Алматы қаласында Мемлекеттік рәміздер күніне орай спорттық шара өтті
Аталмыш бағдарламаның салтанатты ашылу рәсімі жұма намазынан кейін басталды. Мерекелік сайыстар: Орталық мешіт, «Нұр-Мұбарак», «Таугүл», «Абдулла атындағы»,«Қалқаман 2», «Мырзахмет», «Али Мухаммед», «Д.А.Конаев атындағы» мешіттерінде өткізілді. Бірлік пен ынтымақты насихаттау мақсатында ұйымдастырылған айтулы шара 8000 қатысушының басын қосты.

Алматы тұрғындары мен қонақтары спорт түрлерінен бақ сынасты. Атап өтсек, жиналған халық асық ату, гір көтеру, арқан тарту, қошқар көтеру, мини-футбол, қол күресінен мықтыны анықтады. Өткізілген спорттық шаралар барлық қатысушыларға мерекелік көңіл-күй мен естен кетпес күн сыйлады.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мерекелік шара ұйымдастырушыларының атынан сыйлықтар табысталды.

Айта кетсек, қошқар көтеруден жеңімпаз атанған Алмас Мұхамметулла (Мырахмет мешіті) 35 келілік қошқарды 131 мәрте көтерді. Таугүл мешітінде қол күресінен Ринат атты қала тұрғыны чемпион атанды, ал гір көтеруден Сартанбеков Саламат 16 келілік темірді 70 рет көтеріп, ел ықыласына бөленді.

Али Мухаммед мешітінде мини-футболдан өткен жарыста «Сұлтан Корған» командасы бірінші орынды иеленді, «Ансар» екінші, ал «Бүркіт» командасы үшінші орын алды.
Сайыстан кейін, дәмді палау мен сусындар мың адамға таратылды, ал балаларға батут қалашығы орнатылды.

Спорттық шара мен керемет көңіл-күйді бағдарлама ұйымдастырушылары, Алматы қаласы дін істері басқармасы сыйлады.
Айта кетейік, «Асыл мұра» бағдарламасы мешітке келуші жамағаттар арасында бұқаралық спортты дамытуға арналған.
