Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Арманыма асығамын»

Журналистика - мен үшін теңдесі жоқ мамандық. Менің журналистикаға құштарлығым шешендік өнер үйірмесінен бастау алды. Бала кезімнен теледидардағы журналистерді көріп, қатты сүйсінетінмін. Шешендік өнер үйірмесінің арқасында камера алдында сөйлеуді, жаңалық оқуды үйрендім. Шеберлік сағатын жүргізген өз ісінің үздігі Милина Вавулиди өзінің білімділігімен, тапқырлығымен, кәсіби сауаттылығымен маған ерекше әсер қалдырды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Зарқымова  сабақ барысында табандылығымды және өз ойымды еркін білдіргенімді бағалап, журналист мамандығын таңдауыма кеңес беріп,  пән олимпиадасына қатысуды ұсынды.

Олипиаданың басты талабы - ұлттық құндылықтарға негізделген жоба дайындау. Төрешілер шығармашылық көзқарасымды ерекше атап өтіп, 2- орынға ие болдым. Жобаның мазмұнына сай ұлттық салт-дәстүрлерімізді  қазіргі кезеңдегі қолданыс аясымен салыстырып, оның тарихи маңыздылығын баяндадым.

Көгілдір экранның тарихына көз жүгіртсек, көпшіліктің көзайымына айналған танымал тележурналист Бейсен Құранбекті халыққа жақындатқан «Айтуға оңай» және «Қарекет» бағдарламалары екеніне көз жеткіземіз. Бейсен Құранбектің сөйлеу мәдениеті, адам факторын жоғары қойып, кез-келген адамның жан-дүниесіне үңіліп, басына түскен ауыртпашылықтарын экранда бөлісе білді. Өзінің жүргізген бағдарламаларының бірінде: «Біз араласпасақ, біз күреспесек, адам тағдыры не болады?» деп тебіренген еді. Еліміздің өркендеуі жастардың қолында десек, Бейсен Құранбек жас ұрпақты алға жетелеп, еліміздің өркенлеуінде зор үлес қосты. Сол үшін де  Бейсен Құранбек рухы биік, елінің ертеңгі қамын ойлаған  батыл журналистің бірі ретінде менің жүрек түкпірімнен орын алды.

Әлеуметтік желі - ақпарат көзі. Жұлдыз Әбділда мені  өзінің әлеуметтік желіде жарияланған сұхбаттарындағы даналығымен, қайсарлығымен тамсандырды.

“Жас Алаш “газетіндегі өткір мақалаларымен халықтың есінде қалған Жұлдыз Әбділда қазіргі таңда медиатренер, «Практикалық журналистика» оқу құралы авторларының бірі. Жұлдыз Әбділданың  «Қателік» бағдарламасына берген сұхбатындағы: “Қатыгездікті ақтау дұрыс емес, оның көбейіп, қалыпты жағдайға айналып кетуі мүмкін” деп айтқан сөзі  көкейімде сақталып қалды. Жұлдыз Әбділдаға ұқсап сұхбат алуды мақсат тұттым. Шешендік өнер үйірмесінің кешінде мен үшін алғаш рет сұхбат алудың сәті түсті. Бұл сұхбат болашақ мамандығыма жасаған алғашқы қадамым болды. Тележурналисттер секілді қолыма микрофонды алып, сұхбат алуға кірістім. Жасөспірімдермен сұхбат барысынды логикалық сұрақтар қойдым. Бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің пікірін тыңдап, журналистикаға деген қызығушылығымды арта түсті.

”Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды” деп Әлихан Бөкейханов айтқандай, журналистика саласында екінің бірі жеңіске жете бермейді, тек өзінің күшіне сене білетін журналист қана жеңіске қол жеткізеді.

“Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт - оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі - тұман” деп Міржақып Дулатұлы айтқандай, қазіргі таңда журналистер барлығынан хабардар, дүниетанымы кең, жан-жақты сауатты маман болуы тиіс.

Бір сөзбен айтқанда,  көреген, білгір журналист болу үшін көп оқып, көп ізденіп, әрбір дүниеңді жан-жақты зерттеп, зерделеп, ақ-қарасын ажыратып, дәлелдеп,  дәйектеп жазу қажет. Өйткені, айтылған сөз – атылған оқ.  Мейлі ол газет бетіндегі мақала болсын, мейлі ол көгілдір экрандағы сюжет болсын, немесе радиодағы хабар, я болмаса, сайттағы жарияланым болсын әрбір сөзі үшін автор жауап береді. Сондықтан да журналистің жұмысындағы жауапкершілік шаш етектен.

Иә, журналистің қызметі ешқашан бір айтқанын айтпайтындығымен, тікелей басы-қасында болатын оқиғалардың қайталанбайтындығымен қызық және әрдайым әлі не болатыны белгісіз құпия құбылыстарымен ғажап, әрі тылсым. Сол үшін де мен журналистика мамандығын жан-тәніммен жақсы көремін. Болашақта өз көрген-білгендерімді, көкейге түйгендерімді бөлісіп, халықтың жүрегінен жол табар журналистің бірі болғым келеді.

Жамбулова   Айым

Алматы қаласы

№40 ЖББМ.

11"Ә"сынып оқушысы Шығармашылық жетекшісі: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

Әбдіжәділқызы Жидегүл

0
0
427

Осы тақырып бойынша