Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Алматы облысында төрт түлік онлайн форматта сатылмақ

Алматы облысына қарасты Сарқанд ауданының жастары ірі қараны сатуға арналған сайтты іске қосты. Жаңа платформа аясында жергілікті тұрғын ауыл шаруашылығы жануарларын сатылымға қоя алатын болды.

Аталмыш порталдың (malbazar.su) жасалуына арқау болған авторлар Аслан Күбентаев пен Әнуар Сәлімбеков. Олар осы саладағы олқылықтардың орнын толтыру үшін жаңа порталды іске қосқан көрінеді.

«Жергілікті тұрғындар ірі қараны сату үшін арнайы мал базарына баратын. Онда саудагерлер тұрған жері үшін ақы төлейтін еді. Сатушылар күні бойы тұрып, сиырын немесе қойын сатады. Ал, егер өтпесе келесі күні қайтып келетін. Осыған байланысты мәселелерді шешу үшін сайт ашуды жөн көрдік», - деді Аслан Күбентаев.

Оның айтуынша, порталдың көмегімен тауық немесе өзге де жануарларды сатуға болады. Бұған қоса, төрт түлікке арналған өнімдерді де сатуға мүмкіндік бар.

Аталған ақпараттық порталдың мобильді нұсқасын 5 мыңнан астам адам жүктеген. Бұл қосымшаның жұмысын пайдалану үшін қолда смартфон мен компьютер болса жеткілікті. Қазірге кезде тіркеуден 300-ден аса қолданушы өтті. Ақпараттық агенттік күніне шамамен 7-8 жаңалық шығарады екен.

Осылайша, Сарқанд жастары «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы үшін өз үлестерін қосып жатыр. Болашақта malbazar.su-дың аясы одан сайын кеңи түспек. Яғни, ауыл шаруашылығына қатысты барлық ақпараттар мен мәліметтер қатары көбейіп отырады.

Айта кету керек, төрт түлікті сату мәселесі тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің бірі. Ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмыстары «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының төңірегінде жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама 2017 жылдың 12 желтоқсанында қабылданған болатын. АӨК саласын цифрландыру мемлекеттік реттеудің төрт бағытын дамытуға жол ашады. Ол – АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігі, өткізу нарығын және экспортты дамыту, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігі, су және биоресурстарды тиімді басқару. Аталған бағыттарды жүзеге асыру үшін АӨК-тегі 101 мемлекеттік қызмет көрсету мен оған байланысты процесс автоматтандырылады.

АӨК-ті цифрландыру бағытындағы жобаларға фермерлерді тарту үшін оларды 3 топқа бөлу қарастырылған. Бірінші топ – «цифрландыру пионерлері». Бұл қажетті инфрақұрылымы бар және өз өнімдерін қазірдің өзінде цифрландыруға дайын фермерлер. Екінші топ – техникалық жабдықталу деңгейі жоғары және жоғары технологиялық жабдықты енгізетін фермерлер. Цифрландыруға шешуші қадам жасау үшін олар қолдау мен ынталандыруды қажет етеді. Үшінші топ – техникалық жабдықталу деңгейі төмен және технологиялық тәртіпті сақтауға дайын емес фермерлер.

0
0
615

Осы тақырып бойынша

Алматы облысында төрт түлік онлайн форматта сатылмақ - Yvision.kz