Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қаржы полициясы Елбасының алкогольдің заңсыз айналымын жою туралы тапсырмасын орындауда

Қаржы полициясының қызметкерлері желтоқсанда жалған маркалар жапсырылған есепке алынбаған алкоголь өнімін ірі көлемде шығарумен айналысқан зауыт пен қолдан құю арқылы контрафактілік алкоголь дайындалған астыртын цехтың заңсыз қызметін тоқтатты.

Мәселен, республиканың барлық аумағында жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері Ақтөбе облысында түнгі уақытта акциздік бекет қызметкерлері жоқ кезде есепке алынбаған алкогольдік өнімді шығарумен айналысқан «АкРоссПищепром» ЖШС арақ-шарап зауытының заңсыз қызметінің жолын кесті.

Зауыт аумағынан және онда тұрған жүк автокөліктерінен, сондай-ақ Ақтөбе қаласының сауда нүктелерінен аталған зауытта шығарылған жалпы саны 600 мың шөлмек жалған есепке алу бақылау маркасы жапсырылған алкоголь өнімі тәркіленді.

Одан бөлек, зауыт бөлмелерінде және құю цехы бастығының үйінде 800 мыңнан астам жалған есепке алу бақылау маркасы алынды.

Оған қоса, ағымдағы жылғы 11 желтоқсанда Алматы облысының қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері белгілі қазақстандық шығарушының атын жамылып, қолдан жасалатын коньяк шығарумен айналысатын астыртын цехтың қызметін тоқтатты.

Қарасай ауданының Алғабас ауылында орналасқан бұл заңсыз цехта коньякка арналған 20 литр есенция, 11,5 мыңнан астам жалған есепке алу бақылау маркасы, қақпақшаларды жабуға, этикетка мен акциздерді желімдеуге арналған 2 аппаратты тапты.

Аталған цехта дайындалған 8 мың шөлмек контрафактілік коняк тәркіленді.

Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергелуде, нәтижесі жұртшылыққа жеткізілетін болады.

Жалпы 2013 жылы қаржы полициясы есепке алынбаған алкоголь өнімін шығарған 7 зауыттың және спирттік ішімдіктерді қолдан құюмен айналысқан 22 астыртын цехті әшкереледі.

Заңсыз айналымнан 1,7 млн. шөлмек арақ-шарап өнімі, 111 мың литр спирт және 1,2 млн. жалған есепке алу бақылау маркасы алынды.

0
0
365

Осы тақырып бойынша