Қаржы полициясы агенттігі мен Қазақстан футбол федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Ағымдағы жылғы 24 сәуірде ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) және Кәсіпқой футбол лигасы (бұдан әрі – КФЛ) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Агенттік пен КФЛ Қазақстан Республикасының аумағындағы Кәсіпқой футбол лигасымен өткізілетін футбол ойындарының немесе додалардың «алдын ала келісілуіне» және ойындардың «сатып алынуына» жол бермеуге күштерін жолдамақ.
Бүгін ынтымақтастық туралы меморандумға Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Лукин мен Кәсіпқой футбол лигасының төрағасы Михаил Гурман қол қойды.
Тараптар бұл серіктестіктің нәтижесінде ұлттық футболдағы құқық бұзушылық мәселесі шешімін тауып, келісілген ойындардың тамырына балта шабылатынына сенім білдірді. Ол үшін тараптар мұндай жайттармен өзара бірлесіп күресулері керек екені аталып өтілді. Сондай-ақ, серіктестік аясында бірлескен профилактикалық шараларды ұйымдастырып тұруға, ақпарат алмасып отыруға, осы тұрғыдағы заңдық базаны жетілдіруге, оқу семинарларын өткізіп тұруға және өздерінің құзыреттері аясында халықаралық ынтымақтастық орнатуға уағдаласты.
Атап айтсақ, Меморандумға сәйкес, «келісілген ойындар» деп мына жағдайлар аталады:
- Ойын нәтижесіне әсер ету мақсатында футболшыларды, төрешілерді, жаттықтырушыларды, командалардың жетекшілерін, команданың басқа да мүшелерін немесе кәсіби футбол матчын ұйымдастырушыларды сатып алу;
- Ойын нәтижесіне әсер ету мақсатында футболшылардың, төрешілердің, жаттықтырушылардың, жетекшілердің, команданың басқа да мүшелерінің немесе футбол матчын ұйымдастырушыларының заңсыз ақша, құнды қағаз сынды басқа да бағалы заттар алуы/ұсынуы. Сондай-ақ, осы мақсатта тараптардың басқа да қызметтерді заңсыз пайдалануы.
Меморандум қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және оның мерзімінде шек жоқ.
