Алматыда волейболдан әлемдік Гран-при ойындары басталады
Әлемдік Гран-при ойындары Халықаралық волейбол федерациясының қамқорлығы аясында осымен 22-ші рет өткізіліп отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл жолы Қазақстан құрама командасы шеберлік деңгейі және әлемдік рейтингі бойынша өзімен тең командалармен бақ сынасады. Демек, финалдық кезеңге өтуге мүмкіндік бар.
«Халықаралық волейбол федерациясының соңғы конгресінде командалар тек әлемдік рейтингтері бойынша топтастырылды. Олар үш топқа бөлінді. Меніңше, бұл әділ жасалды. Ал енді неге үшінші дивизионның финалдық турнирі Алматыда өтпеді деген сұраққа келер болсақ, әрине финалдық турнирді өткізетін елдің ұлттық құрама командасы автоматты түрде финалда ойнайды. Біз өтінім бергенбіз. Бізбен бірге Чехия, Хорватия және Болгария да өтінім берді. Содан даулы мәселе туындаған соң, жеребе тартылды. Қазақстанға бірінші раунд бұйырды. Екінші раунд Чехияға, ал үшінші финалдық раунд Болгарияда өтетін болады. Барлығы әділ болды деп санаймын. Командалардың дәрежесі тең. Енді тек жеңіске жетуге ұмтылу керек. Егер финалдық топқа енсек, әлемдік Лиганың екінші раундына автоматты түрде өтеміз», — деді өз сөзінде Қазақстанның волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев.
Айта кетелік, әлемдік Гран-при ойындары Алматыда соңғы төрт жыл ішінде осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Бұл жолы ойын алаңына «С» дивизионының «Р» тобындағылар: Чехия, Хорватия, Австралия және Қазақстан құрама командалары шығады.
Алғашқы ойын 25 шілде күні түстен кейін сағат 15:00-де Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында басталады. Кіру тегін. Алғашқы турдың күнтізбегі төмендегідей:
25 шілде
15:00 Хорватия — Чехия
16:30 Қазақстандық кезеңді ашу рәсімі
18:00 Қазақстан — Австралия
26 шілде
15:00 Австралия — Чехия
18:00 Қазақстан — Хорватия
27 шілде
15:00 Хорватия — Австралия
18:00 Қазақстан — Чехия
19:30 Кезеңнің жабылу рәсімі
Екінші тур 1-3 тамыз аралығында Чехияда өтсе, төрт команданың финалдық кездесуі 15-17 тамыз аралығында Болгарияда өтеді.
Естеріңізге тағы да сала кетейік, волейболдан Әлемдік Гран-при ойындары — бұл әйелдер арасындағы ұлттық құрама командаларға арналған әлемдегі ең ірі ресми коммерциялық турнир. Ол Халықаралық волейбол федерациясының (FIVB) қамқорлығымен жыл сайын (1993 жылдан бері) өткізіліп тұрады.
Биыл осымен 22-ші рет өткізіліп жатқан Гран-При ойындары, 28 елдің ұлттық құрама командаларының қатысуымен 25 шілде мен 24 тамыз аралығында өтеді.
Жалпы Гран-при «А» «В» және «С» деп аталатын үш дивизионнан тұрады. Бірінші элиталық дивизионда 12 команда, ал қалған екі дивизионда сегіз команда өнер көрсетеді.
Басты финалдық турнирде (20-24 тамыз аралығында Токиода) 6 команда: ұйымдастырушы ел ретінде Жапония құрама командасы, элиталық дивизионның 4 ең үздік құрамалары және екінші дивизионның жеңімпаз командасы ойнайды.
Қазақстан ұлттық құрама командасы үшінші «С» дивизионының құрамында орналасқан. Мұнда Кения, Алжир, Қазақстан, Хорватия, Чехия, Мексика, Болгария және Австралия командаларынан 8 құрама бар. Олар 4 топқа бөлінген:
«P» тобы: ҚАЗАҚСТАН*, Австралия, Чехия, Хорватия
«Q» тобы: Мексика*, Кения, Алжир, Болгария
«R» тобы: Чехия*, ҚАЗАҚСТАН, Алжир, Мексика
«S» тобы: Хорватия*, Кения, Австралия, Болгария
Бұл жерде * деп турнир өтетін елдер белгіленген.
Ал осы дивизионның финалдық турнирі 15-17 тамыз аралығында Болгарияда өтеді. Мұнда ұйымдастырушы ел ретінде Болгария және дивизионның үш үздік құрама командалары өзара бақ сынасады. Дивизион жеңімпазы екінші дивизонның құрамына өтеді.

