Қанат Бозымбаев бензин тапшылығы қайталанбайтынын айтты
Мемлекет басшысынан сөгіс алған ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бензин тапшылығы мәселесі қайталанбайтынын айтты. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында мәлімдеді, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.
Журналист: «Күздегі жанармай тапшылығы кезіндегі мәселе бойынша сіздің орынбасарыңыз бен «ҚазМұнайГаз» президентінің орынбасары қызметінен кетті. Сіз сөгіс алдыңыз. Енді келесіде осындай жағдай қайталанса тікелей өз мойныңызға ала аласыз ба?» – деген сауал жолдады.
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ол мәселенің қайталанбайтынын мәлімдеді.
«Сөгіс алдық. Іс-қимыл жасап жатырмыз. Енді ол мәселе қайталанбайтын шығар деп ойлаймын. Екі-үш рет бола ма, бесінші рет бола ма менің басшыларым бар. Не істейді, қандай шаралар қабылдайды олар өздері біледі», - деді ҚР энергетика министрі Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслиxатында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялаған болатын.
