Қазақ ырым-жоралғыларға, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға өте бай халық. Оның бірін үлкендерден естіп өссек, тағы бірін әдебиеттерден оқып жатсақ, кейбірімен кездейсоқ ұшырасып, бірінші рет естіп жатамыз.
Өзімнің алғашқы жүктілігіме орай жан-жақтан айтылған түрлі наным-сенімдер мен салт-дәстүрлерге кез болып, «олай істеуге болмайды» немесе «міндетті түрде солай істеу керек» дегендермен ұшырасып, «неге» деген сұраққа «ол қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі» деген қысқа жауапқа қанағаттанбай, ізденіп көріп, өзіме көптеген жаңа ақпараттар түйіндедім. Жас болғандықтан болар немесе заманның ағымына орай қазір көбіміз жөн-жоралғыларға мән бермей жатамыз, ал еліміздің кейбір өңірлерінде ана бойына бала біте сала ұстанатын қатаң салттары болады, сол себепті жазарым бірімізге қызықты болып жатса, бірімізге жаңалық болмай жатар. Сонымен қоса тек дәстүрлерді тізбектемей, жеке пікіріме сүйеніп талдау жасап көруге тырыстым, бірақ өз пікірімді ешкімге жүктемейтінімді алдын-ала айта кетпекпін.
Халқымыздың әдет-ғұрыптарына үңілер болсақ, олардың кейбірі бастапқыда ұстанған сенімдерге, кейін ислам дініне, түркі тілдес, көршілес халықтардың мәдениеттеріне негізделіп пайда болса, сондай-ақ еліміздің береке-бірлігіне, сауықшылдығына орай да қалыптасқанына куә боламыз. Мәселен, жүкті әйел босанар алдында туған-туыс, көрші-қолаң әйелдердің бас қосып атқаратын жарыс қазан дәстүрі – қазан бірінші пісе ма, бала бірінші туа ма деп жарыстырып, толғақты тездету сеніміне негізделгенмен, тамырын қайдан алғаны белгісіз. Әйтпесе, қазан жарыстырды екен деп, тез босанып жатсақ тамаша ғой! Сондағылары, әйелдің толғағын сылтау қылған аналарымыздың бас қосып, шер тарқасып, дәмді астан ауыз тию ниетінен пайда болған ба деген ойға жетелейді.
Тағы бір керемет қалжа дәстүрін алып қарайтын болсақ, оның негізгі мақсаты – жаңа босанған әйел мен нәрестенің қамын ойлау, яғни буын-буыны босап, толғақтан күш-жігері кетіп, физиологиясы әлсіреген ананы әбден ет пен сорпаға тойдырып, соның негізінде денсаулығын қалпына келтіріп, сүті мол болып, нәрестенің аман-есен өсуіне жағдай жасау болса, қазіргі күнгі мақсаты – ағайын-туысты жинап, баланың өмірге келуіне орай ет асып, ас беру. Осы жерде бір қайшылық туындайды, қазақтың туысы 2-3 адамнан тұрмайтыны, олардың ішінде көршілер, жақындар, дос-жарандар да бары белгілі. Баяғыдай жылқы, түйе соятын бай заман жоқ, қазір қалжа деген сөз тікелей қоймен байланыстырылады, сонда қалжа әйелдің шілде тері шыққанша жеп-ішуіне жетпей, бір дәм татарлық болып қалады емес пе?! Сонымен қатар, бұл тұста қалжаның мүмкін ислам дініндегі ақиқамен сабақтастығы бар шығар деген ой келеді, яғни баланың дүниеге келуіне орай Аллаға шүкіршілік айтып, құрбандыққа мал шалып, жақындарға ас беру.
Жоғарыда айтылып өткен «шілде тері» сөзін естігенде бірден «шілдехана» сөзі есіме түсті, алайда оның шілде айына қатысы жоқ екені түсінікті. Іздене келе «шілде» сөзі парсының «чилле», яғни «қырық» деген сөзінен шығып, өзімізге бұрыннан таныс баланы қырқына шығарғанға дейін шілде суына шомылдыру, анасының шілде терін шығару, шілдехана тойын жасау деп жалғаса беретін ғұрыптарға арқау болғанын түсіндім. Бастапқыда бұл амалдар ана мен бала денсаулығын сақтау, жын-перілерден қору ниетімен пайда болса, кейіннен ойын-сауыққа сылтау болып, той болып кеткенін аңғаруға болады.
Әрине, баланың дүниеге келуі үлкен қуаныш, қуанышпен бөлісіп той жасаудың еш сөкеттігі жоқ шығар, дегенмен де кез келген жайтты сылтау қылып тойлата бермей, кейде оның түп тамырына бойлап тұру да абзал болар. Салт-дәстүрімізді құрметтеу керектігі де айқын, алайда барлығы ақылға сай болуы керек деп те ойлаймын.
Сіздің "кіндік әке-шеше" ұғымына көзқарасыңыз қандай, сізде немесе балаларыңызда кіндік әке-шеше бар ма? Олардың болу-болмау мақсаты неде? Астыға пікір қалдырсаңыз!