Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған «Жібек жолындағы жүздесулер» – «Орталық Азия: өңір халықтарының ынтымақтастығы мен келісімі» атты жыл сайынғы халықаралық мәдени жобасы бастау алды.
Іс-шараға Қазақстанның белгілі ғылым қайраткерлері, Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан келген жетекші сарапшылар, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің және ғылыми-сарапшылық топтарының мүшелері, ҚХА кафедраларының өкілдері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты., деп хабарлады "Қоғамдық келісімнің" баспасөз қызметі
Іс-шара барысында қатысушылардың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифингі өткізілді.
Брифинг аяқталған соң жоба іс-шаралары Алматы облысының Кербұлақ ауданында жалғасты. Жобаға қатысушылар Шоқан Уәлихановтың ескерткішіне гүл қойып, Ұлы Жібек жолы бағдарымен танысты және жергілікті тарихи орын – Желдіқараға («Шыңғысхан төбесі») барды.
Талдықорған қаласына келген қатысушылар І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне барып, ақынның ескерткішіне гүл қойды.
«Жібек жолындағы жүздесулер» халықаралық жобасының жетекшісі, қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов өз сөзінде «Жібек жолындағы жүздесулердің» мерейтойлық жобасы еліміздің ерекше көркем өлкесі – жетісу жерінде, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Ілияс Жансүгіровтың туған жерінде өткізіліп отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Мұрат Мұхтарұлы оның көп қырлы таланты туралы тағылымды әңгіме айтты. «Оның поэзиясы терең ойға, нәзік сезімдерге, азаматтық рухқа толы. Ол – шыншыл және биік армандармен қанаттанған», - деді ол.
Одан кейін қатысушылар университеттің музейімен және кітапханамен танысты. «Теңдессіз сый» акциясының шеңберінде ҚХА ҒСК мүшелері университет ұжымына аса қызықты кітаптарды сыйға тартты.
Жобаның бірінші күні Ілияс Жансүгіров атындағы облыстық әдеби музейде өткізілген «Тағзым» акциясымен аяқталды. өзін әдебиеттің әр жанрында танытқан белгілі жазушының музейінде «Жібек жолындағы жүздесулер» халықаралық жобасының қатысушылары үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылды.
«Жібек жолындағы жүздесулер» халықаралық жобасы 2007 жылдан бастап Орталық Азия өңірі елдерінің қатысуымен жыл сайын өткізіледі.
Семинар негізгі проблемаларға талдау және оларды шешудің жолдарын іздестіріле отырып, ашық, өзара сенім артылған жаймашуақ әңгіме түрінде өткізіледі.
Жобаның мақсаты – Орталық Азия өңірі елдері мен халықтарының арасындағы жан-жақты байланыстардың нығаюына, мәдениаралық үн қатысу мәнмәтінінде жалпымәдени және жалпытарихи құндылықтарды сақтауға жәрдемдесу.
Ақпарат көзі: strategy2050.kz