ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Қанат енді қытайдың емес, қазақтың намысын жыртады

Қазақ жұдырығының құдыретін Қытайда жүріп мойындатқан қандас бауырымыз Қанат Сіламұлы тарихи отанына түбегейлі оралды! Қытай құрамасының сапында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алған жуан жұдырық иесін атамекенге оралуымен біздің ұжым алғашқылардың бірі болып құттықтаған еді

Қанат, туған ел топырағына басқан қадамың құтты болсын!

Рахмет! Негізі, Қазақстанға келіп-кетіп жүргеніме он жылдай уақыт болды. Тарихи Отаныма ат басын тіреу бала кезден бергі арманым еді. Сол арманымды жүзеге асыруға мүмкіндік берген жаратқанға ризамын. «Жер-Су» корпорациясының басшысы, боксқа жанашыр болып жүрген азамат Бауыржан Оспанов ағамыздың қолдауымен Алматы облысына отбасыммен көшіп келдім. Енді азаматтық алу үшін құжат жинау үстіндемін.

Бір басыңыз екеу болып, шаңырақ көтергеніңізден де хабардармыз...

Иа, осыдан тура бір ай бұрын алматылық Гүлмира есімді арумен бас қосып, шаңырақ құрғаным рас. Ата-анама келін сыйлап, қуантып жатқан жайым бар.

Жеке өміріңдегі жағымды жаңалықтарға шын көңілден ортақпыз! Енді спорттық ғұмырыңыздағы өзгерістер туралы айтсаңыз... Сізді кәсіби боксқа ауысуы мүмкін деген сыбыс бар..

Бүгінгі күні мен елімізге кеңінен танымал бапкер Тұрсынғали Еділовтың қол астында жаттығудамын. Менің ең негізгі мақсатым - 75 келі салмақта Лондон Олимпиадасына жолдама жеңіп алу. Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсету мен үшін үлкен жеңіс екенін де ескерткім келеді. Осы ойымды жүзеге асыру үшін аянбай тер төгіп жатырмын.

Бұл салмақта сізге негізгі қарсылас кімдер деп санайсыз?

Ұлттық құрама сапында дарынды жастар өте көп. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Еңбектенсең, бәрін де жеңуге болады.

Олимпиаданың қола жүлдесіне жеткенге дейін сіздің талантыңыз Қытай елінде шыңдалды. Жүлдеге қолы жеткен соң, туған еліне кетіп қалды деп ол жақтағылар өкпе айтпайды ма?

Жоқ, ата мекенге табан тіреп, Қазақстанның атын асқақтауды мен баяғыдан бері армандадым. Ал Қытай спортшыларға зәру емес, жүлде әперер оғыландар ол жақта жетіп артылады.

Жаңа мекенге үйренісіп кету қиындық туғызып жатқан жоқ па? Қанша дегенмен, ес білгелі тарихи отаныңнан жырақта жүрдің...

Әрине, отаныма оралғаным үшін шексіз бақыттымын! Өзге елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болып, халқымның кәдесіне жарасам жеткілікті. Қытай он жерден дамып кетсе де, атамекенді алмастыра алмайды. Мұнда бәрі де жақсы, тек тіл жағынан қиналып жүргенімді жасырмаймын. Өйткені, ресми тіл ана тілімізге қарағанда жиірек қолданылады. Ал, мен орысша білмеймін.

Осы орайда Қанаттың мүмкіндігі мен әлеуетін білу мақсатымен ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен талантты боксшының жеке бапкері Тұрсынғали Еділовты сөзге тартқан едік

Мырзағали Айтжанов:

Қанаттың құжаттары әлі толық дайын емес. Егер, құжат жағы еш кедергі тудырмаса, ол Қазақстан чемпионатына қатысып, өз салмағында чемпион атануға тырысу керек. Сөз жоқ, Қанат өте тәжірибелі боксшы. Қазақ елінің абыройын асқақтатуға шамасы жетеді. Ұлттық құрамада оған Данабек Сужанов, Нұрдәулет Жармановтар қарсылас атануы мүмкін.

Тұрсынғали Еділов:

Қанаттың әлеуетін кешегі өткен турнир көрсетті деп ойлаймын. WBS нұсқасы бойынша өткен сайыста қарсыласын есінен тандырды. Өте талантты боксшы, Лондонға бару үшін алдымен Қазақстан біріншілігіне қатысамыз.

Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ.