Қарағанды облысында 12 жүк көлігінің заңсыз жолмен әкелінгені анықталды
Хабар (ТВ): 01.02.2014
Қарағанды облысында жедел іздестіру шаралары барысында жалпы құны 43 млн теңгеден астам қаражатқа Volvo және DAF маркалы 12 дана жүк көлігінің заңсыз әкілінгені анықталды.
Тексерістер барысында жүк көліктерінің тіркеуі тұрғылықты мекенжайы жоқ 58 жастағы азаматтың атынан іске асырылған. Сондай-ақ, автокөлік құралдары Абай ауданы ішкі істер басқармасының тіркеу-емтихан жұмысы бөлімінде Кедендік одақ елдері құжаттарының негізінде тіркелген. Алайда, автокөліктердің кедендік рәсімдеуі Қазақстанда да, Ресей мен Беларусьте де жүзеге асырылмағандығы анықталды. Осылайша, мемлекет қазынасы 100 млн теңгеге шығынға батты. Аталмыш фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, облыстық прокуратураға жөнелтілді. Ал, Абай аудандық ішкі істер басқармасының лауазымды тұлғалары қылмысқа қатысы бар деген күдікпен тергеуге алынып, олардың істері қаржы полициясына жолданды.
Владимир Якунин, Қарағанды облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің экономикалық контрабандамен күрес бөлімінің бастығы:
- Тәркіленген жүк көліктерін тіркеу барысында автотранспорттардың бұрынғы тіркелген мекенжайынан ақпараттар алынбауына байналысты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауы орындалмаған. Сонымен қатар, Абай аудандық пошта басқармасынан алынған мәліметтерге сүйенсек, кедендік одақ елдерінен аудандық ішкі істер бөліміне ешқандай халықаралық хат келіп түспегендігі анықталды.
