Алматы облысының құрамасы ҚБФ кубогының жартылай финалына шықты
Бүгін «Қазақстан бокс федерациясы кубогы-2014» додасының жартылай финалына соңғы жолдама сарапқа салынды. «D» тобындағы сында Алматы облысының құрамасы қарағандылықтардан 7:3 есебімен басым түсті, — деп хабарлайды ҚБФ баспасөз қызметі.
«D» тобындағы тағы бір жұп — Атырау облысы мен СҚО боксшылары арасындағы кездесуде 9:1 есебімен атыраулықтар жеңіске жетті.
Сондай-ақ, Оралда «B» тобының командалары бақ сынасып, Астана құрамасы БҚО былғары қолғап шеберлерін 8:2-мен қапы қалдырды. Бұған дейін бұл топтан Жамбыл облысының сайыпқырандары мерзімінен бұрын жартылай финалға өткен болатын. Енді олар жартылай финалда алматылықтармен тәжікелеседі.
½ финалдың келесі жұбы — Ақмола және маңғыстау облыстарының құрамасы.
Жартылай және финалдық кездесулер дәстүр бойынша Астанада 14-15 желтоқсан күндері өтеді. 5-рет өткізілгелі отырған ҚБФ кубогын жеңіп алған командаға 25 млн. теңге жүлде беріледі.

