Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Армандар орындалады... Тек тілегенде дұрыстап ойлан...

Бала кезімнен жалғыз өмір сүруді қалайтынмын. Жеке бөлмем болса екен, қонақтар келе бермесе екен, өз бетіммен қалып, кітап оқып, теледидар қарасам деген сияқты армандар болатын. Бұл балалық шақтың тілектері еді. Студент болдым. Тағы да бір бөлмелі пәтер, одан кейін төрт адамға арналған жатақхана, қайтадан бір бөлмелі пәтерде бірнеше адам.

Шет елге шығып,  міне аңсаған жалғыздыққа қол жеткіздім. Тек өзіме арналған бөлме, есікті қағып және тек менің рұқсатыммен ғана кіретін кеңістік. Өз қалауыммен орналасқан жиһаз, уақыт та өзіңдікі. Кенеттен келе қалатын қонақ та жоқ.

Осының бәріне қол жеткізіп барып қана түсінгенім, көпшілікпен мен бақыттырақ едім. Өзімнің адам екенімді сезетінмін.

Бұл жене кеңістік тым көп мен үшін, дәл қазір. Ойларыммен есімнен тана жаздаймын. Оған қоса күннің көзі сирек көрінеді. Аспанда шырмалған сұр бұлттардан одан сайын депрессияға түсудемін. Тек қарбалас жұмыс қана бір сәтке жалғыздықтан құтылуға көмектесетіндей.

Айына бір, кейде екі рет жаңа достарыңмен кездесесің. Жай ғана кездесу үшін ай бұрын бос уақыт тауып, келісіп аласың. Кездейсоқ кеттік деген әңгіме жүрмейді бұл жақта. Жағым ауырып қалады ондай кездері, көптен сөйлемей, күлмегендіктен бет бұлшық еттері қозғалыссыз қалып, жаттығудан кейінгідей ауырлықты сезінесің.

Алыстағы достарыңмен сөйлесейін десең менің босаған уақытымда олар ұйықтап қалады. Ал интернет кеңістігіндегі хат алмасулар көзбе көз кездесуді алмастыра алмайды.

Менің орнымда болуды армандайтындар қаншама, армандасын әрине. Өзіме жоқ жерден проблема жасамай барыңды бағала деймін есіме салып. Бұл да өтеді. Еліме қайтып ораламын Алла қаласа, бұл жалғыздықты да бәлкім әлі де аңсармын... Әзірге тек есімнен адаспай, тағы не істесем екен, не үйреніп қалсам екен қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып дегенмен қиялдап бос уақытымды өткізудемін...

0
0
866

Осы тақырып бойынша

Армандар орындалады... Тек тілегенде дұрыстап ойлан... - Yvision.kz