ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
0

Алтын астыққа аттаныс

Қызылжар өңірінде шығарылған жаңа комбайндарды сынақтан өткізу басталды

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен Аққайың ауданы «Солтүстік Қазақстан тәжірибе шаруашылығы» ЖШС базасында орақ науқанына қатысты барлық шараларды қарастыруға арналған «Алқап күні» семинар-кеңесі өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров, А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексенбай Қасқырбаев, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері, аумақтық және облыстық ведомстволардың, аумақтық инспекциялардың, «ҚазАгро» АҚ филиалдарының, аудандық ауыл шаруашы­лығы және ветеринария бөлімдерінің, астық қабылдау кәсіпорындарының басшылары, ғалымдар қатысты. Алқалы басқосу басталар ал­­дында қатысушылар «Сол­түстік Қазақстан тәжірибе ша­руашылығы» ЖШС-нің тәжірибе алқаптарында болып, бастауыш тұқым шаруашылығы бөлі­мі­нің өнімдерімен танысты. Ерік Хамзаұлы Петропавл қала­сындағы «КазТехМаш» ЖШС базасында шығарылып жатқан «Sampo Asia» комбайнын тіз­гіндеп, масағы кере-қарыс бидай алқабына шалғы түсірді. Соңғы рет 1978 жылы СК- 5 комбайнын­да жұмыс істеген едім. Екі мәрте астық бастыратын тетігі бар, жо­ғары жылдамдықта сабан үгі­тетін, бункеріне 8 тонна астық сия­тын заманауи техниканың артықшылығы бірден байқалды, деді облыс әкімі қанағаттанғандық сезіммен.

Қоңыр күзге дейін оның 50 бір­­лігін құрастыру көзделіп отыр. Ауылшаруашылық техника­ла­ры мен мал шаруашылығы же­тіс­тіктері көрмесінде қоста­най­лық «ESSIL-740», «ESSIL-760», көк­шетаулық «Vector» комбайндары мен шетел­дік техникалар ұсы­нылды. Тайынша ауданындағы «Ала­бота» асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС-нің 1245 килолық 5 жа­сар «герефорд», Мамлют ауда­нын­дағы «Қызыләскер» ЖШС-нің қалмақ бұқаларына, «М.Жұмабаев ауданындағы «ЖНВ» ЖШС-нің 560 килолық белоруссиялық «ли­музиніне», Аққайың ауданын­да­ғы «Дайындық» ЖШС-нің ир­лан­­­­дия­лық асылтұқымды мініс жылқысына және тағы басқа да қа­ра малдардың «элита-рекорд» тұ­қым­дарына қызығушылар көп болды.

Семинар-кеңесті ашқан Е.Сұл­танов жиынның маңыз­дылығын атап өтті. Облыс ауа райына тәуелді өлкеде орналасқандықтан, күз көбіне құбылмалы келетіндіктен, әрбір ашық күнді барынша тиімді пайдаланудың, орақ науқанын ұзаққа созбаудың маңызы зор. Оны жылдағы тәжірибе анық байқатып жүр. Үкіметтің жан-жақты қолдауы арқасында өсімдікті қорғау шараларына, жанармай сатып алуға, машина-трактор паркін жаңалауға қомақты қаражат бөлінді. Алдағы басты міндет 15 центнерлік межені сақтай отырып, 6 миллион тонна астық жинау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру болып табылады. Жақын және алыс шетелдерге 2 миллион тонна астық, оның ішінде, 200 мың тоннадан астам майлы дақылдар экспортталатын болады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың баян­дауына қарағанда, 3,2 миллион гектар дәнді, 470 мың гектар майлы дақылдар себіліп, шығымдылық көңіл қуантады. Жыл басынан бері 577 техника сатып алынды. Астық ору науқанына 9 мыңға жуық комбайн қатысады деп күтілсе, үштен бірі – жоғары өнімді техникалар. Күзгі дала жұмыстарына 73 мың тонна жанармай қажет болса, 91 пайыз қамтылған. 53 астық қабылдау кәсіпорындарының жалпы сыйымдылығы 3,4 миллион тоннаны құрайды. Бұған агроқұрылымдар иелігіндегі 3,1 миллион тоннаға жетеғабыл астық қоймаларын, жуық арада 191 мың тонналық 9 астық сақтау кәсіпорны пайдалануға берілетінін қоссақ, қамбаларға құйылған астықтың сапасы жоғары болады деген сөз. Жауапты науқан қызған кезде тәуліктік қуаттылығы 191 мың тонна болатын 298 астықкептіргіш толық іске қосылады. Баяндамашы орақ науқанын 35-40 жұмыс күні ішінде толық аяқтау, бірінші кезекте 480 мың тонна дәнді және майлы дақылдар тұқымын құйып алу талабына ерекше екпін түсірді. Еңбекке ақы төлеу және басқа да материалдық ынталандыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бөліп айтылды. Жасыратыны жоқ, экономиканың басқа салаларына қарағанда, ауыл шаруашылығы қызметкерле­рі­нің еңбекақысы 20 пайыз төмен. 65,4 мың теңге төңірегінде ғана. Жылдағы тәжірибе бо­йынша норманы орындаған ком­байншылардың күндік табысы 16-24 мың теңгеден айналуы тиіс. Сонда бір маусымда 435-653 мың теңге еңбекақыға қол жеткізе алады.

А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өнді­рістік орталығының директоры Жексенбай Қасқырбаев дәнді және майлы дақылдарды жинау мен топырақты күзде өңдеу технологияларының өзіндік ерекшеліктеріне нақты мысалдар келтірсе, «Тайынша-Астық» ЖШС директоры Анатолий Рафальский, Ақжар ауданының әкімі Серікбай Тұралинов егін орағына дайындық жайын сөз етті. Гидрометрология орталығының директоры Қымбат Мерғалимова қыркүйек айының ауа райы болжамын алға тартып, онша қуанта қоймады. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров ауыл шаруашылығын қолдауға қажетті жағдайлар жасалып жатқандығын айта келіп, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы астық сатып алу бағасы өткен жылғы деңгейден төмендемейтіндігін мәлімдеді. Ерік Хамзаұлы семинар-кеңесті қорытындылай келіп, облыс аграршыларының алдына орақ науқанын ұйымшылдықпен жүргізуді қамтамасыз ету, астық шығынына жол бермеу, сапасын төмендетпеу, дәнді дақылдардың пісу қарқынын жеделдету үшін егінге десикация қолдану сияқты нақты тапсырмалар жүктеді. Қызылжар өңірінде бұған дейін тез пісетін сұлы, арпа секілді дақылдарға шалғы түсіп, гектар шығымдылығы 15-18 центнерден айналып жатса, енді үлкен астық үшін жаппай аттаныс басталып та кетті.

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан», Нұрсайын ШӘРІП, журналист. Солтүстік Қазақстан облысы.

Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/08/26/74088