Амандық Баталов: Біз белгілеген стратегиялық мақсаттар
Еліміздің ауыл шаруашылығы өніміндегі Алматы облысының үлесі - 17%. Дегенмен облыс осымен тоқтап қалмай, одан әрі де дамуға бағыт алып отыр. - Президенттің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту туралы тапсырмасына сәйкес біз бұл бағытта төрт негізгі стратегиялық мақсатты белгіледік. Олар – ет пен сүт өндірісін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, - деді А. Баталов. Облыста ірі қара мал басы 1,3 миллионнан, ал қой мен ешкі 4,2 млн. бастан асты. Осындай қуатты әлеуетке ие бола отырып, стратегиялық инвесторлар мен трансұлттық компанияларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Сүтті мал шаруашылығын дамыту мақсатында 26 мың басқа арналған 82 тауарлы-сүт фермасы құрылған. «Біз 2025 жылға дейін ет өндірісін 500 мың тоннаға, сүт өндірісін 900 мың тоннаға дейін жеткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 25 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», - деді өз сөзінде А.Баталов. Сондай-ақ Президенттің суармалы жерді ұлғайту туралы тапсырмасына орай облыста жалпы 138 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу жоспарланған. Өткен жылы 20 мың гектар қалпына келтірілсе, биылғы жылы тағы 20 мың гектар айналымға қосылады. Бұл АӨК өндірісінің көлемін арттыруға және оның экспорттық әлеуетін ұлғайтуға ықпал етеді
