. Барынша байқампаз, көкірегі ояу болуға тырысайықшы. Адамзат өз ақылының жемісінен жапа шегуі - заңдылық емес.

толығырақ: http://www.zakon.kz/4862063-ubivshiy-9-chelovek-strelok-iz-tveri.html

0
0
833

Осы тақырып бойынша

Ащы судың азабы - Yvision.kz