Алматы облысының әкімдігі мен жүйеқұраушы кәсіпорындар жұмыс орындарын сақтау жөніндегі меморандумдарға қол қойды

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың ҚР Президентінің «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау мақсатындағы Алматы және Қостанай облыстарына жұмыс сапарлары жалғасты, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Сапар барысында Б.Сапарбаев облыстардың өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысымен танысты, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Премьер-Министрдің орынбасары кеңестерге қатысушыларға республика бойынша өңірлер әкімдері мен кәсіпорындар басшыларының арасында өндірістік үдерістерді тұрақтандыру және қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі өзара ынтымақтастығы, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен кәсіпорындар арасында өзара іс-қимыл туралы меморандумдар жасасу жөніндегі кең ауқымды жұмыстар басталғанын хабарлады.
Алматы облысында өткізілген кеңестің қорытындысымен облыс әкімдігі, ұлттық компаниялар және жергілікті тауар өндірушілер арасында, соның ішінде «Қазақтелеком» АҚ-мен, «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен, «КЕГОК» АҚ-мен жергілікті үлесті дамыту жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Осылайша, Алматы облысында Б. Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кездесуде құны 22 млрд-тан астам теңгені құрайтын 17 меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ облыс әкімдігі мен жүйе құраушы кәсіпорындар жұмыс орындарын сақтау және өндірістік үдерістерді тұрақтандыру жөнінде меморандумдар жасасты. Меморандумдарға қол қоюшылардың арасында «Азия Электрик» АҚ, «Суффле Қазақстан ашытқы зауыты» АҚ, "Темір-бетон» ЖШС, «KagazyRecycling» ЖШС және басқа да өңірдің ірі кәсіпорындары бар.
Қостанай облысында әкімдік пен «Қазақтелеком» АҚ, «КЕГОК» АҚ ұлттық компаниялары арасында 68 млн. теңгеден астам сомаға жергілікті үлесті дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша, жұмыс орындарын сақтауға және өндірістік үдерістерді тұрақтандыруға қатысты «Варваринское» АҚ, «Агромашхолдинг» АҚ, «Қостанай минералдары» АҚ, «Орион Минералс» ЖШС, «ССКББ» АҚ, «Баян-Сұлу» АҚ-мен үшжақты меморандумдарға қол қойылды.
ҚазАқпарат
Қосымша ақпаратты http://www.inform.kz/kaz/article/2742689 қарауға болады!
