Ғалым да, шахтёр де бас иетін ұстаздар қауымына мың алғыс!
Балаларды қашықтан оқыту кезінде барлығымыз мұғалімнің қадірін түсіндік. Тіпті, кейбір ата-аналар сын сағатта эмоциясын білдіріп алып жатты.
Мұғалім – ең қиын мамандық иесі екенін бүкіл әлем мойындады. Алдында отырған 40 балаға бағыт-бағдар сілтеу, олардың еркелігін көтеріп, сапалы білім, саналы тәрбие беру – кез-келгеннің қолынан келе бермейтін дүние.
Карантин мұғалімдердің мәртебесін айқындап берді. Мемлекет те алдағы уақытта педагогтар статусын жаңа бір белеске көтеруді алдына мақсат етіп қойып отыр.
«Nur Otan» партиясы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Парламент депутаттарымен бірлесе отырып, «Педагог статусы туралы» заң жобасын әзірледі.
Сонымен қатар, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен алдағы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы 2 есе өсетін болды.
Бұл – ұстаздарға мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық деп ұғынған жөн.
Бүгін еліміз бойынша тағы бір оқу жылы аяқталады. Әлемдік жағдайға байланысты соңғы қоңырау үні естілмесе де, балалардың көңілі алай-дүлей болып тұрғаны рас.
Биыл алтын ұя – мектептен мыңдаған жас түлеп ұшады. Бәрінің жүзінен ұстазға деген алғысты, қимастық сезімді байқауға болады.
Әлбетте, бұл орайда мұғалімнің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Ғалым да, шахтёр де бас иетін ұстаздар қауымына мың алғыс!
#birgemiz #bizbirgemiz
Автор: Данияр Есен
