Алматыда жас инноваторларының ІІІ форумы өтті
Алматы технологиялық университеті «Парасат» Алматы кәсіподағымен бірлесе, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Кәсіподақтарының федерациясының қолдауымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Күніне арналған «Болашағымыз-бірлікте!» атты жас инноваторларының ІІІ форумын өткізді.
Форум жұмысы Алматы технологиялық университетінің Технопаркінде ұйымдастырылған «ЭКСПО-2017 жолында»: Алматы қаласы жас инноваторларының жетістіктері» атты көрмені тамашалаудан басталды. Көрменің негізгі мақсаты: жас ғалымдардың инновациялық жобаларды әзірлеудегі жетістіктерін талқылауға алаңша қалыптастыру, индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру аясында ғылыми зерттеулер саласында тәжірибе алмасу, жастардың ғылыми-зерттеу жобаларына мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдарының назарын аудару. Салтанатты шараның қонақтары: ҚР білім және ғылым вице-министрі Балықбаев Тахир Оспанұлы, қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, олимпиада чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ермахан Ыбырайымов, сондай-ақ АТУ президенті, академик Құлажанов Құралбек Сәдібайұлы, «Парасат» Алматы кәсіподағының төрағасы Жанатаев Данат Жанатайұлы салтанатты түрде лента қиып, көрме жұмысын ашты.
ҚР білім және ғылым вице-министрі Т.О. Балықбаев: «Бүгінгі өткізіліп отырған форум мен оның аясында өтіп жатқан көрме Тұңғыш Президент күніне арналып отыр. Мұндағы негізгі идея студенттердің инновациялық жетістігін көрсету болса, ол өз үдесінен шықты деп ойлаймын. Көрменің аты айтып тұрғанда, «ЭКСПО-2017»-ге барар жолда жастар әртүрлі бағытты таңдаған екен. Мәселен, жастардың бір бөлігі технологиялық бағытты, тамақ өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс саласын таңдаса, енді бір тобы ақпараттық технологияны, бір кнопка деген терминалды, наностпутниктерді, жаңа технологияларды көрсетіп жатыр. Жастардың жобалары, сөз жоқ, болашақта тамаша көрсеткішке қол жеткізіп, жеңіске бастайтыны сөзсіз. Ең бастысы, біздің жастарымыз бүгіннің өзінде ғылымға, өнертапқыштыққа, өнерге қызығушылықтарын көрсетуде», – деді.
«ЭКСПО-2017 жолында»: Алматы қаласы жас инноваторларының жетістіктері» атты инновациялық көрмеде 30-дан астам оқу орындары жас инноваторларының, студенттерінің, магистранттары мен докторанттарының және Алматы қаласы ғылыми-зерттеу орталықтарының ғылыми жетістіктері көрсетілді.
http://gbpp.org/kz/2015/12/12487
