Алматы облысында жемқорлық жайында хабарлаған 6 адам 1,2 млн.теңгеге жуық сыйақы алды
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің қызметі туралы ведомство басшысының орынбасары Жандос Жұмабаев AntikorLive қызметінің тікелей эфирінде айтып берді.
Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет биыл 93 қылмыстық істі тіркесе, соның 64-і – сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Мемлекеттік органдардың 23 біріншібасшылары ұсталды, олардың алтауыоблыстық, қалғаны қалалық-аудандық маңыздағы жетекшілер. Жалпы жемқорлардың келтірген шығыны 3,8 млрд. теңге, осы күнге дейін мемлекетке 97,2 %-ы немесе 3,7 млрд. теңгесі қайтарылды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жұмыстың пәрменді тетіктерінің бірі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу. Қазақстанда мұндай азаматтарды көтермелеуде жаңа сараланған жүйе енгізілді. Бұрын сыйақы қылмыстың санатына қарай төленетін. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық жайында хабарлаған адам параның мөлшерінен немесе келтірілген шығынның 10 %-ы шамасында сыйақы алады. Бірақ ең жоғары сыйақы 4 мың АЕК-тен, яғни 11,6 млн теңгеден аспауы тиіс», - дейді Жандос Жұмабаев.
Департамент осы уақытқа дейін сыбайлас жемқорлық жайында хабарлаған 6 адамды көтермеледі, берілген сыйақының жалпы сомасы – 1 166 800 теңге.
