Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қара алтынға бай қара нәсілді ел

Жүгіргенде желаяқ, бүкіл денесімен би билейтін, бұйра шашты, қап-қара негрлерді көз алдымызға елестетсек, ойымызға Африка құрлығы оралатыны бар. Ал, сол қара құрлықтағы қара алтынға бай мемлекет, ол – Нигерия. Астанасы – Абуджа қаласы.  Жыл он екі ай шілденің шыжыған ыстығындай аптапқа шыдамдылығымен ерекшеленетін Нигериядағы іргелі этникалық топтарға йоруба, хауса, игбо жатады. Ондағы халық саны – 140 миллион 3 мың 542 адам. Діни нанымдары бойынша халықтың 50 пайызға жуығы Ислам дініне сенім артса, 30 пайызға жуығы христиан дініне мойын бұрған. Халықтың қалған бөлігі дәстүрлі діндерін ұстанады. Мемлекеттік тілі – ағылшын тілі, ал ұлттық валюта атауы – найра.

Британ отары болып саналатын Нигерия 1947 жылы өзін-өзі басқару құқығын алды. Британ аймақтандыру саясаты елде өңірлік-этникалық саяси партиялардың құрылуына себеп болды. Ел Конституциясы 1954 жылы аймақтардың ұстанымын күшейтті. Дәл осы Конституция елдің ең негізгі құжаты болып табылды, соған сәйкес 1960 жылдың 1 қазанында Нигерия өз тәуелсіздігін жарияласа, 1963 жылы республика ретінде танылды.

Ел аумағы 36 штатқа және бір астаналық федералдық аймаққа бөлінген. Бұлар өз кезегінде 774 жергілікті өзін-өзі басқару аймақтарына бөлінген. Бұлайша бас-басына би болып бөлінудің негізгі себебі халықтың ұлттық құрамының күрделілігімен түсіндіріледі. Елдің ең ірі қалаларына Лагос, Кано, Ибадан, Кадуна, Порт-Харкорт және Бенин-Сити жатады. Олардың ішіндегі ең ірісі Лагос болып есептеледі. Онда 10 миллионнан астам халық тұрады.

2007 жылы президенттік таққа Умару Яр-Адуа отырды. Елде Президент мемлекет басшысы және Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы болып саналады. Халық Президентті жалпыға ортақ құпия дауыс беру арқылы 4 жылға сайлайды және ол екі реттен артық сайлауға түсе алмайды.

 

Нигерия Африкадағы мұнайға бай мемлекеттер қатарына жатады. Мұнда алғашқы мұнай осыдан 1 ғасырдан астам уақыт бұрын, яғни 1901 жылы табылған. Ал мұнай кеніштеріндегі өндіріс 1956 жылы басталған.

Нигерия Батыс Еуропаға мұнай экспорттайтын бірден-бір ел болып табылады және АҚШ-қа шикі мұнай жеткізуден әлемде бесінші орын алады. 2004 жылдың маусымында АҚШ-қа тасымалданатын нигериялық мұнай көлемі күніне 1,2 миллион баррелге жетті. Бұл Американың шикі мұнай импортының 9,3 пайызын құрайды.

1971 жылдан бастап Нигерия ОПЕК-ке мүше. Қазіргі таңда Нигерия мұнай экспорттаудан әлемде  7 орынға ие.   Нигерия күн сайын шамамен 572 мың баррель мұнай өнімдерін өндіреді, оның 67 мың баррелге жуығы экспортқа шығады.

Деректерге сүйенсек, елдегі барланған мұнай қоры 25 миллиард баррелден 35 миллиард баррелге дейінгі мөлшерде деп бағаланады. Өндірілетін қара алтынның 65 пайызы аз мөлшерде күкірті бар мұнайдың жеңіл сұрыптары болса, экспортқа шығатын негізгі сұрыптарына Bonny және Forcados жатады. Нигерияда мұнай өндірумен аты әлемге әйгілі Exxon Mobil, Chevron Texaco, Conoco Phillips, Eni, Total трансұлттық корпорациялар мен Нигерия Ұлттық мұнай компаниялары айналысады. Мұнай секторы Нигерия ішкі жалпы өнімінің 20 пайызын, экспорттық кірісінің 95 пайызын және бюджет түсімінің 80 пайызын қамтамасыз етеді. 2003 жылы мұнай өндіруден түскен таза пайда шамамен 22 миллиард АҚШ долларын құрады.

Дей тұрғанмен, Нигерияда кедейшіліктен жүдеп-жадаған халық жетерлік. Елдің ең шалғай ауылдарында жұмыссыздық белең алған. Нигерияда әлі күнге құл базарлары бар. Мұндай күйге түсуге елдегі сауатсыздықтың жойылмауы себеп болып отыр. Бір сорақысы, мұндағы қара нәсілді халықтың арасында СПИД ауруына шалдыққандар көп. Қызуқанды негрлер жеке бас гигиенасын сақтамайтын болса керек.

Нигерия халқы бүгінде әлемге алаяқтықпен де таныла бастады. ...Күндердің бір күнінде электрондық поштаңызға шетелдегі бейтаныс бір жаннан Сізді бай адамдардың қатарына үкілеп қосып қойған хат келіп жатса, таң қалмаңыз. Хаттар көбіне ағылшын тілінде келеді. Егер Сіз ағылшынша білсеңіз, онда олардың мақсатына бір табан жақындағаны. Ол хатта Сіздің лотерея ойынының жеңімпазы болғаныңыз немесе қандай да бір бай адамның мұрасын бірлесіп иеленуге болатындығы жайлы баяндалуы бек мүмкін. Сіз бірден қиялға беріліп, алатын ақшаңызды бірнеше миллион екендігін ескеріп, жылдам жоспар құрып та қоюыңыз ғажап емес. Өйткені, адам психологиясы, әдетте, оңай олжаға құмар келетіні бар. Алайда, Сіз осы хаттың астарында қандай мақсат жатқанын білмейсіз ғой. Егер білсеңіз, Сіз ол хаттың бірден көзін жояр едіңіз. Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, адамдардың барлығы бірдей хаттың көзін жоюға асықпайды екен. Керісінше, хат алушылардың көбісі айлакерлердің алдауына көніп, айдауымен жүреді.

Бұл хаттардың отаны қай ел дейсіз ғой? Таң қалуыңыз мүмкін... бұл кәдімгі қара нәсілді негрлер елі – Нигерия. Аппақ тістерін ақсита күліп, әдетте аңқау баланың пошымын жасайтын негрлердің кейбірі Сіз бен біз ойлағандай аңқау да пәк жандар емес екен. Енді «Нигерия хаттарының» сырына үңіліп, оның құрбанына айналмас үшін, оқиғаның қалай өрбитіндігін көңілге тоқып көрелік...

«Нигерия хаттары» деп аталатын алаяқтықтың кең таралған түрі электрондық поштаның хаттары арқылы жүзеге асырылып келеді. Хаттардың бұлай аталатын себебі Интернет жүйесі қолданысқа енбей тұрып-ақ, алаяқтықтың осы түрі Нигерияда қарапайым пошта арқылы кең етек алды. Алайда, нигериялық хаттар өзге де африкалық елдерден, сондай-ақ нигериялық диаспоралар көп шоғырланған Лондон, Амстердам, Мадрид, Дубай секілді қалалар арқылы да жіберіледі. Алдап хат тарату үрдісі 1980 жылдың ортасынан бастап қарқын алды.

Әркімге әр түрлі мазмұндағы хаттар жіберіледі. Мәселен, бір хатында алаяқ бұрынғы король, президент, жоғары шенді шенеунік немесе миллионердің атын жамылып, Нигериядан өзге елге мұраға қалған ақшаны аударумен байланысты банктік операцияға көмек сұрауы мүмкін. Хат жіберуші салықтың көптігін немесе өз елінде қуғында жүргендігін айтып, мұң шағады. Мұң шағып қана қоймай, нақты көмек ретінде бірнеше мың доллар ақшаны Африка банктерінің біріне аударуын, аз уақыттан соң берген қарызын еселеп қайтаратынын айтып алдайды. Енді бір хатта алаяқ өзін банк қызметкері немесе шенеунік ретінде таныстыра отырып, жақында хат алушымен фамилиялас өте бай адамның қайтыс болғандығын білетінін айта келе, осы адамның банктік есеп-шоттарынан ақша алуға көмек сұрайды. Көмек ретінде қомақты қаржы талап етеді. Хат алушыға әлгі қомақты соманың 40 пайызын иеленетіндігіне уәде береді.

Бір таңдай қақтырары, алаяқтық кәсіби шеберлікпен ұйымдастырылады. Олардың кеңселері, факс/телефондары болады, көбіне олар үкіметтік ұйымдармен байланыста келеді. Егер де хат алушы адам алданып қалып, алаяқты қуғындағысы келген жағдайда, оның ол ойынан түк шықпауы мүмкін. Себебі, олардың көбісі электрондық мекен-жайды ойдан шығарылған адамның атымен атайды. Өздерін Смит, Нилсон, Лилия, Мария секілді бүркеншік есімдермен таныстырады. Олардың құрбандары да әлемнің әр бұрышынан кездеседі.

Егер де хат алушыдан жауап келсе, оған бірнеше құжат жібереді. Олар электронды нұсқадағы жалған мөрлер мен бланкілер қолданады. Тіпті кей жағдайларда бұл алаяқтық іске үкіметтік немесе банктік құрылым мамандары да араласып отырған. Нигерияға алдап шақырған адамды олар психологиялық қыспаққа алады. Ұрып-соғады, тіпті өлтіріп те жібереді. Сондықтан да, бүгінгі ақпараттың алтын ғасыры адамзатқа өз пайдасымен қоса, зиянын қоса ұсынып отырғанын ұмытпаған абзал. Алаяқтың алақанына түспес үшін мұндай хаттардың кәдімгі спам екенін ескеріп, көзін құртқан абзал. Ал сенер-сенбесіңді білмеген жағдайда білікті заңгер көмегіне жүгінген жөн. Қалай десек те, әшейінде БҰҰ есептерінде Интернет жөнінен артта қалған деп баяндалатын Африка халқы, оның ішінде нигериялықтар керісінше ғаламтор ісінің хас шеберлерінен саналатынын уақыт дәлелдеп отыр. Осы орайда ұлы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген өлең жолдарының мәнін шындап ұққандай боласың...

Айдос САДУАҚАСОВ

 

0
0
1125

Осы тақырып бойынша

Қара алтынға бай қара нәсілді ел - Yvision.kz