“Аш қазақ” бүгінгі ғаламтордағы қазақ тілді сайттарға тоя ма?
Бұдан бұрын өткен дөңгелек үстелге байланысты көптеген пікірлер туып отыр. Көптеген сұрақтар пайда болып жатыр және олардың әрқайсысы тиянақты жауап қажет етеді. Бұған көмек ретінде маман пікірін білу үшін, Қазақстан Интернет Қауымдастығының директоры,атақты блогер, “Аш Қазақ”, Әсет Нұрпейісовпен кездесу өткізілді.
-Тіл айналасында қалай болса да шатақ көп жүреді. Өйткені халық сөз емес, жұмыс жемісін көргісі келеді. Бұл болып жатқан пікірталасты күтуге тура келді.
-Расында қазақ тілінің тағдыры тек интернет жағынан емес, сонымен қатар қарапайым өмірде де белгісіз болып тұр. Қазақ тілінде бағдарламалар жүйесін және қарапайым офис сияқты бағдарламалар шығаруға қалай қарайсыз?
-Қазақ тілінің дамуы офис сияқты бағдарламар шығаруына көп байланысты емес, егер менің компьютерімде барлық бағдарламалар қазақ тілінде болса, ал интернетте қазақ тіліндегі материалдар аз болса, бұл тиімсіз болып шығады. Қазақ тілінің дамуы үшін интернетке күш салу керек деп ойлаймын.
-Қазіргі таңда көп адамдар қазақ тілінің жалпыға бірдей түрі жоқ, тіпті нағыз қазақ тілі жоқ, сондықтан интернетке қазақ тілінің кіргізілуінің керегі жоқ деп жар салады. Бұған қалай қарайсыз?
-Өмірде диалектілердің облыстарға сай басым болуы бұрыннан бері сақталған жайт. Бірақ, бұған қарамастан ортаға бірдей түсінікті тіл бар, бірақ оны дамыту керек. Ал интернетте шынымен тілдің бір стандарты жоқ. Бұл құбылысты тек қана уақыт түзете алады.Осындай жағдай 10 жыл бұрын рунетте де болған, бірақ уақыт өтісімен, рунет бір стандартты және контенті бай болды.
-Интернетте ең сәтті деген қазақ тілді порталдардың тізімі жарияланды. Оларды тексеріп көрсең, жаның тыншымайды: не жұмыс істемейді, не контенті жоқ, не түрі көз қуантпайды. Ал сіздің өзіңіздің кіріп жүретін сайттарыңыздың тізіміне қазақ тілді порталдардың қайсысы енеді?
-Мен ерекше ұнататын сайттар: abai.kz, oitobe.kz, kerekinfo.kz және уикипедия.
-Уикипедия және 500 млн теңге мөлшеріндегі бөлінген ақша туралы не айта аласыз?
-Уикипедияға 5 жылдың ішінде 4000 жаңа мақала енгізілді. Бұл өте баяу өсім деп ойлаймын. Бөлінген ақша қалай кеткенін түсіндіре алатын адамды білмеймін. Қазірде уикипедияның контенті Қазақ СССР энциклопедиясының көшірімдерінен тұрады. Энциклопедияның өзінің қателеріне оны көшірген кездегі қателер қапталып қосылады.
-Сіздің ойыңызша уикипедияның контентін кім толтыру керек?
-Ерікті адамдар. Жауапкершілігі мол, үлес қосқысы келе алатын, ерікті адамдар.
-Ал қазақша сайттардың көбейуіне қалай қарайсыз? Кейбір адамдардың ойынша бір-біріне ұқсас, сапасыз көп сайттардың керегі жоқ.
-Жоқ, сайттар көбейу керек. Бұл арада “джунгли заңы” өз жұмысын істейді. Бір-бірінің арасында арпалыс жүргізіп, ең соңында ерекшелері қалады. Сондықтан қалай болса да сайттарды көбейту керек.
-Әсет, осының барлығын қорытындылағанда не айта аласыз?
-Бірге жұмыс істеу керек. Ал бізде порталдардың бірігуі жоқ болған себебі: ешкім-ешкімге ақша төлемейді, сондықтан артық жұмыс істелінбейді, мысалы, неге керекинфо абай.кз ге қосылып, бірігіп жұмыс істеп, су жаңа, сапасы 2 есе артық портал ашпайды,себебі ақша саны артпайды,ешкім артық жұмыс істегісі келмейді. Әркім өзінше бөлек болып жұмыс істегеннен жұмыс сапасы артпайды.
Осы сөздермен сұхбат та аяқталды. Қалай бұрасаң да, бар нәрсе тірелетіні – ақша. Бірақ Әсет айтқандай күшіміз бірігуімізде, сондықтан ақша қақтығыстарына жол бермей, интернеттегі қазақ тілін дамытуға жол ашайық.
