Қарлығаш АББАСОВА: Сахна салғырттықты көтермейді

Дәстүрлі әнші. Қазақ Ұлттық өнер университетінің магистранты. Республикалық, халықаралық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы. Мағжан Жұмабаев атындағы «Қазақ Елі, бір ауыз сөзім саған!» фестивалінің 2011 жылғы жүлдегері
«Жаңарған қоғамға – жаңа талғам керек»... Көпшілігіміз қоғам, заман өзгерді деп кінәні аударып салып жатамыз. Яғни, адам өзгерді. Ал адамның өзгеруі – эволюция заңы.
Өмір – қас пен көздің арасы. Сол себепті, Алланың берген өнерін болашақта игілікке жұмсаймын деп үміттенемін.
Дәстүрлі әншінің дарыны эстрадалыққа қарағанда артықтау деп бөле- жару – үлкен қателік. Әрине, айқайлағанның бәрі әнші емес. Мұң мен қуанышты ән арқылы жеткізіп, жұрттың жан-дүниесіне ене білу қажет. Сонда ғана жүректен себезгілеген сәуле жүрекке жетеді.
Ақыл айтудан қашамын. Өз пікірімді білдіру ғана жөн деп санаймын. Әсіре қызыл сөзбен емес, ұғынықты тілмен жеткізуге тырысамын.
Анам ән айтқанды жақсы көреді, ақындық қабілеті бар. Кішкентайымнан қолымнан жетектеп, саз үйірмесіне апарды. Мектепте жүргенімде ән үйреткен ұстазым – Кенжегүл Данилқызы. Әкем 1994 жылы «Әнші балапан» байқауының бас жүлдесін жеңіп алғанымда қатты қуанып еді. Бір жылдан соң дүние салды. Әке үмітін ақтасам, бақыт дегенім сол шығар, сірә. Ең алғаш қолыма қазағымның қара домбырасын ұстатып, дауыс диапазонымды қойған – Ербол Сарин. Жезтаңдай әнші Қайрат Байбосыновтың шәкіртімін. Көптің бірі болып қалмас үшін дәстүрлі ән өнерін жетік меңгерген аға буын өкілдерін көбірек үлгі тұтамын.
«Қара пиардың өзі пиар» деген Батыстың басжұтар бақастығы бізге де келді. Қазір өнер иелері басын дауға салып, жақсысын жауға салып болса да атын шығаратын боп жүр. Қазақтың «Атың шықпаса, жер өрте» деген сөзінің нақ ұсқыны бұл.
Сахна салғырттықты көтермейді. Кейбір әншілер даусына сеніп, сахнаға күнделікті киімімен шығып кете береді. Тым тұрпайы. Көрермен де көркемдікті көргісі келеді деп ойлаймын. Сахнаға киіп шығатын төрт түрлі қазақы көйлегім бар. Әшекейді, аяқ киімді соған сәйкестендіріп таңдаймын. Күнделікті өмірде киетінім джинсы, кеудеше, тағысын тағылар. Талғаммен киіну әншінің әдемілікке құштарлығын танытады. Халықтың алдында жүрген соң, бәрі үйлесімді болуы керек.
Әйел өзін күтуді ұмытса бітті, назардан тыс қала бастайды. «Сұлулық – әйелдің бақыты, қадіріне жетпесе – соры» деген Толстойдың сөзі рас-ау. Меніңше, диета ұстаған дұрыс. Егер бой-бітімі қажетсінсе...
Бала кезімде алғаш рет Елбасыны көрген сәттегі сезімімді айтып жеткізе алмаймын. 1996 жылы үш ұл мен екі қызды таңдап, облысымызға келген Елбасын әуежайдағы траптан күтіп алуға алып шықты. Өлеңдерімді оқып бергенімде, Сара апайымыз бетімнен сүйіп, әдемі қуыршақ сыйлаған еді. Осы кезден бастап өнерге деген құштарлығым арифметикалық прогрессияда артты.
«Төлқұжат» әнім – «Айдын шалқар көлім-ай!». Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған Жоламан Тұрсынбаевтың әні. Осы ән өнерде жолымды ашты.
Сахнадан құшақ-құшақ гүл, құшақ-құшақ қуаныш алып үйіңе келгенде, қарапайым әйелдің қалпына түсе қойып, күйбең тіршілікке кірісіп кету оңай емес. Бірақ Аллаға мың шүкір. Ошақтың басын ұстап, берекенің бастауы болып отырған сүйікті жармын, анамын. Ақнұр деген қызым бар. Наурызда бір жасқа толды. Анам – ақылшым, қолқанатым. Отбасында екі ұл, бес қызбыз. Ал мен үйімнің еркесімін, кенжесімін.
Шоу бизнес пен той бизнес қатар ұғым. Сенің даусыңды естігісі келетін тойшы қауым шақырып жатса, неге бармасқа? Шетелдің әншілерінде де бар үрдіс ол.
Бізде қазір «композиторлар кризисі» жайлап тұр. Ақындардың керемет өлеңдеріне келістіріп ән жазатын композитор аздау. Содан кейін синтезатордан шыққан құрамалы әуенге қолдан сөз жаздыртамыз. Мен де кейде солай етуге мәжбүрмін. Шабыттан шықпаған дүние шала, ғұмыры қысқа болатыны сондықтан.
Қарапайыммын. Мені әлі «жұлдыз ауруы» меңдей қойған жоқ. Айналып келгенде, ол да кез келгенге жұғатын дерт емес. Халықтың қошеметін көрместен сахнадан ығысып қалып жатқан өнерпаздар да бар ғой.
Адамның басын сұмдық ойлар шырмайды. Позитивизммен қарсы жүзем. Кейде көп қиялдап, бас арашалаймын өмірдің ұсақ түйткілінен. Өнерімді бағалайтын жандар көбейе түссе деймін.
Сұхбаттасқан - Салтанат Сүгір
