Америкада Головкинді «бокс құмқабы» деп мазақ етті
Танымал боксшы кіші Флойд Мейвезердің әкесі үлкен Мейвезер қазақстандық Геннадий Головкин рингте ұлына айтарлықтай бәсекелес бола алмайтынын мәлімдеді.
Бұл туралы Sports.kz.сайтына сілтеме жасап NUR.KZ порталы хабарлайды.
— Не себепті сіздің ұлыңыз орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин туралы жиі айта бастады?
— Ол Головкинмен қолғап түйістіруге ниетті емес. Оны сеніммен айта аламын. Ондай ірі жігітпен жекпе-жекке шығуды жоспарлаған емес. Олай істесе нағыз ақымақ болар еді. Мен оның Головкинді жеңе алатынына күмән келтірмеймін. Тек бұл жекпе-жекті барлық тұрғыдан қарастырып отырмын. Бұл жекпе-жектің болмауы әбден мүмкін.
— Жаттықтырушы ретінде Головкиннің қабілетіне қандай баға берер едіңіз?
— Мені бұрыс түсініп қалмаңыз, бірақ Головкин жеңілуі әбден мүмкін. Головкин Флойдтың соққыларын жақсы қабылдай алса да, ол жақсы боксшы емес. Олай ешкім айтып отырмағаны да мені алаңдаттырмайды. Головкин - тек соққыға арналған нысана. Дәл қазір Головкин секілді боксшымен ұлымның жекпе-жекке шыққанын қалайтындар, әрмен кетіңдер. Өзінен ірі адаммен ешкім жекпе-жекке шықпайды. Флойд ірі емес, Головкин одан тіпті бірнеше фунтқа асып түседі. Оны Головкиннің өзі де жақсы біледі, егер ол Флойдтың салмағымен бірдей болса, ұлым оны соққының астына алар еді. Бүгінде Головкин — бокс құмқабы, оны тек шынжырға ілу ғана жетіспей тұр. Онымен солай істер едік.
Еске салсақ, Головкин кіші Флойд Мейвезермен жекпе-жекке шығу үшін салмағын түсіруге әзір екенін талай рет мәлімдеген болатын. Қазақстандық боксшы келесі жекпе-жегін 23 сәуір күні америкалық Доминик Уэйдпен өткізетін болады.
Nur.kz
