Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Ғалымдар Баянауылға инновациялық әдіспен газ жібермек

Инновациялық әдіс арқылы көмірді 100 пайыз газға айналдыра аламыз. Біз Қазақстанды газбен қамтамасыз етуге байланысты жобамызды ұсынуға дайынбыз. Мысалы, Баянауыл, Торайғыр, Майқайың кентін осы әдіс арқылы газбен қамтамасыз етуге болады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте «Көмір химиясы және технологиялар институты» ЖШС директоры, х.ғ.д., Болат Ермағанбет айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Біз инновациялық әдіс арқылы көмірді 100 пайыз газға айналдыра аламыз. Қазақстанның көмірін зерттедік. Біздің жобаға Майкөбе бассейнінің көмірі жарамды екенін анықтадық. Қазіргі таңда Павлодар облысының әкімдігімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Біз Баянауыл ауданын газбен қамтамыз етуге байланысты жобамызды ұсынуға дайынбыз. Себебі, бұл курортты аймақ қой», - деді ғалым.

Осы орайда Болат Ермағанбет Павлодар облысының 3 өңірін көмірді өңдеу арқылы газбен қамтамасыз етуге болатынын жеткізді.

«Егер біз Баянауылға көмірді 100 пайыз газға айналдыратын газификаторды қойсақ, онда Майқайың кенті мен Торайғыр ауылын газбен қамтамасыз етуге болады. Баянауыл мен Майқайыңның арасына 50 шақырым газ құбырын жүргізу қиын емес», - деді директор.

Сонымен қатар брифингтен кейін ғалым Баянауылға инновациялық әдіспен қалай газ жіберуге болатын түсіндірді.

«Баянауылды алған себебіміз оның жанында көмірдің шахтасы бар. Ауданға газ құбырын тарту керек. Оның арнайы инфрақұрылымы болады. Тек ауданның шетіне немесе көмір кеніші бар жерге газификатор орнатылады. Сол жерден үйлерге газ жіберіледі. Жобаның құнын біз әлі есептеген жоқпыз. Баянауыл, Торайғыр ауылы, Майқайың кентіне көмірді өңдеу арқылы газ жіберуге болатынын айттым. Бірақ біз жобамызды Павлодар облысының әкімдігіне ұсындық. Оны жүзеге асыру әкімдіктің құзырында. Сондай-ақ қаражатқа да байланысты», - деді ол.

Сөз соңында Болат Ермағанбет еліміздегі жаңа инновациялық жобалардың маңыздылығын атап өтті.

«Қазіргі таңда азаматтардың басым бөлігі табиғи газды пайдалану керек дейді. Бірақ табиғи газды пайдалану үшін Батыс Қазақстаннан газ құбырын жүргізу қажет. Ал Астана, Көкшетау, Петропавл қалаларын газбен қамтамасыз ету үшін 1 трлн теңге керек. Қомақты қаржы ғой. Сондықтан өңірлерді дамыту үшін жаңа инновациялық жобаларды пайдаланған жөн», - деп түйіндеді сөзін ғалым.

 
0
0
501

Осы тақырып бойынша