Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қаржы полициясы агенттігінде 2013 жылғы 9 айдың жұмысы қорытындыланды

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) төрағасы Рашид Түсіпбеков ведомствоның жедел-тергеу бөлімшелерімен мәжіліс өткізді.

Мәжілісте қаржы полициясының ағымдағы жылдың 9 айында сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы тұру бойынша атқарған жұмысы қорытыланды, сондай-ақ 2013 жылғы 18 қазанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасымен айтылған тапсырмалардың шеңберінде басым міндеттер айқындалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жұмыс нәтижелері туралы Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды ашу және алдын алу департаментінің бастығы Марат Сексембаев сөйледі.

Ол 9 айдың қорытындысы бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жалпы санының 8,7%-ға өсуімен (1525-тен 1657-ге дейін) қатар жауапкершілікке тартылған тұлғалар санының (594-тен 785-ге дейін немесе 32%-ға) да артқандығын баяндады.

Аяқталған сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша анықталған залал сомасы 7,4 млрд.теңгені құрады, оның 6,7 млрд.теңгесі (немесе 90%) қайтарылды.

М.Сексембаев лауазымды тұлғалардың көлеңкелі экономика субъектілеріне жәрдемдесу фактілерін әшкерелеуге баса назар аударылғанын айтты.

Салық органдары қызметкерлерінің жалған кәсіпкерлік субъектілеріне қамқоршылық жасауының 11 фактісі, кеден органдары мен шекара қызметкерлерінің қатысуымен жасалған 4 экономикалық контрабанда фактісі анықталды.

Мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны 3 еседен астам артты (68-ден 255-ке дейін), олардан келтірілген залал сомасы 5,9 млрд.теңгеден асты.

Агенттіктің Төрағасы салааралық және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында бюджет қаражатын ұрлау фактілерін әшкерелеу және алдын алуға баса назар аударуды тапсырды.

Ол қаржы полициясы органдарының қызметіне шағын және орта бизнес өкілдерінің тарапынан сенімнің артқандығын атап өтті және қол астындағы қызметкерлерден одан әрі кәсіпкерлік субъектілерін бақылаушы және қадағалаушы органдардың тарапынан заңсыз араласудан қорғауды қамтамасыз етуді талап етті.

Сондай-ақ Р.Түсіпбеков сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тұрғындардың қатысу белсенділігінің артқандығын айтты.

Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдескен тұлғаларды көтермелеу ережелеріне сәйкес жыл басынан 140-тан астам азамат көтермеленді, оларға 13 млн.теңге төленді.

Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл

Қаржылық және экономикалық қылмыстарды ашу департаментінің бастығы Жанат Еламанов 9 айда анықталған қаржылық және экономикалық қылмыстардың саны 36%-ға (2793-тен 3798-ге дейін) артқанын мәлімдеді.

Мәселен, мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы саласында анықталған қылмыстардың саны 10 есеге (13-тен 136-ға дейін), жалған кәсіпкерлік бойынша 4 есеге (198-ден 771-ге дейін), қылмыстық жолмен табылған табысты заңдастыру бойынша 3 есеге  (39-дан 110-ға дейін), жалған және қасақана банкроттық бойынша 2,5 есеге (39-дан 98-ге дейін) артқан.

Ж.Еламанов заңнаманы жетілдіру бойынша жұмысқа тоқталды. Ол қаржы полициясы қызметкерлерінің кедендік заңнаманы жетілдіру бойынша, салық төлеу мәселелері, трансферттік баға қалыптастару, қаржы пирамидаларының қызметіне қарсы тұру, заңсыз ойын қызметі, заңсыз жолмен табылған табысты заңдастыру бойынша заңнаманы жетілдіруге белсенді қатысқандығын айтты.

Р.Түсіпбеков көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласындағы оң нәтижелерді атап өтіп, осы бағыттағы жұмысты, әсіресе көлемі 60% құрайтын алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымымен күресті ерекше күшейтуді тапсырды.

Оған қоса, ұлттық компаниялар мен даму институттарының қызметінде мемлекеттік ақша қаражатын ұрлау фактілерін анықтау бойынша жұмысты жандандыруды жүктеді.

Қылмыстардың профилактикасы және жолын кесу

Қаржы полициясы агенттігінің төрағасы жеке құрамға профилактикалық жұмысты одан әрі күшейтуге ерекше назар аударуға тапсырды.

Ағымдағы жылғы 9 айда қаржы полициясы органдарымен сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге бағытталған 350 профилактикалық шаралар жүргізілді.

Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы жемқорлықтың алдын-алу мақсатында мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою туралы 326 ұсыныс жіберілді, олар бойынша 264 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 127-і - жұмыстан шығарылды.

Төраға азаматтар мен мемлекет мүддесіне залала келтірместен бұрын, яғни қылмыстардың жолын алғашқы сатыларда кесудің өткен жылдан бастап қабылданған жаңа әдістері мен тәсілдері күткен нәтижелерді бере бастағанына және бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі сипатқа ие бола бастағанына тоқталды.

Мәселен, Агенттікте құрылған мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алу жоспарларын күн сайын қарап отыратын Ахуалдық орталықтың қызметі 3,2 млрд.теңге бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланудан сақтап қалды.

Оған қоса, жыл басынан бері талдау материалдарының негізінде залал көлемі 105 млрд.теңгені құраған 467 қылмыстық іс қозғалды.

Ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін және терроризм мен экстремизмді қаржыландыру фактілерін әшкерелеу

Ұзақ мерзімді жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде жылдың басынан бастап ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және олардың қызметіне қатысу фактілері бойынша 32 қылмыстық іс қозғалды.

Деструктивті қызметті қаржыландыру фактілерін әшкерелеу мақсатында экстремистік діни ағымдардың қолдаушыларына қатысты экономикалық және қаржылық қылмыс фактілері бойынша 81 қылмыстық іс, экстремистік діни ағымдардың қолдаушыларымен байланысты немесе оларға бағынышты коммерциялық ұйымдардың басшылары мен құрылтайшыларына қатысты 26 қылмыстық іс қозғалды.

Отырысты қорытындылай келе, Қаржы полициясы агенттігінің төрағасы ведомстваның қызметкерлерінен өз жұмысында азаматтар мен мемлекеттің заңды мүдделерін басшылыққа алып атқаруын талап етті.

 
0
0
490

Осы тақырып бойынша

Қаржы полициясы агенттігінде 2013 жылғы 9 айдың жұмысы қорытындыланды - Yvision.kz