Қаратау тақсіреті
Заманында басыңнан көш ағылған,
Қаратауым, мұңлы әлі неше әнің бар?
Таңдандырып барады бойыңдағы,-
Қорғандарға айналған бос ауылдар.
Шөккен сонша обасы, моласы көп,
Сүйектерге шашылған қарашы кеп.
Үңгірлерің үрейді туғызады,
Жасырғаны, білмеймін, не қасірет.
Ақ тақияң қайда екен, тұрар қардан,
Аңың қайда, құлатар қыран жардан?
Әжімденген келбетің ойландырды,
Тұрушы еді биіктер шынарлардан.
Әзір өлмес, баба-тау, сертіңдесің,
Талай дәуір көшсе де кертілмесің.
Тастарыңа қарасақ таңбаланған,
Өткеніңнен тарихың шертуде сыр.
Қиял қуып, келе ме сөз бастағым,
Құзар шыңнан етекке көз тастадым...
Елестеттім, бас кесер жауларыңның,
Тастап кетіп жатқанын өз бастарын.
Елестеттім. Бейбіт ел тұрғындарын,
Батырларын, ерлікті ту қылғанын.
Алдынғы өмірде осында сүргендейін,
Есіме сап, өткеннің тұрмын бәрін.
Есіме сап, өткеннің тұрмын бәрін,
Бір шайырдың қыздарды жыр қылғанын.
Естіп тұрмын сол кезгі жыландайын,
Иреленген өзендер сыңғырларын.
Сол дәуірге кеткендей қайта айналып,
Түсім емес, өңім-ау, байқайм анық.
Желің соғып оятты, қарт Қаратау,
Шыңда тұрған тәнімді шайқай қалып.
Ұмыттырмас белгілер заманды өткен,
Қаратауым, көп еді обаң неткен.
Тастарыңның таңбасы өшпесінші,
Тарих болып бүгінге аман жеткен.
Дәурен АЙМАНБЕТОВ

