Алматы қаласының әкімі Денис Тенге Chevrolet Cruze автокөлігін сыйлады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Алматы әкімі Ахметжан Есімов бүгін Сочи Олимпиадасының жүлдегері Денис Тенді қабылдады.
«Біз саған шын жүректен жанкүйер болдық. Олимпиадада жеңіс тұғырына алматылықтың шыққанына өте қуаныштымыз. Егер Алматы 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізу құқығын жеңіп алса, сенің Қазақстанды лайықты дәрежеде танытатыныңа сенімім мол», — деді қала басшысы.
Олимпиада жүлдегері өз кезегінде ойын барысында алған әсерлерімен бөлісіп, қала әкіміне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
«Сочиде Алматының келесі Олимпиада ойындарын өткізуге берген өтініші таныстырылды. Сол кезде менің барлық таныстарым, достарым Алматыға келуге ынта білдірді», - Денис Тен.
Кездесудің соңына қарай Алматы әкімі Олимпиададағы жеңісі үшін Денис Тенге Chevrolet Cruze көлігінің кілтін табыстады.
Естеріңізге сала кетейік, Денис Тен бүгін таңертең Алматы әуежайына келіп қонған болатын. Оны бір топ жанкүйерлері мен қала жұртшылығы күтіп алды.

