«Арландардың» алдынан кім шығады?
28.09.12.![]() Дүниежүзілік бокс сериясы (WSB) додасында сынға түсетін «Астана арландары» клубы биылғы маусымның топтық турнирінде кімдермен күш сынасатыны белгілі болды. Жеребе тарту рәсімі Швейцарияның Лозанна қаласында өтті. Айтулы жобаға қатысушы 12 команда алты-алтыдан екі топқа бөлінді. «Астана арландары» «В» тобында өнер көрсетеді. Қарсыластарымыз - «Milano Thunder» (Италия), «USA» (АҚШ), «Great Britain» (Ұлыбритания) және «Germany Eagles» (Германия). Бұлардың арасындағы ең белдісі «Milano Thunder» клубы екені даусыз. WSB додасының 2011-2012 жылғы маусымда Аппенин түбегінің түлектері жеңімпаз атанған болатын. Десек те, өзге командаларды да осал деп айтуға болмайды. Олардың дені өз құрамына бірқатар мықты деген былғары қолғап шеберлерін қабылдап, жүлделі орындар үшін таласуға бел буып отыр. «А» тобында «Dynamo Moscow» (Ресей), «India Fighters» (Үндістан), «Argentina Condors» (Аргентина), «Mexico Guerreros» (Мексика), «Baku Fires» (Әзірбайжан) және «Hussars Poland» (Польша) клубтары шеберлік байқасады. Сондай-ақ осы шара барысында аталмыш жарысқа қатысатын командалар өз қатарын бірқатар боксшылармен толықтыру мүмкіндігіне ие болды. «Астана арландарының» құрамына ирландиялық Тайрон Маккьюла (54 келі) мен Эрик Донован (61 келі), эстониялық Эйнар Карлсон мен ирандық Эхсан Роузбахани (81 келі) және румыниялық Михай Нистор (+91 келі) сынды шеберлер қабылданды. |

