Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қарағанды обл. филиалының мүшелері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды таңдады.

Конференция барысында «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалының мүшелері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды таңдады. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттығына 63 адам партиялық тізімге енгізілді. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, шағын және орта бизнес өкілдері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт индустриясының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар.

Конференция санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң түрде сақтай отырып өткізілді. Делегаттар түрлі залда болды, олардың арасында онлайн байланыс ұйымдастырылды.

Партияның облыстық филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбек атап өткендей, облыста праймериздің бірінші кезеңі сәтті аяқталды, сонымен бірге, 857 үміткер тіркелді. Барлығы 1300-ден астам түрлі іс-шаралар, 116 дебаттар өткізіліп, 54 мыңға жуық адамды қамтылды. Онлайн дауыс беруге 50 мың партия мүшелері қатысты. Қатысушылардың 61%-ы өзін-өзі ұсынғандар, 39%-ы бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, 32%-ы әйелдер, 26%-ы 35 жасқа дейінгі жастар.

Конференция делегаттары «Nur Otan» партиясының аймақтық сайлау бағдарламасын мақұлдады. Оның негізі Елбасының бес институционалдық реформасы, Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы және Қарағанды облысының даму бағдарламасына негізделді. Бағдарламаны талқылау қорытындысы бойынша тұрғындардан 1553 талап-тілектер келіп түсті, олар мұқият зерттеліп, пысықталды. Бағдарламаны әзірлеу барысында аймақтың ерекшеліктері ескеріліп, ең өзекті проблемалар анықталып, оларды шешу жолдары айқындалды.

Конференция барысында Мәжілістегі партиялық тізімге үміткерлер арасында да пікірталастар өтті. Бірінші турда қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізгі тезистерін ұсынды, екіншісінде «сұрақ-жауап» форматында дискуссиялық сессия өтті. Атап айтқанда, үміткер Гүлнара Бижанова бірқатар маңызды мәселелерді көтерді, соның ішінде қала мен ауыл арасындағы сандық теңсіздікті жою, медициналық кадрларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін шешу, дәрігерлер мәртебесін заңнамалық тұрғыдан арттыру, «Ауыл-Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, жемқорлыққа қарсы тұру, қоршаған ортаны қорғау. Ол, сондай-ақ, «Салауатты және қауіпсіз балалық шақ» жобасына ұлттық мәртебе беруді қолдап, Қарағанды облысында пилоттық бағдарламаны жүзеге асыруды ұсынды.

- Менің мақсатым - «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын барынша толық жүзеге асыру, - деп сендірді Гүлнара Бижанова.

Мәжілістің қазіргі депутаты ретінде Гүлнара Қадіржанқызы Қазақстан Республикасының Парламентінде атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Заң шығару қызметінде оның белсенді қатысуымен агенттік жалдамалы еңбекті реттеу, қалдықтарды энергетикалық жолмен жою мәселесін реттеу, осы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру, сондай-ақ зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіруге байланысты үш бастамашылық заң жобасы әзірленді. Сонымен қатар, ол бес заң жобасы бойынша жұмыс топтарының жетекшісі. Жалпы VI сайланған Мәжіліс депутаты ретінде жұмыс атқару барысында оның бастамасымен 711 түзету қабылданды.

Үміткер Берік Әбдіғалиұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыру туралы айтты.

- Біз алдымен мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және олардың орындалуындағы жауапкершілікке деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керек. Сонымен қатар, барлық мәселелер басқару механизмінің тиімділігімен байланысты, - деді Ұлытау ауданының әкімі.

Партиялық конференцияның қорытындысы бойынша ең көп дауысты Гүлнәр Бижанова, Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, белгілі филолог Әлтай Аманжол Дүйсенбайұлы, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Юлия Бадина, «Nova Цинк» ЖШС бас директоры Асан Сүйіндік, сонымен қатар, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин иеленді.

Сол күні «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезіне делегаттар сайланды, квота бойынша біздің облыстың атынан 30 адам қатысады.

1
0
287

Осы тақырып бойынша

Қарағанды обл. филиалының мүшелері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды таңдады. - Yvision.kz