Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Армения – қыпшақтардың ізі қалған жер

АСТАНА. 28 қараша. BAQ.KZ - Армян-қазақтардың өткеніне көз жіберсек, ортағасырдан бергі тарихты қайта қопаруға тура келеді. Әлемді басып-жаншуды көздеген билеушілердің шабуылына қыпшақтар мен армяндар тізе қосып, жауға қарсы тойтарыс беру үшін құрған әскери жасағына бір тоқталамыз.

XII-XIII ғасырда қазіргі Армения жеріне қыпшақтардың бір бөлігі барған. XII ғасырдың басында қыпшақтар Дешті-қыпшақ даласында моңғол шапқыншылығына қарсы шайқасқан. Моңғолдардың шабуылына қарсы тойтарыс беру үшін 40 мыңға жуық қыпшақ Қап тауының күнгейіне дейін шегініп, Солтүстік Иран жеріне жақын аймақты мекендеген. Грузин, армян жасақтарымен қосылып, Шыңғыс хан әскеріне қарсы тұруды көздеді. Бірақ, моңғолдар дегеніне жетіп, қыпшақтар грузиндер мен армяндармен бірлесіп, салық төлеуге мәжбүр болды. Соғыстың салқыны басылған соң, Қап тауына қоныс аударған 40 мың қыпшақ армян жерінде қала беруге тырысады. Жауға қарсы тізе қосып, қиын заманда қол ұшын берген қыпшақтарға Айастаннан (Армения жерін бір кездері осылай атаған) ауқымды жер берген екен.


Қыпшақтар мекендеген жерде жақында болып қайттық. Әлі күнге дейін орны сақталған. Тіпті, сонда тұратын елді-мекенді «Қыпшақ» деп атайды екен. Ал, «Қыпшақ» елді-мекенінің тұрғындары қазақтар екен. Сол аймақта ағып жатқан өзеннің атауы да Қазақ. Орта ғасырда көз жұмған қыпшақтарды өз салтымен көмген екен. Зираттары әлі күнге дейін сақталған. Абыройлы, сыйлы, есімін ел білетін қыпшақтарды көмгенде зиратының басына арғымақтың бейнесін тасқа қашап қоятын болған. Ал, нәресте шетінеген жағдайда, зиратының басына бесікті бедерлеп салып отырған. Таста бейнеленген бесіктердің қазіргі қазақтар қолданып жүрген бесіктерден айырмашылығы жоқ. Сондай-ақ, армяндардың арасында қазақ есімдері де жиі кездеседі. Мысалы, Берік, Қарабала секілді ныспыдағы армян ұлтының өкілдерін іздеген адам табады.


«Қыпшақ» елді-мекенінде тұратындардың айтуынша, дүниеге нәресте келсе, оның құйымшағында қара дақ болады екен. Бұл дегеніңіз көшпенділерге, яки қазақтарға тән белгі емес пе? Олардың ойынша, ауып барған 40 мың қыпшақ XIIІ ғасырдағы қиын сәтте талан-таражға ұшырап, жергілікті ұлтпен бірге ассимилияцияға түсіп кеткен. XVII ғасырда олардың бір бөлігі армяндармен бірге қазіргі Львов ауданына қарай қоныс тепкен.


Армян-қазақ арасындағы байланыс сонау ертеден басталатындығын айтып өттік. Сондықтан, екі ел арасындағы тарихи-мәдени байланыс орнатып, Армениядағы қазақтармен қатынасты нығайтуға мүмкіндік көп. Осыдан екі жыл бұрын Евразия университеті Ереван мемлекеттік университетінің базасында Қазақ тілі мен мәдениеті орталығын ашты. Біздің студенттер, магистранттар, докторанттар, оқытушылар арнайы барып, қыпшақ-қазақ тілінде дәріс өтті.


Біздің магистрантар Арменияға баруға асығып тұрады. Себебі, онда ортағасырлық қолжазбалар сақталған Матенадаран институты бар. Сондықтан, Армения мен Қазақстан арасында мемлекетаралық, сондай-ақ, этникалық байланысты күшейтуге негіз бар.

 

Зиябек Қабылдинов, 
«Еуразия» ғылыми-зерттеу 
орталығының директоры, 
профессор

 
0
0
1539

Осы тақырып бойынша

Армения – қыпшақтардың ізі қалған жер - Yvision.kz