ru
Default banner
Разное
426 297 жазбалар48 тіркелуші
Всяко-разно
0

Алла –Құран, Адам – Ақыл

Құдайдың адамға ерекшелеп жасаған ең үлкен сыйы – Ақыл. Бізді басқа жан-жануардан ерекшелендіріп тұрған осы ғана. Құдай адамға Ақылды Ақиқатты танысын, білсін, өзіне берілген өмірін саналы өткізсін деп сыйлады. Егер адам Ақылды пайдаланбаса, яғни Ақылдан ада болса, өз ақылын ысырып қойып, байлық пен билікті көздеп, діннің иесі болып алған молдалардың, имамдардың, дінбасылардың, әулие-әмбиелердің, бір сөзбен айтқанда пірлердің сөзінен ерсе, онда ол адасады – Ақиқатты тани алмайды – Құдайын ұмытады – мына дүниенің, бүткіл ғаламды Жаратушының заңына қарсы шыққан болады.

Құдай адамды адасудан сақтандырып отырады. Адамзат тарихын қарап отырсақ, Ол пайғамбарлар арқылы адамдарға бірнеше рет уахи, бірнеше рет Кітап жіберді.

Әрісін айтпағанның өзінде, берідегі Мұса мен Иса пайғамбар жеткізген Кітаптың о бастағы мазмұнын адамдар өзгеріске ұшыратты. Егер Ақылға салып сараласақ, Құдайдың Мұсадан кейін Исаға, Исадан кейін Мұхаммедке пайғамбарлық өкілеттік беруі, сол арқылы адамдарға тұтас, аяқталған Кітапты – Құранды түсіруі осы жағдаятқа байланысты екенін көреміз.

Құран –адамдардың адасып, Ақиқат жолынан айнымасы үшін Құдайдың жіберген нұсқауы. Егер адамдар «Құдайдан басқа құдай жоқ» екеніне сенсе, онда олар басқа емес, дәл осы Кітапты басшылыққа алуы керек. Онда адамға керектің бәрі жазылған. Құранды оқи отырып, Ақиқатты өз бетінше танып-білуге әрбір адамның шамасы келеді. Өйткені, оларда Құдайдың ерекше сыйы – Ақыл бар. Адамның адам болуының мәні де осында. Ақыл арқылы таразылап, иманға келген Абай ақын «Алланың Өзі де рас, Сөзі де рас» деді. Олай болса, біз де Ақылға келіп, Ақиқаттың жолына қайта оралуымыз керек.

Бірінші бөлім

 

Пайғамбардың нағыз сүннеті – Құран

 

«Уа, Кітапиелері! Біз бен сізге ортақ сөзге келіңдер. Бір Алладан басқа ешкімге табынбауға және оған серік қоспауға. Біріміз екіншімізге Алладанөзге тәңірі тауып бермеске» деп айт. Олар теріс жолмен кетсе, «Куә болыңдар, біз – Аллаға берілгенбіз» деңдер. 3:64

 

Біз бұл кітапшаны бір ғана Алланың әмірімен жүргісі келетін кісілерге арнап отырмыз.

 

Біз әртүрлі дін мен сенімдегі адамдарды (сүннитер, шииттер, христиандар, иудейлер, буддистер, индуистер, агностиктер, атеистер және басқаларды) бір ғана Құдайға негізделген әлемді танып-білуге шақырамыз.

 

Көпшілігімізге қоршаған орта, адам, өмір, оның мәні туралы көзқарас, жалпы дүниетанымымыз ата-баба, әке-шешемізденауысты. Дін мәселесінде де дәл осылай. Бірақ ол кісілер жасаған, ұстанған, үйреткеннің бәрі бірдей дұрыс па деген сауал кейде санамыздың бір түкірінде бас көтеріп қалатыны бар. Әлемге ата-бабамыздың көзімен қараймыз, бірақ ол әлемге бар нәрсенің сыя бермейтінін сеземіз.

 

Кейбіріңіз«Бұл өмірдің мән-мақсаты бар ма,мынау әлем қайда бара жатыр?» деген сұрақ төңірегінде ойланған боларсыз. Бірақ осы мәселе туралытүйгенін ашық айтып, өмірін өзі тапқан жауапқа сай өзгертуге бел байлағандар кемде-кем.

 

«Ислам» дегеніміз не?

 

Құранда Ислам туралы жан-жақты және толықтай айтылған. Құран ақиқат атаулының бастауы ретінде әбден кемеліне жеткен кітап. Оны түсіну үшін ешкімнің, әсіресе діни тұлғалардың көмегі керек емес. Өздерін дін ісінің білгірі санайтын тәпсірші әулиелер түсіндірме жасаймыз деп керісінше Құранның, ондағы сөздердің мән-мағынасын бұзады. Ондағы мақсаттары – өздерін дін ісінде аса маңызды тұлға етіп көрсету, өздеріне қажеттілік туғызу, Құдай мен адам арасында делдалдық жасау. Ал турасын айтатын болсақ, олар осындайістерімен өздерін Аллаға серік қылып отыр.

   

Сонымен, Құранды білу үшін ешбір әдебиеттің көмегі қажет емес. Құранды Құранның өзінен артық еш нәрсе түсіндіре алмайды. Өйткені, Құранның өзі – әрненің мәнін түсіндіретін, көзімізді ашатын кітап. Пайғамбар дәуірінде де солай болған, бүгін де сондай.

 

6:114 «Құдай маған Кітап түсірді және оны бүге-шіге түсіндірді. Ендеше маған Құдайдан басқаның соты неге қажет?» деп айт. Кітапты Алла Тағалаңызақиқат етіп жіберді. Мұны Бізден сыйға Кітап алғандардың бәрі біледі. Сен де күмәнданушылар ішінде болма.

6:19 «Ең сенімді куә кім?» деп айт. «Алла – менімен сендердің арамыздағы куә. Бұл Құран маған аян болып берілді. Сендерді және Құран жеткендердің бәрін сақтандыру үшін келді. Сендер сонда да Алладан басқа құдай бар деп куәлік бермексіңдер ме?» де.  «Мен мұндай куәлік бермеймін. Құдай – жалғыз. Сендердің оған серік қосқандарыңа менің қатысым жоқ» деп айт.

7.52 Біз оларға Кітап түсірдік. Оны біліммен түсіндірдік, иман келтіргендерге рақым және дұрыс жолбасшы еттік.

4:105 Біз адамдар арасындағы дауды Құдай жолымен шешсін деп саған ақиқат Кітап жібердік. Ендеше сөзінен айнығандарға араша түспе.

16.89 Сол күні Біз әр қауымға өз ішінен куә таңдаймыз, ал сені осы қауымға қарсы куә етеміз. Біз саған Кітап бердік. Бар затты түсіндіруші, тура жолға бастаушы, иманы барларға рақым және жақсы хабар етіп бердік.

5.48 Біз саған ақиқат Кітап түсірдік. Бұған дейінгі Кітаптардан түскеннің ақиқаттығын растап, оны қорғау үшін жібердік. Олардың арасына Алланың сөзімен төрелік жаса. Олардың ақылын билеген құмарлыққа еріп, өзіңе келген ақиқаттан айныма. Біз сендердің әрқайсыңа жол көрсеттік, дұрыс жол салдық.

Елшінің ролі туралы

 

Мұхаммед пайғамбардың дәуірінен соң біраз уақыттан соң Ислам әлемінде діннің білгірлері шыға бастады. Біртіндеп дін ұстайтын жұрт оларды пір тұтатын болды. Ақырында олар дінбасы, дін иесі дәрежесіне жетіп алды. Мұндай дін иелері қазір мұсылмандар өмір сүретін кез келген елде бар. Дін иелерінің немесе дінбасылардың Исламға жасаған ең ауыр қылмысы не екенін білеміз бе? Ол – адам Дәстүрі (Сүннет) мен нақыл сөздер жинағын (Хадистер) Құдайдың Кітабына және Құдайдың елшісіне тең қою.Бұл қылмыстың зардабы қаншалықты орасан екенін сезінсек қой!

Исламдағы дінбасылардың айтуынша,адамдарға Құдай мен оның елшісіне бағынуды әмір еткен Құдай дәстүрмен жүруді де мақұлдапты. Дінге иелік етіп алғандар бұған сенеді және өзге жұртты да сендіреді. Негізгі дәлел етіп олар Құрандағы мына жолдарды келтіреді:

 

4:80 Елшіге бағынған Құдайға да бағынған. Ал егер теріс кеткендер болса, Біз сені оларды сақтаушы едіп жібермедік.

 

Дінбасылар мен пірлердің айтуынша, мұндағы «бағыну» – «Пайғамбардың сүннеті» («СуннатуРасуль»)деп аталатын нәрсеге мойынсұну деген сөз.

 

«Пайғамбардың сүннетін» көпшілігіміз білеміз. Оны «хадис» жинақтарынан, «фикх» турасындағы кітаптардан, «тәпсір»-түсіндірмелерден және басқа жазбалардан көре аламыз.

 

Қалыптасқан дәстүр бойынша, «Сүннет» – Алланың елшісінен қалған өнеге, ендеше оны айнытпай қайталау қажет. Бірақ олардың басым көпшілігі Мұхаммед пайғамбар жайлы сол хикаялардың қалай пайда болғанына, рас-өтіріктігіне терең ой жүгірте бермейді. Мына жағдайға назар аударайықшы. Пайғамбарымыз айтты деген сөздер, ол туралы хикаялар Мұхаммед о дүниелік болғаннан кейін шамаменжүз жыл өткен соң жинақтала бастады. Қалай? Кімдерден? Пайғамбардың көзін көрген адамдармен сөйлесіпті-міс деген адамдардың аузынан. Осындай жолмен тағы жүздеген жылдар бойы жиналумен болды. Ауыздан ауызға тараған аңыздар ақыры қасиетті нәрсеге айналды.

«Пайғамбардың сүннеті» деп жүргеніміз не? Ол – орта ғасырлардағы арабтардың тұрмыстық, гигиеналық, диеталық, романтикалық және басқа да толып жатқан әдет-ғұрыптары. Қалыптасып кеткен дәстүрдің айтуынша, «Пайғамбар сүннетінсіз» Құранды түсіну мүмкін емес. Яғни, Қасиетті кітапты түсіну үшін қосымша – «қасиеттірек кітаптар» керек-міс.

 

Алайда, бұл қағида Исламдағы қарапайым фактіге қайшы келеді. Олай болатыны – елшінің өміріндегі негізгі жайттар Құранның өзінде егжей-тегжей баяндалған.Адамдардың елшіге қойған сауалдары, Алладан қуат алған Мұхаммедтің ол сұрақтарға жауабы хадистерде, сүннетте емес, Қасиетті кітапта жазулы тұр!

 

2.219 Олар сенен шарап пен құмар ойын жайлы сұрайды. «Бұл екеуі – үлкен күнә. Адамға пайдалы жағы да бар. Бірақ олардың пайдасынан күнәсі көбірек» деп айт. Олар сенен Алла жолында нені, қалай жұмсау керектігін сұрайды. Айт, артылғанын жұмсасын. Құдай сендерге белгілердің сырын осылай ашады, енді ақылға келерсіңдер бәлкім.

17:85 Олар сенен рух туралы сұрайды. «Рух Жаратқан иемнің билігінде. Сендерге (ол жайында)берілген білім аз» деп айт.

 

Мұхаммедтің өмірі жайлы білгіміз келгеннің бәрі Құранда жазулы екені Қасиетті кітаптың өзінде айтылады. Мұхаммедке Құранды адамдарға жеткізу хұқы ғана берілді. Яғни, оған жүктелген міндет – Алланың сөзін айқын жеткізу. Мына аяттарға мұқият зер салсақ, оған көзіміз жетер еді.

 

5:92 Құдайға бағыныңдар, елшіге бағыныңдар және абай болыңдар! Егер құлақ аспасаңдар, Біздің елші айқын жеткізуші ғана, осыны біліп қоярсыңдар.

29:18 Егер мұны жалған көрсеңдер, бұрын өзге қауымдар да жалған көрген. Елшінің ісі – айқын баяндау ғана.

 

Мұхаммедке сый етілген жалғыз жазу, жалғыз аян, жалғыз жолдаудың Құран екеніне ешқандай талас жоқ.

 

6:19  Бұл Құран маған аян болып берілді. Сендерді және Құран жеткендердің бәрін сақтандыру үшін келді.

 

Мұхаммед – көп елшілердің бірі ғана.

 

3:144 Мұхаммед тек елші. Оған дейін де елшілер өткен.

 

«Елші» («Ра-Су-Л») сөзінің түбірінде Жолдау («Ри-Са-Ля») деген сөз жатыр. Елші Жолдауды жеткізеді. Сондықтан «елшіге бағыну» ол жеткізген Жолдауға бағыну дегенді ғана білдіреді. Елшіге Алладан Жолдау түсті,  «Алланың елшісі» деген мәртебе берілді, бітті. Бұдан өзге мәселеде оның бас иетіндей беделі болмауы тиіс.

 

Көріп отырғанымыздай,«Құдай мен оның елшісіне бағын» әмірі«Құранмен қатар Сүннет те керек» деген сөз емес. Керісінше, заңдардың бастауы – Қасиетті кітап. Бір ғана заң бар, ол – Құдайдың заңы. Бір ғана сүннет бар, ол – Алланың сүннеті. Құранға бағынумен бірге біз Құдайға, Оның елшісіне бағынамыз. Басқа діни жазуларға сенгеніміз – басқа «құдайларға» бас игеніміз, сөйтіп Жалғыз Құдайдың елшісінен теріс айналғанымыз.

 

21:45 «Мен сендерді аянмен сақтандырам» де. Бірақсақтандырғанмен, кереңнің құлағына сөзкірмейді.

5:48 Біз саған ақиқат Кітап түсірдік. Бұған дейінгі Кітаптардан түскеннің ақиқаттығын растап, оны қорғау үшін жібердік. Олардың арасына Алланың сөзімен төрелік жаса. Олардың ақылын билеген құштарлыққа  еріп, өзіңе келген ақиқаттан айныма. Біз сендердің әрқайсыңа жол көрсеттік, дұрыс жол салдық.

7:203-204 Егер белгі (мұғжиза) көрсетпесең, олар «Неге оны сұрамадың?» дейді. Айт: «Мен тек Жаратқан ием аян еткен нәрсегеерем. Ол – Алла Тағалаңыз жіберген анық белгі, дұрыс жолбасшы және иман келтіргендерге рақым».

6:114-115  «Құдай маған Кітап түсірді және оны бүге-шіге түсіндірді. Ендеше маған Құдайдан басқаның соты неге қажет?» деп айт. Кітапты Алла Тағалаңыз ақиқат етіп жіберді. Мұны Бізден сыйға Кітап алғандардың бәрі біледі. Сен де күмәнданушылар ішінде болма. Аллаңыздың адал да әділ сөзі айтылып болды. Оның Сөзін ешкім өзгерте алмайды. Ол бәрін естіп, біліп тұр!

6:19 «Ең сенімді куә кім?» деп айт. «Құдай – менімен сендердің арамыздағы куә. Бұл Құран маған аян болып берілді. Сендерді және Құран жеткендердің бәрін сақтандыру үшін келді. Сендер сонда да Алладан басқа құдай бар деп куәлік бермексіңдер ме?» де.  «Мен мұндай куәлік бермеймін. Құдай – жалғыз. Сендердің оған серік қосқандарыңа менің қатысым жоқ» деп айт.

33:21 Құдайдың елшісі сендерге жақсы өнеге...

48:23 Құдай заңы («СуннатуЛЛа») осындай, бұрын да солай болған, ал сен Құдай заңына («СуннатуЛЛа») балама таба алмайсың.

8.20 Уа, иман келтіргендер! Құдай мен Оның елшісіне бағыныңдар және естіп тұрып Одан теріс айналмаңдар.

7:204 Құран оқылып жатқанда тыңдаңдар және тыныштық сақтаңдар – мүмкін сендерге рақымшылық жасар.

4:13-14 Ал Құдай мен Оның елшісіне құлақ аспай, Оның заңдарын бұзғандарды Ол тозақ отына тастайды. Ол сонда мәңгі қалады, ондайды қорлық жаза күтеді.

 

Ислам мен дәстүрлі «мұсылмандықтың» айырмасы неде?

 

Исламды сүннизм және шиизммен салыстырсақ, толып жатқан қарама-қайшылық көреміз. Солардың кейбірін ғана мысал етейік.

 

-         Исламда «тура жолмен» жүрсеңіз – мұсылмансыз (6:151-153).

Ал сүннизм және шиизм діндерінде мұсылман болу үшін «исламның» 5 парызын орындап, сектада (мазхаб) тұруыңыз міндет.

 

-         Ислам адамның ақылын жоғары қояды. Шын сенім Алланың еркімен және адам ақылмен терең ойланып, мол білімге жеткенде ғана келеді (2:170, 10:100, 17:36). Құранды тек ойлы адам түсінеді. Ақиқат көпшіліктің пікіріне тәуелді емес.

«Сүннизм» мен «шиизм» ақыл мен Құранды жеткіліксіз санайды. Адам «жүрекпен сеніп», сектаға (мазхаб, ақида) кірсе және көпшіліктің пікірін құп көрсе, сонда ғана мұсылман. Бұл діндер ақыл мен білімді емес, эмоциялық толқуды жоғары қояды. Ата-баба әруағының мысы бар, әруақ қолдайды деп сенеді.

 

-         Исламда адам иман келтіре ме жоқ па немесе қай дінге сенеді – оның өз еркі (2:256, 10:99, 18:29, 88:21-22).

«Сүннизм» мен «шиизм» діннен айнығандарды өлтіріп, дінді зорлықпен тарату саясатын ұстанады.

 

-         Исламда құл ұстаудан бас тарту Құдайдан қорқу болып саналады (90:12-13).

«Сүннизм» мен «шиизмде» құлдық – кәдуілгі нәрсе. Тіпті соғыста құлдарды пайдалану дұрыс іс саналады.

 

-         Исламда нәпсіқұмарлық пен азғындықтың жазасы – жұрт алдында масқара ету(24:2) және бұл тәртіп тек мұсылмандарға жүреді.

Ал «сүннизм» және «шиизм» діндері ондай іспен қолға түскен адамды таспен ұрып өлтіреді.

 

-         Ислам қорғаныс мақсатында және әлсіз бен қанауға түскенді арашалау жолында ғана соғысуға рұқсат береді(2:190, 4:75).

«Сүннизм» мен «шиизм» үшін «имансыз» атаулымен соғыс – қалыпты жағдай. Дінсізді өлтіру имандылықтың дәлелі болып саналады.

 

-         Исламда халық мәжіліс, сайлау, еркін пікір білдіру, талқы, келісім арқылы басқарылады. Билік тізгіні иманды да білікті адамдарға беріледі.

«Сүннизм» мен «шиизмде» билік тұтастай алғанда арабтың құрайш тайпасының немесе жекелей алғанда пайғамбардың Әли мен Фатимадан тараған ұрпақтарының қолында болуы тиіс.

 

-         Ислам – монотеистік, прогрессивті, әр нәрсені теңгеріп-теңшеп отыратын айқын жүйе. Ол бар мәселені ақылға салуға, адам табиғатын тереңнен зерттеп білуге болады деген сенімде. Ислам қарама-қайшылықтармен санасады, бірақ екіжүзділіктіайыптайды. Тарихты, түп-тұқиянды мифке, ақыл жетпейтін тылсымға айналдырумен күреседі.Ислам хаосты, шешілмеген түйіндерді, жікшілдікті жеңеді.

 

-         Ислам ақыл-білімді және Құдай туралы, Оның жаратушылығы жайлы, өмірдің мәні хақында ойлана білу қабілетін жоғары қояды. Ислам – діни және гендерлік үстемдікке, эмоционалдық фанатизмге, жалған нанымға, мифтерге, ырымшылыққа, сыбыстарға, адам санасын билеп, жаншуға, агрессияға, зорлық-зомбылыққа қарсы. Және ең бастысы Бір Алладан басқа пұттар мен «құдайларды» мойындауға негізделген дәстүрлі және дәстүрлі емес табынушылыққа қарсы жүйе.

 

-         Ислам – қараңғы тобырды айтқанға көндіріп, айдағанға жүргізу мақсатында, «ислам осы» деп пайғамбарлар, сахабалар, әулиелер, ғалымдар, шейхтар, имам- молдалардан пұт жасап, құлдық ұрумен күресуші жүйе.

 

Бір ғана Алла бар!

 

«Сүннизм» немесе «шиизмді» ұстанушылар! Келіңіздер, ақылымызды іске қосып, шын жүрегімізбен Бір Аллаға қайта оралайық. Бір Алладан басқа күштерге, өзіміз жасап алған пұттарға бағынудан, бас июдентыйылайық. Қысқасын айтқанда, көпқұдайшылықтан үзілді-кесілді бас тарталық. Құдайдың Кітабын жалғыз жолбасшым деп таниық. Елшінің шын сүннеті - Ұлы Құран. Ендеше Құран көрсеткен жолмен жүрейік. Қатені мойындап, дұрыс жолға қайта түсудің ешқашан кештігі болмаған. Мұны Жаратқан иеміз Қасиетті кітапта айтады:

 

39:53 Айт: «Уа, өзіне зиын қылған құлдарым, Алланың рақымынан үміт үзбеңдер! Ақиқаты сол, Құдай күнәларды түгел кешеді: Ол аса кешірімшіл және өте рақымды!

39:54 Және Жаратқанға бет бұрыңдар, Оған беріліңдер! Әйтпесе, жазаға ұшырайсыңдар, одан соң сендерді қорғау жоқ.

39:55 Қаперсіз жүргенде кенеттен жазаға ұшырамай тұрып Алла өздеріңе жіберген нәрселердің ең кереметін жолбасшы етіңдер.

 

Өкініштісі сол, көңілінің күйі мен әдеті бойынша жүретіндер көп, ал Құдай сөзінің растығын тексеруді, Оның Кітабын өзінше оқып ақылға салуды ойлайтындар өте аз. Мына аяттардың мағынасына зейін салайықшы:

 

18:54 Бұл Құранда Біз бар нәрсені мысал етіп, түсіндірдік. Бірақ адам баласыкері кетуге бейім.

18:55 Дұрыс жол көрсетілген уақытта иман келтіріп, Жаратқан иесінен кешірім сұраса, адамдарға не кедергі болды? Бұрын өткендердің жазасын тартып, азап шеккісі келетіндіктен ғой? Ол азап бұлардың алдынан шығады әлі.

18:56 Біз елшілерді жақсы хабар жеткізсін және сақтандырып, көзін ашсын деп қана жібереміз. Алайда Құдайға сенбейтіндер ақиқатты жалған дәйекпен терістегісі келеді, солайша олар Менің белгілерімді, сендірген нәрселерді күлкі етеді.

18:57 Алланың белгісін есіне салса да теріс айналған, өз қолымен өзіне не жасағанын ұмытқан адамнан кесір жан бар ма?Құранды түсінбесін деп Біз олардың жүрегін бүркедік, құлағын саңырау еттік. Сен дұрыс жолға бұра алмасаң, олар  ешқашан дұрыс жолға түсе алмайды.

 

Ислам қайда апарады? Исламнан қандай пайда бар?

 

Әр шешімін таразыға салып, көзқарасының дұрыстығын, салдарын ойлануға кез келген адамның хақы бар. Ал иман, дін мәселесінде мұндай толғаныстың маңызы екі есе артық. Сол себепті де барша жұрт Құранды зерттеу ісіне мұқият және сын тұрғысынан қарағаны дұрыс.

Құранда көрсетілгендей Бір ғана Алла жолын ұстау әр адамды, әр ұлтты, тіпті бүкіл адамзатты бақытқа жеткізеді.

 

7:96 Қала жұртыиман келтіріп, Құдайдан қорықса, Біз оларға аспан мен жердің игілігін төгер  едік. Бірақ олар өтірік санады, ал Біз оларға өз қолыментапқан жазасын жібердік.

 

-         Ислам жеңіске жеткізеді (30:47, 22:38-39).

 

-         Ислам табысқа, молшылыққа жеткізеді (7:96, 41:30-31).

 

-         Ислам нағыз еркіндік, бостандық және таңдау хұқын береді. Оның ішінде дін-сенім бостандығы, ойды еркін айту бостандығы, жүріп-тұру бостандығы, сауда-саттықтағы бостандық(2:256, 10:99, 88:21-22).

 

-         Ислам нәсіліне, жынысы, ұстанған діні, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, саяси көзқарасы қандай екеніне қарамастан, кез келген адамның хұқықтарын сақтауға кепіл болады (5:8, 49:13).

 

-         Ислам мәжіліс пен еркін пікірге негізделген демократиялық саяси жүйеқұруға кепілдік береді (42:38).

 

-         Ислам биік моральдық стандарттарға сүйенетін қоғам орнатуға кепілдік береді (25:63-76, 16:90, 3:110).

 

-         Ислам адам өмірін және меншікті барынша қорғауға кепілдік береді (2:188, 4:58, 5:32).

 

-         Ислам адамдар арасындағы, халықтар арасындағы татулық пен сыйластықты жоғары қоюға кепілдік береді(3:110, 60:8-9).

 

-         Ислам экологиялық тепе-теңдікті сақтап, қоршаған ортаны қорғауға кепілдік береді (30:41).

 

13:11. Ақиқаты сол, адамдар өзін өзгертпейінше, Құдай оларды өзгертпейді.

 

Неліктен адасып жүрміз?

 

2:213 Адамдар әуелде бір-ақ қауым еді. Құдай оларға пайғамбарларды хабаршы әрі сендіруші етіп жіберді. Адамдарды араз еткен нәрселергебилік айту үшін ақиқат Кітапты бірге түсірді. Алайда  ақиқат Кітап түскендер айқын белгі берілген соң өшпенділіктен бөлініп-жарыла  басталды. Сонда Құдай араздық туғызған ақиқатқа иман келтіргендерді жеткізді. Алла өзі қалаған адамды ғана тура жолға салады!

 

Құранда айтылып тұр: о баста адамдарға бір ғана Кітапты жолбасшы ету әмір етілген. Ал секталарға бөліну пайғамбарлар Кітап әкелгеннен кейін басталады. Бұған дейін Кітапқа ие болып қойғандар арасында туған қайшылық адасуға, діннен безуге жол ашады.

 

Билікқұмарлық, байлыққұмарлық, енжарлық, бойкүйездік сияқты себептерден Кітап түскен жұрттар ішіндегідұшпандық пен өшпенділік тұтанды. Содан келіп хақ Кітаптың қасында кішкентай «кітаптар» пайда болды. Ал бұл шығармалардың көздегені – саяси және экономикалық мақсаттарға діни негіздеме беру. Сол арқылы адамдарға билік жасап, оларды рухани тұрғыдан тәуелді ете отырып, байлыққа кенелуді көздейді.

 

Құранның 2-сүресі, 213-аятында айтылған жағдай, яғни хақ жолдан адасу Мұхаммед пайғамбар өлген соң басталды. Яғни, Елшінің серіктері арасында билік үшін күрес басталып, оның аяғы қырғын соғыстарға ұласты. Бұл күрес алдағы бірнеше ғасырдың саяси ахуалына себеп болды. Ол кезде саясат пен діннің тығыз байланыста және бір-біріне ықпалы күшті болғанын ескере кету керек.

«Мұсылмандарды» Исламнан алыстатқан негізгі бұрмалаулар дәл сол кезде пайда болды.

 

Хақ діннен айнудың басты себебі – оның орнын Дәстүрдің басуы. Адам баласы белгілі бір халық ішінде, белгілі бір ұлт, мәдениет, өркениет ортасында дүниеге келеді. Сөйтіп, бірден сынауға болмайтын мәдени ортаға тап болады.

 

Құранға сәйкес, адамды Иманға жетелейтін нәрсе – оның ақылы. Біз мына әлемнің кездейсоқ емес екеніне, бәрін жасап, билеп тұрған бір Жаратушының бар екеніне ақылмен ойланғанда сенеміз. Білім бұған біздің көзімізді жеткізе түседі. Ал Дәстүрде сенім адамға ата-бабадан бірден ауысады немесе эмоционалдық транс кезінде оянады. Дәстүрдегі ырымшылық ақиқатты ақылмен іздеуге мүмкіндік бермейді.

 

Ата-бабадан ауысқан сенім – олардың бәрін дұрыс жасағанына шәк келтірмейтін сенім. Біз неге ата-бабаларымыз еш жерде қателеспеген деп ойлаймыз? Мұның негізі туыстық байланыста жатыр. «Қазақтың өлген кісісінің жаманы жоқ, тірісінің жамандаудан аманы жоқ» деп Абай айтпақшы, біз бабаларымызды, әкелерімізді сынауға болады дегенге көнгіміз келмейді. Демек, олардың қателігін табуға, қателіктерден сабақ алуға да өзімізге ауысқан кемшіліктерді жоюға да дайын емеспіз. «Өзге халықтардың тарихында қателік болса болар, ал бізде мүмкін емес» деп қате ойлаймыз.

Құран мұндай көзсіз сенімнің хақ дінге жеткізбейтінін айтады.

 

25:43 Құмарлықты құдай еткендерді көрдің бе? Сен олар үшін кепіл бола аласың ба?

25:44 Әлде сен көпшілік тыңдайды, ақылға келеді деп ойлайсың ба? Олар мал сияқты ғой. Мүмкін, тіптіодан қатты адасқан.

 

Адамның дәстүрге сүйеніп, өзінің Хақ жолынан айнығанын ақтап алатыны жөніндеҚұранда айтылған.

 

43:23 Солай,қай қауымға Пайғамбар жіберсек те, ондағы сөз ұстарлардың айтатыны: «Ақиқаты сол, аталарымыз осы дінде болған, біз де солардың жолымен жүреміз».

43:24 «Ал егер мен аталарың жүрген жолдан гөрі дұрыс жолды көрсету үшін келген болсам ше?» дегенде олар: «Шыны керек, сен әкелген нәрселерге сенбейміз» деп жауап берді.

 

Пайғамбарлар өткен соң уақыт өте Хақ дінді Діни дәстүр біртіндеп ығыстыра бастайды. Ал Хақ дін мен Діни дәстүрдің айырмасы орасан.

 

Хақ дінде – адам дербес тұлға. Құдайға ол жеке өзі ғана жауап береді. Өз ісі үшінАлла алдында адамның тек өз басы жауапты. Пайғамбарлар Құранды әкеледі және онда айтылғандай жүруді үйретіп, жеке үлгі көрсетеді. Пайғамбарлар тек осы істе ғана үлгі бола алады!

 

Кітап бізді өз басымызбен ойлауға шақырып, ар-ұятымызды оятады. Адам әр істе өз ақылымен ойлауды үйренуі керек. Білімін молайтып, ақылын шыңдап, діни санасын жетілдіруі қажет. Онсыз Қиямет күнінде апаттан құтылу мүмкін емес. Мына нәрсені әр адам әсте ұмытпағаны, санасына сіңіргені дұрыс: Қиямет күнінде өзі үшін тек жалғыз өзі жауап береді! Ешкім оған көмектесе алмайды! Ешкім араша түсе алмайды! Ешкім ақтық сотта қорғаушы бола алмайды!

 

6:51 Алланың алдына келетін күн бар екенін, сонда  желеп-жебейтін де, араша түсетін де ешкім болмасын біліп, қорқатындарды осымен (Құранмен) сақтандыр. Бәлкім, сонда олар иманға келер!

33:21 Құдайға және Қиямет күніне сенетін, Құдайды әсте ұмытпайтын адамдар үшін Құдайдың елшісі тым жақсы үлгі.

 

Қиямет күнінде есепке алынатын жалғыз нәрсе – адамның тіршілігінде жасаған игі істері. Бірақ бұл жақсылықтарды адам саналы түрде, Құдайдың еркіндегі ақылды иманмен жасауы тиіс. Құдайдың бізге нені нұсқағаны Қасиетті кітапта жазулы тұр. Әр адам Кітапты дербес оқып, өзі саралуы керек.

 

Осы хақ діннің қарсысында адам жасаған Діни дәстүр тұр. Оның ұстанатын принциптері де мүлдем бөлек. Дәстүрдің жеке сана мен дербес жауапкершіліктен жоғары қоятын нәрселері бар. Олар – ұжым, иерархия және топ болып дін ісін атқару. Мына нәрсені ерекше түсініп алу керек: Адамдардың көпшілігі «Құдай алдында жеке жауап бересің» дегеннен қорқады. Сөйтіп, басқа сүйеніш іздейді. Ал дәстүр адамды Алла алдындағы нақ осы жауапкершіліктен босатады да ол жауапкершілікті басқаларға, бір саты жоғары тұрғандарға жүктейді.

 

Дәл осы себепті көпшілік ақылды иманнан қашып, дәстүрге мойынсұнады. Дәстүр адамды «Мені таңда, маған бағын, басқа шындық іздеме. Есесіне бар бәледен құтыласың» деп азғырады деуге болады. Жұрт Ақиқатты іздеудің – Қиямет күнінде азаптан құтылу жолында Ақиқат іздеудің, Құдайды алдында жеке жауап берудің жауапкершілігін басқаға беріп құтылуға қуана келіседі. Өйткені, біз тыныштықты, жайлы тұрмысты жақсы көреміз. Ал шындықты іздеу, соның арқасында түсінгенін ашық айту – қабылданған дәстүрге сын айту деген сөз. Ешкім шәк келтірмейтін дәстүрге қарсы шыққан адам айналадағы жұрттың өшпенділігіне, мазаққа,тіпті қорлыққа тап болатынын білуі тиіс.

 

Дәстүрді дұрыс санайтындар Құдаймен тікелей емес, арадағы делдал арқылы келісім жасасып отырғанын түсінсе ғой! Ал дәнекер болып жүрген кімдер? Олар: ғибадатханашырақшылары, молдалар,дінбасылар, әулиелер, пірлер, ақсақалдар кеңесі, мифтер, аңыздар, «хадистер», «сүннеттер», тағысын тағылар.

 

Дінбасылар мен пірлеркөпшіліктің біз жоғарыда айтқан психологиялық әлсіздігі арқасында күн көреді. Сондықтан да олар дәстүрдің сақталуына мүдделі.

 

6:123 Біз әр шаһардың билеушілерін күнәһар еттік. Ойлаған сұмдығын сол жерде жасап көрсін деп. Бірақ олар өздеріне сұмдық қылып жатқанын білмейді.

 

Дін иелері тобырдың дәстүрден айнымағанын, тіпті дәстүрді әспеттей түскенін қалайды. Мұнымен ғана шектелмейді. Дәстүрдің мызғымауы жолында әдеби, хұқықтық, репресиивті және басқа да әдістер пайдаланады. Діни білім беретін оқу орындары,мешіттер жүйесі де дәстүрді, яғни ресми мақұлданған дінді насихаттауға қызмет етеді.Ұйымдасқан ұжымдық діннің Құдайдың хақ дінінен айырмасы сол, онда Құдай мен адамның арасында дінбасылар мен дін иелері тұр. Бұлар дін ісінде заң шығару хұқығын меншіктеп алған.

Адамдардың ақиқат көзі Құраннан ауып, адасуына тікелей жауапты – дінбасылар,дін иелері, «әулие-әмбиелер» мен пірлер.

 

Дін ілімін Құранға сай етіп реформалау дінбасылар мен олардың соңына ерушілердің қарсылығын, тіпті өшпенділігін туғызатыны сөзсіз. Адамдардың хақ дінге қайтуына кедергі жасайтын сол баяғы психологиялық әлсіздік мәселесі. «Бәлкім, ата-бабаларымыз адасқан шығар» деген сауал қоюға көпшілік көнгісі келмейді. Өйткені, дәстүр мен тәрбие, ортаның қысымы ақылға жеңістік бермейді. Логика эмоцияға, ой әдетке орын босатады.

 

7:28 Арсыз қылық көрсеткен жағдайда олар «Аталарымыздың да осылай еткенін көріп едік. Мұны бізге Құдай бұйырды ғой» деп ақталады. «Құдай арсыздықты әмір етпейді. Өздерің білмеген нәрселерді Құдай атымен қалай айтасыңдар?» де.

7:29 «Алла Тағаламмаған әділетті іс жасауды әмір етті. Қайда дұға қылсаңдар да Құдайға қарап, Құдайдан тілеңдер, Оның жолында сенім тазартыңдар. Әуелде Құдай сендерді жаратты, Оған солай қайтасыңдар» деп айт.

 

Кім кінәлі?

 

Адам баласының осынша адасып, түнекке түсуіне кім айыпты? Әрине, ең оңайы –бар кінәні пірлер мен дінбасыларға аудара салу. Бірақ өйте де алмаймыз. Неге? Онда көпке ілесіп, Сенім мәселесіндегі ең басты заңға қарсы шыққан болар едік. Ол заң – әрбір адамның Құдай алдында жеке жауап беретіні. Егер біз «Кім кінәлі?» деген сауал қойсақ, Құран оған былай жауап береді: Басына түскен бар бәлекетке жауапты – адамның өзі!

 

30:41 Зұлымдық құрлық пен теңізде адам қолымен істелді және қолымен қылған қастыққа қарай өзі де азап шегіп, сосын тура жолға түсуі үшін жасалды.

42:48 Егер Біз рақым етсек, адам баласы оған қуанады. Ал қолымен жасағаны  үшін жаза тартқызсақ, онда рахметі жайына қалады.

13:11 Ақиқаты сол, адамдар өздерін өзгертпейінше, Құдай оларды өзгертпейді.

   

Не істеу керек?

 

Бұл өмірде Құдайдың сүйген құлы болып, о дүниеде жанымызды азаптан құтқару үшін не істеуіміз керек? Қайткенде ең дұрыс жолға түсіп, Иманымызды (Cенім) тазартамыз?

Ол үшін әр істе өз ақылымызға сүйенуді үйренуімізқажет. Адамның шындықты өзі іздеп, Сенім жайлы тәуелсіз ойлануы Сенім-Иманнан ажырағысыз нәрсе.

Адам өмірінің мақсаты, Аллаға сенімнің мәні имандылықтың сыртқы образын жасап, сол қалыптан айнымай жүріп-тұруда емес. Керісінше,ақыл-ойтолғанысы арқылы жеке болмысты Құдайдың қалауымен жақсы жағына қарай түбегейлі өзгерту.

 

Оған жетудің жолы – ішкі және сыртқы болмыс жайлы ешкімнің ықпалынсыз дербес ой қорыту. Тәуелсіз ойлау білімге жеткізеді. Басқаша айтсақ,ақылын іске жарата алатын, еркін ойлы, білімді адам ғана нағыз Иман келтірген адам.

 

39:9 «Білмейтін адам білетін адаммен теңесе ала ма?» де. Ақиқаты сол, ақылы иесі ғана Құдайды еске алады (ұмытпайды).

39:17 Құлдарымды қуанышқа бөле.

39:18 Сөз тыңдайтын және сөздің ақылдысына еретін құлдарымды қуант. Олар – Құдай жолындағылар, олар – ақылдың иелері.

2:269 Құдай өзі қалаған пендесіне даналық сыйлайды. Ал даналық сыйланған адам – мол игіліктің де иесі. Бірақ ақыл иесі ғана Құдайды еске алады.

65:10 Уа, иман келтірген ақыл иелері, Құдайды ұмытпаңдар! Құдай сендерге тағылым жіберді.

65:11 Ол сендерге Құдайдың айқын белгілерін ашсын, кім иман келтіріп, қайырымды іс етсе, соны түнектен жарыққа шығарсын деп елші жіберді. Алла ол адамды сайында өзен аққан бақтарға мәңгіге кіргізеді. Құдай оған ғажап несібе сый етті.

 

Өзінің ішкі дүниесін, сырттағы әлемнің құбылыстарын және Құдайдың белгілерін ақылға салу арқылы адам Құранның ақиқат екенін түсіне бастайды. Осылайша, ол өз өмірінің мәнін де сезіне бастайды.

 

41:53 Ақиқат екеніне көздері жетіп болғанша, Біз оларға ғаламдағы және олардың өзіндегі белгілерімізді көрсете береміз. Алла Тағалаңның әр нәрсеге куә екендігі жеткілікті емес пе?

Ақыл-ойдан қашып, ойлануға ерінген адам – өзін жоғалтқан адам. Жоғалтып қана қоймай, Құдайға иланудан да қалған адам.

6:20 Біз кітап сыйлаған жұрттар оны өз баласын білгендей біледі. Өзін жоғалтқан адам иман келтірмейді (Құдайға сенбейді).

7:179 Біз тозаққа деп  шайтандарды және адамдардыкөптеп жараттық. Олардың жүрегі бар түсінбейді, көзі бар көрмейді, құлағы бар естімейді. Олар мал сияқты, тіпті одан да қатты адасқан. Олар – қаперсіз енжар жүргендер.

 

Пірлер немесе дінбасылар

 

Ой мен Сенімді бір-бірінен бөліп алу мүмкін емес. Яғни, ойланудан ерінген, ойланудан қалған адам – иланудан қалған адам. Ал дәстүрлі дін Сенім мен Ақылды бір-біріне қарсы қояды. Яғни, Сенім бар жерде ақыл керек емес. Бұл екеуінің дұшпандығына «әлім», «уляма», «факих», «мухаддис», «муфассир», «шейх уль-ислам», «аятолла», «худжат уль ислам», «молда», «мәуләна», «әулие», «имам», «мүфтий», «мүршид» тағы басқалай аталатын діни атақтар, қысқаша айтқанда түсіндірмеші пірлердің кәсіби институты дәлел бола алады. Бұл институт сүннизм мен шиизмге, сонымен қатар суфизм, салафизм сияқты оларданбөлінген секталарға тән.

Ақыл мен Сенімнің қайшылығына апаратын нәрсе – дін туралы білімді жай пенденің қолы жетпейтін биікке шығарып қою. Бұл үшін діннің өзі екіге бөлінеді. Бірінші – эзотерикалық, яғни құпия, күрделі, қол жетпейтін биіктегі дін. Екінші – экзотерикалық, бұл – жай «мұсылмандар» күнделікті ұстап жүрген практикалық, қолжетімді дін. Өздеріңіз байқап отырғандай, діннің эзотерикалық тармағында Ақыл қолданылады. Ал оған тек дін иелері мен дінбасылардың ғана хұқы бар!

Дәстүрлі дінде «қасиетті дін білімін» алғандар айрықша мәртебеге ие. Бұл мәртебені олар Дәстүрге ұзақ қызмет етіп, мол еңбек сіңіргені үшін алады. Ондағы еңбек: кітаптан бас алмай, тұтас мәтіндерді жаттау, ол мәтінді жеткізушілердің тізбегін жатқа айту, түрлі секталардағы беделді пірлерге шәкірт болып, сол секта дәстүрін жалғастыру. Пір-абыздықтың бұл түрі негізінен ортодоксал сүннит бағытына тән.

«Мұсылмандықтың» өзге бағыттарында пірліктің басқа варианттары бар. Мысалы, шиизмде – мұрагерлік, суфизмде – азапты тақуалық. Ал іс жүзінде пірліктің түрлері араласа береді. Сүннит әлімдері мен шииттік аятоллалар сопы да бола алады, ал сопылар «әулиелікті» баласына мұраға қалдыра береді.

Тагут

 

Дінбасылардың бірден-бір мақсаты – хұқық саласын өздеріне меншіктеп алу. Діни заңдар шығару – солардың құзыретінде. «Қасиетті білім бізге берілген» деген желеумен олар дін иелері корпорациясын қоғам үшін заң шығару құралына айналдырып алған. Бұл да ештеңе емес. Дінбасылар мен пірлер қоғамның бүгіні мен болашағына ықпал етіп жатыр.

Осылайша жеке адам мен Құдайдың арасында бөгет пайда болды. Ол бөгет – Дәстүр, яғни Құдайдан бөлек жүйе. Ал жай адамдар осы жүйенің бір бөлшегі ретінде Имансыздыққа қатысып отыр. Құдайдан бөлек заңдар жүйесін Құранда «Тагут» деп атайды. Тагут дегеніміз – мәжбүрлеу, әділетсіздік. Бұл жүйе Хақ дінге балама ретінде шығады. Және өзінің заң шығарушы ретіндегі сипатын алға тартады.

 

4:60 Саған түскенге және саған дейін түскендерге де сенеміз деп қойып, адам баласы өзіне Тагут төрелік айтқанын дұрыс көреді емес пе,  білмеуші ме ең? Адамдарға оған сену әмір етілген жоқ қой! Бірақ шайтан оларды адастырғысы келеді.

 

Тагут жүйесі – ата-бабадан қалған дәстүрге өте жақын нәрсе. Сенбейтін адамдар Құдай жолы мен ата-баба жолы бір нәрсе деп біледі. Осылайша олар өздерінің ырымдарын, тыйымдарын ақтап алуға тырысады.

 

16:35 Аллаға серік қосушылар: «Егер Құдай соны қаламаса, біз де, аталарымыз да Одан басқа ешкімге сенбеген болар едік, Ол айтпаған нәрселерге тыйым салмас едік» дейді. Бұрынғы өткендер де дәл осылай еткен. Елшілерге аянды айқын жеткізуден басқа міндет жүктеліп пе еді?

16:36 Біз «Құдайға бас иіңдер, Тагуттан алыстаңдар!» деп үгіт айтуы үшін әр қауымға елші жібердік. Олардың кейбірін Құдай дұрыс жолға салса, енді біріне адасуға бұйрық болды. Жер бетін шарлаңдар, сенбейтіндердің ақыры немен тынғанын көріңдер.

 

Ата-бабадан қалған дәстүр деген не? Ол – дін ұстаудың қолдан жасалған бір түрінтұтынуға адам баласын күштеп көндіру. Баланың өз ақылымен таңдау жасауға мүмкіндігі жоқ. Құранға, хақ дінге еш қатысы жоқәдет-ғұрып, ұғымдар шыр етіп дүниеге келген сәттен-ақ сәбидің санасына сіңіріле бастайды. Орыс – православ; қазақ, араб, түрік – мұсылман; еврей – иудей; қытай – даосист, буддист, конфуцийшіл... Мұндағы «православ діні», «мұсылманшылық», «иудаизм», «буддизм» дегендердің барлығы – Дәстүр, адамды ата-бабасы кім болса, сондай болуға мәжбүрлейтін Тагут.

Ал Құдай не дейді? Ол дәстүрлі дін мен Құдайға сенімнің бір-біріне қарама-қайшы, тіпті дұшпан екенін айтады.

 

2:256 Дінде мәжбүрлеу жоқ. Дұрыс жол мен теріс жолдың арасы анық етіп ажыратылды. Тагуттан бас тартып, Аллаға сенгендер қисаймайтын тіректі сүйеніш етті. Құдай бәрін естіп, біліп тұр.

 

Құран туралы

 

2:2 Бұл Кітапқа күмән жоқ, ол – Құдайдан қорқатындарды дұрыс жолға бастаушы.

7:52 Біз оларға бұрын да Кітап сыйладық. Оны біліммен түсіндірдік, иман келтіргендерге рақым және дұрыс жолбасшы еттік.

16:89 Және Біз саған кітапты бар нәрсені түсіндіруші, дұрыс жолбасшы, рақым әрі мұсылмандарға жақсылықтың хабаршысы етіп түсірдік.

35:25 Егер олар сені өтірікші көрсе, бұрынғылары да елшілерді өтірікші санаған. Елшілері оларға айқын белгілер, Жазулар, жарық шашқан кітап әкелетін.

4:174 Уа, адамдар! Сендерге Құдайдан дәлел келді, және Біз сендерге жарық бердік.

12:111 Олар жайындағы әңгімеде ақылы иелеріне арналған ғибрат бар. Бұл ойдан шығарылған хикая емес. Оған дейін түсірілгендердің ақиқаттығын растаушы, иман келтірген адамға бар нәрсені түсіндіретін дұрыс жолбасшы әрі рақым.

17:41 Біз бұл Құранда бәрін түсіндірдік,есте ұстасын дедік. Бірақ олар бұрынғыдан әрі жирене түседі.

 

Иә, Құран ең дұрыс жолмен жүргізеді, түсіндіреді және қара түнекке жарық түсіреді. Мұны жоғарыда келтірілген аяттар айтып тұр.

Құдай Құрандағы сөздерді жеке адамның ақылы мен ар-ұятына тигізе арнайды. Кітапты ешкімнің көмегін күтпей, өздігінен оқып-түсінуге, қорытынды жасауға шақырады.

Құран арқылы кез келген нәрсенің мәнін түсінуге болады. Ол жеке адам үшін Ақиқаттың түп негізі немесе Ақиқатқа жетудің шарты. Бұл Құранның өзінде анықайтылады. Алайда, Дәстүр мұнымен келіспейді. Ол тіпті қарсы шығады. Дәстүр «Құран – түсінуге ауыр, сәйкес білімі жоқ адамның ақылы жетпейтін кітап, оны түсіну үшін арнайы мамандар мен әдебиеттің көмегі керек» дейді. Сүннизм «Құранды түсіндіретін тәпсірлер мен хадистер қажет» деп ашық айтады. Құран мен Дәстүрдің осынша терең қайшылыққа түсуінің себебі неде? Бұл сұрақтың жауабы Кітаптың өзінде жазылған.

 

13:1 Әлиф. Ләм. Мим. Ра. Бұлар – Кітаптың белгілері. Құдайдың саған жібергені – ақиқат, бірақ көпшілік бәрібір сенбейді.

31:1 Әлиф. Ләм. Мим.

31:2 Бұл – даналық кітабының белгісі.

31.3 Қайырымды іс еткендерге рақым әрі дұрыс жолбасшы.

31.4 Дұға қылып, зекет беретіндерге. Олар – о дүниедегі өмірге сенетіндер.

31:5 Олар Құдайдың дұрыс жолымен кетіп барады. Олар – табысқа жеткендер.

31:6 Адам арасында Құдай жолынан адастыру үшін алданыш хикая (ляхуаль-хадис) сатып алып, оны алданыш ететіндер бар. Оларды қорлық жаза күтеді.

31:7 Ал оған Біздің белгілерімізді айтса, ол естімегендей, керең адамдай шалқаяды. Оны азабы күшті жазамен қуант.

61:8 Олар Құдайдың жарығын ауызбен сөндірмек болады. Бірақ иланбайтындар қанша жек көргенмен, Құдай Өзінің жарығын сақтайды.

61:9 Ол Өзінің елшісіне дұрыс жолбасшы және хақ дін қосып жіберді. Көпқұдайшылдар қанша жек көрсе де бұл дін басқа діндерден жоғары тұрсын деп.

25:31 Біз әр пайғамбарға күнәһарлар ішінен жау тауып бердік. Бірақ сағанАлла Тағалаңның дұрыс жолбасшы және көмекші болғаны жеткілікті.

 

Жоғарыда келтірілген аяттар нені көрсетеді? Олар Кітап түскен жұрттарда көпшілік Кітапқа қарсы шығатынын айтып отыр. Пірлер мен дінбасылардың ықпалына түскен көпшілік пайғамбарларды қабылдай қоймайды. Ал пірлер Хақ дінді мойындамайды. Мойындау түгілі, пайғамбарларға қарсы сан түрлі қастандық ұйымдастырумен болады.

Бұл дұшпандыққаитермелейтін нәрсе не? Ол –сол заманғы саяси, экономикалық және әлеуметтік тәртіпті сақтауға ұмтылу және Дәстүр арқылы сол тәртіпті адамдардың санасына одан әрі сіңіру.

 

3:14 Әйел мен бала, үйілген алтын мен күміс, ен-таңбалы аттар, мал мен егінді құмарта сүю адамдарға әдемі болып көрінеді. Бұл – осы өмірдің қызығы, ал ең жақсы мекен – Құдайдың қасында.

7:51 Дінін ермек етіп, алданыш қылғандар бұл өмірдің арбауына түсті: бүгін Біз де оларды ұмытамыз. Осы күнге келерін ұмытып, Біздің белгілерді мойындамағаны үшін!

7:52 Міне, Біз оларға Кітап алып келдік. Оны біліммен түсіндірдік, иман келтіргендерге рақым және дұрыс жолбасшы еттік.

6:70 Дінін ойын қылып, ермек еткендерге тиме. Олар бұл өмірдің арбауына түскендер!

 

Мұхаммед пайғамбарға қарсылықты Меккедегі құрайыш тайпасының ақсүйектері бастады. Олар бір ғана Құдайға сенуге шақырған елшімен

бастапқыда енжарлау күресті, бірақ кейіннен бұл күрес дұшпандыққа ұласты.

Ол кезде Дәстүр мен ата-баба дінінің беделі күшті, санаға мықты орныққан еді. Мұхаммедпен жауласудың себебі, осы саяси, және әлеуметтік-экономикалық тәртіпті сақтауға жанталасу болатын. Ол қоғамда көп мәселе мұрагерлік жолымен шешілетін, билік әкеден балаға берілді. Шындық ақыл-ойдың ізденісі және Құдай Кітабына жүгіну арқылы ашылмайтын. Ақсақал-пірлер не айтса, сол шындық болып қабылданатын. Дәстүрдің шеңберінен шықпаған адам «ақиқат жағындамын» деп сене алатын.

Алайда, Мұхаммед дәстүрдің жолы ақиқаттан, ақсақал-пірлердің даналықтан алыс екенін дәлелдей бастады. Ескі тәртіпті сақтап, соның жемісін жеп отырғандар істің насырға шаба бастағанын сезді. Елшінің өздеріне қандай қатер әкеле жатқанын түсінді. Сөйтті де, пайғамбар мен оның жақтастарына шабуылға көшті.

Бұл күрес Құдайға сенгендердің әскери-саяси жеңісімен аяқталды. Алайда, Мұхаммед дүниеден өте салып, ескі элитадан қалған сарқыншақтар Сенімге қарсы күресті қайта бастады. Сатқындық құрайыш тайпасынан шыққан Әбу-Суфьянның ұрпақтарынан келді. Кейін бұлар Умейядтар әулеті деп аталды. Пайғамбар өлгеннен кейін билікті иеленіп алған Умейядтар Хақ дінді Дәстүрге ауыстырды. Анығын айтқанда, бұрынғы пұтқа табыну заманындағы тәртіпті қайта орнатты. Құдай жолынан таюдың ең алғашқы қадамы билікті әке балаға бергенде жасалды. Умайядтар әулетінің бірінші халифі Муавийя тақты өзінің ұлы Язидқа берді. Және оны билеуші етіп тануға халықты күшпен мәжбүр етті. Осылайша рулық дәстүр Құранда айтылған биліктің мәжіліс және сайлау тәртібін жоқ қылды.

Пұтқатабынушылық өстіп саяси контрреволюциядан басталды. Ал уақыт өте келе ол Ислам атты ақылдың дінін мүлдем жұтып қойды. Бір Құдайға ғана бас июді талап ететін Хақ дін қайда кетті? Ол ақылды қажет етпейтін діни әдет-ғұрыптар мен ата-баба салтын шаң жуытпай сақтайтын «мұсылмандық» Дәстүрге айналды.

Бір айта кететін нәрсе, сүннизмге қарсы шиизм дәстүріндегі пұтқатабынушылықтың да бәлендей айырмасы жоқ. Екеуінде де билік мұрагерлік жолымен беріледі. Екеуінде де ақыл догмаға бағындырылған.

 

«Хадистер» мен «Сүннет»

 

Хижраның екінші ғасырында «Хадистер» деп аталатын кітаптың алғашқы жинағы дайындалды. «Хадис» қазақша «айтылған сөз» деген мағына береді. Ол сөзсіз бүгінде мұсылмандар өз дінін түсінуден қалды. «Хадистен» келіп «Сүннет» шығады. «Сүннет» – Мұхаммед солай жасаған екен деген іс-әрекет үлгісі. Оны мұсылмандар Құраннан кейінгі және Құранды толықтыратын ақиқат бастауы деп қабылдап кетті.

Бүгінгі мұсылман «Хадис» пен «сүннетті» ұстану – міндет, онсыз Ислам – Ислам емес» деп ойлайды. Оның себебі, «Мұхаммед пайғамбарға екі аян түскен, бірі – Құран, екіншісі – Сүннет» деген түсінікте жатыр. «Сүнниттердің» сенімі бойынша, Құран – Құдайдың заңы болса, Сүннет – Мұхаммедтің заңы. Яғни, бұл екі заңды бір-бірінен бөліп алуға болмайды. Сүннет Құранды толықтыратын, түсіндіретін, тіпті кей жағдайда теріске шығаратын кітап болып та кетеді.

«Сүнниттер» Мұхаммед пайғамбар былай айтыпты деп сенеді: «Ақиқатында, маған Кітап және соған ұқсас бір нәрсе берілді. Ақиқатында, маған Құран және соған ұқсас бір нәрсе берілді». – («Муснад», имам Ахмадтың хадистер жинағы 4/130).

Ал Құранның өзі бұл туралы не дейді? Ол Құранға ұқсас бір нәрсеге сену Құранға күмән келтіру екенін айтады. Мұхаммедке Құран сияқты бір нәрсе беріліпті дегенге сенетіндер – Құдайға сенбейтіндер. Бұл да Қасиетті кітапта айтылған. Бір Құранды жеткіліксіз санайтын адамды қатал жаза күтеді.

 

2:23 Егер Біз құлымызға түсіргенге күмән келтірсеңдер, онда осыған ұқсас бір сүре шығарыңдар да Құдайдан басқа өз куәларыңды тартыңдар. Егер сөздерің рас болса.

2:24 Ал егер мұны істей алмасаңдар – мұны сендер ешқашан істей алмайсыңдар, – онда адамдар мен тастар отын болып жағылатын тозақ отынан қорқыңдар. Ол от сенбейтіндерге арналған.

17:88 Егер адамдар мен шайтандар бұл Құран сияқты бір нәрсе жасау үшін біріксе де ештеңе шықпас еді. Тіпті олар бір-біріне көмектессе де.

17:89 Біз бұл Құрандар адамдарға бәрін мысал етіп түсіндірдік. Бірақ адамдардың көбі имансыздықтан басқаның бәрін теріске шығарады.

 

«Хадис» жинау ісі хижраның төртінші ғасырының басына дейін жалғасты. Ең танымал жинақтар болып «Алты кітап» саналады. Олар – Бұхари, Муслима, Әбу Дауда, Тирмизи, Насаи және ибн Маджаның жинақтары. Ал бұл алтаудың ішіндегі ең беделді, ең сенімді дегендер – Бұхари және Муслима жиған «хадистер».

«Шииттік» сектаның да «хабар» деп аталатын өз «хадистері» бар. Олар негізінен әл-Кулайни, ибн Бабуйя және Тусидің жинақтарын рас көреді.

«Хадистерді» діни заңдардың көзі ретінде алғаш рет пайдалануға тырысқан адам – Малик ибн Анас. Ол хижраның екінші ғасырының соңында «Әл-Муватта» («Мақұлданған») атты еңбек жазды.

Бұл кітабында имам Мәлік «сүнниттік» әдістің мынандай принциптерін бірінші болып қағазға түсірді: «Хадистердің» беделіне сүйену және дәстүрге сөзсіз бағыну.

«Әл-Муваттаның» авторы ақыл-оймен еркін ойлау әдісіне қарсы адам еді. Ол «Медина жұрты бірауыздан мақұлдаған» болып саналған, ауыздан ауызға жеткен «хадистерге» сүйеніп шешім шығарды. Осылайша Құдайдың Кітабы емес, халифаттың шетіндегі шағын қалашық тұрғындарының өмір салты діни идеал, діни үлгі болып кетті.

«Сүннет» ісін Мұхаммед ибн Идрис әл-Шафии атты Мәліктің бір шәкірті жалғастырды. Ол «Әл-Рисаля» («Жолдау») атты кітап шығарды. Сөйтіп діни хұқық көзінің мынадай төрт принципін жасады: Құран, Сүннет, «кияс» (мәтіндік үйлестік) және иджма (дін мамандарының келіскен пікірі ). Осылайша жеке ақыл-оймен еркін іздену әдісі діннен біржола аласталды. Оның орнын мазмұннан сырт пішінді жоғары қоятын буквализм, дәстүршілдік және пірлердің беделі басты. Имам Шафии өзінің ұстазы жазған еңбек туралы былай дейді: «Жер бетінде Құдайдың кітабынан кейінгі ең сенімді кітап – Мәліктің кітабы». Яғни, Мәліктің кітабын адамзаттың мұрасы ретінде танып, Құдайтың кітабымен салыстыруға лайық деп тану керек. Бүкіл дәстүршіл пұтқа табынушылардың позициясын Шафии осы бір ауыз сөйлемге сыйғызып айтты.

Осылайша,мұсылмандар санасында Құранның Дәстүрге түбегейлі орын беруі Мәлік пен Шафии имамдардан басталды.

 

Бүгінгі мұсылмандық дәстүр не нәрсе? Ол:

 

-         Мұхаммед пайғамбар айтыпты делінетін «хадистердің» толып жатқан жинақтары. Бұл – әдеби дәстүр.

 

-         Өздерінің шығу тегін пайғамбардың кезінен тарататын «мазхабтар» атты хұқықтық мектептер. Ғұрыптық-хұқықтық дәстүр.

   

-         Өздерін құпия, эзотерикалық білім иесі санайтын сопылардың ордені. Сопылардың айтуынша, бұл білімді Мұхаммед өз серіктерінің ішінде таңдаулыларына беріп, содан жалғасып келе жатыр-мыс. Бұл – мистикалық дәстүр.

 

-         «Шииттік» дәстүрдегі билік пайғамбардың қызы Фатима мен күйеу баласы Әлидің ұрпақтарында болуы тиіс деп санайтын «имамат доктринасы». Саяси дәстүр.

   

-         18 ғасырда Мұхаммед ибн Әбді Әл-Ваххаб негізін салған мазхабтардан тыс реформистік «салафия» мектебі.

 

-         Дәстүрлі мұсылмандықтың шеңберінде соңғы уақыттарда пайда болған «джамаа таблиг», «ихван уль-муслимин», «хизб ут-тахрир» сияқты жаңа реформаторлық әдістемелер.

 

Мұсылмандық дәстүр мен оны қорғап-сақтаушы дін иелері мұсылмандардың жеке дамуына да, Исламның бір Құдай жүйесі ретінде әлемдік деңгейде қайта өркендеуіне де басты кедергі болып отыр. Алайда, Дәстүрге адам ақылы мен жанын билетіп отырған не? Ол – жеке адамның өзі. Оның немқұрайдылығы, надандығы. Өзінің осы күйге түсіп, адасумен жүргеніне кінәлі әрі жауапты – сол мұсылманның өзі. Құран өзгені тура жолдан тайдырған адамды да, өзін тура жолдан тайдыруға мүмкіндік берген адамды да жауапқа тартады. Жеке адамды тек оның өзі ғана құтқара алады.

 

1:6 Бізді тура жолыңа баста,

1:7 қаһарға іліккендердің, адасқандардың емес, Өзің жарылқағандардың жолына.

13:11 ... Адамдар өзін өзгертпейінше, Алла оларды өзгертпейді.

 

Мұсылмандар неліктен жеңіліп жүр?

 

Мұсылман халықтары соңғы бірнеше ғасыр бойы әр жерде, әр майданда жеңілістен, күйреуден көз ашпай келеді. Надандық, азғындық, фанатизм, зорлық-зомбылық, теңсіздік, әділетсіздік, аштық, қайыршылық, нәубет, соғыс. Мұсылман елдерінің көріп келе жатқаны, қазір бастан кешіп отырғаны – міне осы. Мұсылмандар әлем халқының төрттен бірін құрайды, аса құнарлы, қазба байлығы мол жерлерді мекен етеді. Олардың кереметтей тарихы, ғажап мәдениеті бар. Сонда да олар – бүгінде ғылым, білім, технология, даму жөнінен жер бетіндегі ең артта қалған өркениеттердің бірі. Сырт қарағанда бай көрінетін кей мұсылман мемлекеттері шынуайтында Батыс өркениетінің шикізат көзі болып отыр. Олар – бөтен халықтардың жетістігін пайдаланушы. Мұсылмандар жерінен айырылып, өздері қырылуда.

Ал қорғансыз мұсылман қарттарға, әйелдер мен балаларға жасалып жатқан зорлық-зомбылықты тілмен айтып жеткізу қиын. Адам атаулының бәріне рақым болып түскен Құдайдың заңдары мазаққа ұшырап жатыр, бұрмаланып жатыр. Жалғандықтан үстем шығып, бүкіл әлемде жеңіске жетуі тиіс дін ғибадатханаларға қуылып, тұмар моншаққа айналды.

Құдайдың адамға берген ең үлкен сыйы ақыл ше? Ол дуалау, әдет-ғұрыптарды жаттау үшін ғана жарап отыр.

Екіжүзді «оқымыстылар» мұсылман қауымының санасында шіркеулік иерархия құрып, өздері соның басына шығып алған. Сөйтіп, оларды «Құдайдың дінін түсіндіруге біздің ғана айрықша хұқымыз бар» деп сендірді. Бұқара халықтың бұған сенбеске амалы жоқ шынында. Неге? Құдай жолынан шығудың, жеңілістің себебі неде? Мұның жауабын біз Құраннан табамыз.

 

25:30 Елші (сол күні) айтар: «Құдайым-ау! Шынында менің халқым Құраннан безді».

25:31 Біз әр пайғамбарға күнәһарлар ішінен жау тауып бердік. Бірақ саған Жаратушыңның дұрыс жолбасшы және көмекші болғаны жеткілікті.

6:66 Халқың сенің Құранды жалған деп санады. Бірақ ол ақиқат қой! «Сендерге кепіл емеспін» деп айт.

 

Елші «Мұсылмандар Құдайдың Кітабынан бас тартты» демек, ал Құдай оны растамақ екен. Мұны қалай түсінуге болады? Мұсылмандар Құранды оқымай ма,жатқа білмей ме? Аяттарын дұға етіп қайталап, Құран сөздерін балаларына үйретіп жүр емес пе? Ендеше қалайша оларды Құраннан безді дейміз?

Мәселе мынада. Елшіге Құранды адамдарға жеткізу және онымен жүрудің үлгісін көрсету міндеті жүктелді. Адам өзіне, айналасына қатысты басты сауалдардың жауабын және діни заңдарды Құраннан алуы керек. Кітап адамзатқа осы мақсатпен жіберілді. Құран Дәстүрді алмастыруы тиіс. Ал елші бізге Құранда көрсетілген жолмен қалай жүру керектігін көрсетті.

 

5:48 Біз саған ақиқат Кітап түсірдік. Бұған дейінгі Кітаптардан түскеннің ақиқаттығын растап, оны қорғау үшін жібердік. Олардың арасына Алланың сөзімен төрелік жаса. Олардың ақылын билеген құмарлыққа еріп, өзіңе келген ақиқаттан айныма. Біз сендердің әрқайсыңа жол көрсеттік, дұрыс жол салдық. Өзі қаласа, Алла сендерді бір-ақ қауым қылар еді. Бірақ Өзі сыйлаған нәрселермен сынау үшін Ол сендерді бөлді. Қайырымды істе жарысыңдар. Бәрің Құдайға қайтып ораласыңдар. Сонда Ол сендердің не жөнінде келісе алмағандарыңды көрсетеді.

5:49 Олардың арасына Алланың сөзімен төрелік жаса. Олардың ақылын билеген құмарлыққа ерме. Абайла, олар Алланың саған жібергенінің біразынан айнытып жүрмесін. Егер де олар теріс қарап кетсе, онда біліп ал: Құдай оларды күнәларының кейбірі үшін жазаға тартқысы келеді. Ақиқатында, адам баласының көбі арсыз болып келеді.

 

Өзіне дейінгі пайғамбарлар сияқты Мұхаммед те Дәстүрге, дін иелеріне бас ұруға қарсы шықты. МұхаммедКітапқа кез келген адамның ақылы жететінін мәлім етті. Ақылдың соқыр сенімнен жоғары екенін айтып жар салды. Алайда, Исламның пайғамбары өлгеннен соң көп уақыт өтпей-ақ Құран жолымен жаңару тоқтады. Бәрі бәз-баяғы қалпына келді. Пайғамбар адамның еркі мен ақылын бостандыққа шығарса, фанатизм аз уақытта осы жетістікті қайтадан мансұқ етті. Бостандық, ақыл және теңдік принциптері құлап, пұтқа табыну дәстүрі қайтадан жеңіске жетті.

Бүгінгі мұсылмандар бір ғана Кітап бар сұраққа жауап береді дегенге күмәнмен қарайды. Құранмен қатар олар Сүннет-Дәстүр мақұлдаған өзге әдебиеттерді де мойындайды. Ата-бабалардың, «хадис» жинаған имамдардың, пайғамбарға серік болған «сахабалардың», оқымысты «әлімдердің», қарт «шейхтардың» биік беделі мұсылмандардың сана-сезімін билеп отыр. Бұларсыз мұсылман Құдайға құлшылық етудің не екенін көз алдына елестете алмайды.

 

53:23 Олар – тек есімдер, оны өздерің, аталарың жапсырды. Ал Құдай олар жайында еш дәлел жіберген жоқ. Олар тек жорамалға және жаны қалаған нәрсеге ғана ереді. Ал Алла оларға тура жолмен жүруді тәлім еткен болатын.

 

Мұсылман қауымы есепсіз ағымдар мен секталарға бөлшектеніп кетті. Әр сектаның өз «есімі», яғни символы, өз пірі бар. Бұл пірлер мұсылмандар үшін Құдаймен арадағы дәнекер немесе көмекші есепті.

 

23:53 Бірақ олар дінді бірнеше жапыраққа бөліп әкетті. Сөйтіп әр секта өзінің алғанына мәз болып отыр.

Бір Құдай ілімі дегеніміз не? Ол – бір ғана Кітаптың айтқанымен жүріп, бір ғана Құдайға қызмет ету. Құраннан өзге кез келген діни кітапқа еру – Аяннан ауытқумен, Аянды терістеумен бірдей.

39:1 Кітап Құдіреті күшті,  Дана Құдайдан түсті.

39:2 Біз саған Кітапты ақиқат етіп түсірдік. Құдайға құлшылық ет. Оның алдында сенімтазарт.

39:3 Ақиқаты сол, таза сенім бір Аллаға арналады. Ал өздеріне Алладан өзге желеп-жебеуші, көмекші тапқандар айтады: «Бізді Аллаға барынша жақындатсын деп оларға табынамыз». Олар қай жерде алшақ кетсе, Алла оларды сол жерден сотқа тартады. Ақиқатында, кім жалған сөйлеп, сенбесе, Алла оны тура жолмен жүргізбейді.

 

Міне, мұсылмандардың бүгінгі бейшара халі – бір-біріне жау ағымдар мен секталарға бөлінудің салдары.Мұсылманның санасы бөлініп-жарылса, оның аяғы Діннің бөлшектеніп, әлсіреуіне соғады. Секталарға бөлінуге себеп болатын нәрселер не? Ол – дінде Құдайдан басқа күштердің, басқа діни әдебиеттердің пайда болуы. Ондай күштер, ондай «бедел иелері» іс жүзінде Құдайдан кейінге «құдайларға» айналады. Бұл түсінік мұсылмандардың санасында бүгінде әбден бекіген. Ол түсініктегі адамдар Құранда «Аллға серік қосқандар», «Алладан басқаны көмекке шақырғандар» деп аталатынын білеміз. Аллаға серік қосу дегеніміз – көпқұдайшылық.

Дінбасы пірлердің ықпалымен мұсылмандар «ақиқаттың жалғыз бастауы –Құран» екеніне күмән келтіре бастайды. Құранның қасына «хадистер» мен «сүннетті» қояды.   Діндегі бөлшектенудің басты себебі – осы. Ал Кітапқа күмән келтірудің салдары – бұл өмірде сәтсіздікке ұшырау және о дүниеде масқара боп азап шегу. Құранда ол туралы былай айтылады.

 

20:123 Ол айтты: «Бір-біріңе жау болған күйі жерге түсіңдер! Ал егер Менен жолбасшы барса, онда жолбасшыға ілескен адам адаспайды және бейшара болмайды.

20:124 Кім Мені еске алудан жиренсе, күмән болмасын, оның өмірі қысылтаяңда өтеді! Ал Қиямет күні біз оларды соқыр етіп жинаймыз.

20:125 Ол сонда «Құдайым-ау, неге мені соқыр етіп келтірдің? Бұрын мен көретін едім ғой?» дер.

20:126 Оған айтады: «Саған Менің белгілерім барды ғой. Ал сен оларды ұмытттың. Сондықтан бүгін өзің ұмыт қаласың».

20:127 Шектен шыққан, Құдайдың белгілеріне сенбеген адамның жазасы сол болады. Әлбетте, о дүниенің жазасы әлдеқайда ауыр әрі ұзақ!

 

Бір Құдай – бір жолбасшы

 

Жаратқан Алла тек Құранды бетке ұстауды әмір етеді. Тек Құранды бағдар етуге бұйырады. Мұсылман үшін діннің бастауы да, жалғыз Заң да – сол Кітап. Құран ескертеді: кез келген басқа әдебиетті діннің бұлағы көретіндер кешірілмес күнәға батады. Ол күнә – ширк, яғни көпқұдайшылық.

 

6:19 «Ең сенімді куә кім?» деп сұра. «Алла – менімен сендердің арамыздағы куә. Бұл Құран маған аян болып берілді. Сендерді және Құран жеткендердің бәрін сақтандыру үшін келді. Сендер сонда да Алладан басқа құдай бар деп куәлік бермексіңдер ме?» деп жауап бер.  «Мен мұндай куәлік бермеймін. Құдай – жалғыз. Сендердің оған серік қосқандарыңа менің қатысым жоқ» деп айт.

 

Құдай үзілді-кесілді айтады: Құран –толық аяқталған, бас-аяғы бүп-бүтін кемеліне жеткен Кітап. Ақырзаманға дейінгі жалғыз заң – Құран.

 

6:114 «... Маған Құдайдан басқаның соты неге қажет?» деп сұра. Кітапты Жаратушың ақиқат етіп жіберді. Мұны Бізден сыйға Кітап алғандардың бәрі біледі. Сен де күмәнданушылар қатарында болма.

6:115 Алла Тағалаңның адал да әділ сөзі айтылып болды. Оның Сөзін ешкім өзгерте алмайды. Ол бәрін естіп, біліп тұр!

6:116 Егер сен (Мұхаммед) жер бетін мекендеген көпшілікті тыңдасаң, олар сені Құдай жолынан адастырады. Олар тек тұспалмен жүреді, тек жорамал жасайды.

 

Құдай Құранның мағынасы түсінуге аса жеңіл екенін айтады.

 

1:1 Әлиф, ләм, ра. (Бұл) – аяттары Дананың, Білушінің атынан айқын баяндалып, түсіндірілген Кітап.

 

Бүгінгі мұсылмандар жалған оқымыстыларға, бұрын өткен білімдар дінбасыларға, әулиелерге, хадистер мен тәпсірлерге сенеді. Басқа әдебиетті Құранға қатар қоюды пұтқатабынушылық санағанда Құдай дәл осы бүгінгі жағдайды меңзейді. Бұлай болмайды, Құран – ең сенімді жолбасшы, ол айқын жазылған, онда бар заттың мәні ашылған дейді Құдай.

 

10:35 «Сендер табынатын пұттардың ішінде ақиқатқа жетелейтіні бар ма?» деп сұра. «Ақиқатқа Алла бастайды. Өзгелерді ақиқатқа жеткізуші керек пе, әлде жетекке алмаса өз тұсынан дұрыс жолмен жүрмейтін бе? Не болған сендерге? Қалай ойлайсыңдар өздерің?» деп айт.

10:36 Көпқұдайшылардың көбі тұспалының тұтқыны болып жүр. Бірақ тұспал ақиқат бола алмайды ғой. Күмән болмасын, Алла олардың не істеп жүргенін біледі.

10:37 Бұл Құран ойдан шығарылмады. Ешқандай күмән жоқ, Ғаламдардың Иесі оны оған дейінгіні растаушы және түсіндіруші етіп жіберді.

 

Алла көзімізді жеткізіп отыр, Құран барлық затты күмәнсіз түсіндіріп, мәнін ашып бере алады.

 

16:88 Ар-имансыз іс-әрекеті үшін, Құдайға сенбеген, Оның жолынан айнығандардың жазасына жаза қосамыз.

16:89 (Есіңе ал Мұхаммед), Біз әр қауымға қарсы өз куәсін қойған күні, сені де (көпқұдайшыларға) қарсы куә еттік. Біз саған Кітап түсірдік. Мұсылмандарға барлық затты түсіндіруші, тура жолға бастаушы, жақсылықтың хабаршысы және рақым етіп түсірдік.

 

Құраннан ауытқудың салдарлары

 

Құдай Құранның толық аяқталған, кемеліне жеткен Кітап екенін растайды дедік. Оның әмірі мойын бұрғызбайтындай айқын әрі дәл айтылған: Біз діни кеңесші етіп Құраннан өзге ештеңені алмауға міндеттіміз.

Біз Құдайдың айтқанымен таныстық. Енді біздің Құдай сөзіне сенуге де немесе Оның белгілерін өтірікке санап, Оның әмірін тыңдамауға да толық еркіміз бар. Алайда, Құранды діннің бірден-бір негізі деп танудан  бас тартудың соңы немен тынатынын біліп алғанымыз жөн.

7:40 Ақиқаты сол, Біздің белгілерді өтірік санап, шекеден қарағандарға жұмақтың қақпасы ашылмайды. Түйе иненің көзінен өтпейінше, олар жұмаққа кіре алмайды. Күнәһарларға Біздің беретін жазамыз сол.

 

Дінбасылардың сөзіне көзсіз сену – пұтқа табыну

 

Исламда шіркеу, иерархия, дінбасылар мен пірлер деген жоқ, болуы да мүмкін емес. Сол сияқты ақсүйектерге, таптарға, касталар мен сословиелерге де орын жоқ. Өйткені, Құдай алдында адамдар – тең. Дұрыс істің жалғыз шарты – Құдайдан қорқу. Сонымен қатар білімді меңгеру де Құдай алдында үлкен игілік. Білімнің ең жақсысы – Құранды білу. Ал Құранды кез келген адам оңай түсіне алады.

 

54:17 Тағылым көріп, ұстауы  үшін Біз Құранды жеңілдеттік. Бірақ оны тағылым көріп, ұстаған адам бар ма екен?

 

Алайда, сіз кез келген мұсылманмен оның діні турасында әңгімелесіп көріңізші. Ол әлдебір діни «ғалымның», имамның немесе әулиенің пікірін келтіре бастайды.

Өкініштісі, Ислам тарихында сол «ғалымдардың» Құдай заңдарын адамдардың қалауы мен құмарлығына қарай бейімдеп, Жалғанмен келісім жасасқан жері көп. Содан келіп біздің дініміз Құдай Кітабын түсіндіру хұқын меншіктеп алған классикалық шіркеу иерархиясына айналды. Ал Жаратқанның аяны тұрғысынан алғанда мұндай корпоративті құрылымның өмір сүруге қақысы жоқ.

 

34:31 Сенбейтіндер: «Біз бұл Құранға да, оған дейін түскендерге де сенуге сөз бермедік» дейді. Күнәһарлардың Құдай алдында тұратын кезін, сөйтіп бір-бірін кінәлағанын сен көре алатын болсаң ғой! Мақұрым қалғандар бұ дүниеде көтерілгендерге: «Сендер болмасаңдар, біз сенген болар едік!» дер сонда.

34:32 Бұрын мәртебесі жоғары болғандар мақұрым қалғандарға: «Тура жол көрсетілгеннен кейін сендерді адастырған біз бе? Жоқ, өздерің күнәһар болдыңдар» деп жауап берер.

34:33 Мақұрым қалғандар мәртебесі жоғары болғандарға: «Жоқ! Сендердің күндіз-түнгі қаскөйліктерің (бізді айнытқан). Сендер бізге Құдайға сенбеуді, өзге құдайларға бас июді бұйырдыңдар» дейді. Бірақ жаза жеткенде, олар өкініштерін жасырып қалды. Біз имансыздардың мойнына бұғау салдық. Жасаған істерінің жазасы емес пе бұл? Қай халыққа елші жіберсек те ондағы дәулетті адамдар: «Шынымыз осы, сендер әкелгенге біз сенбейміз!» деді.

 

Адамдардың көбі Құранды өзі оқып, ойға берілгісі келмейді. Өз ақыл-ойымен жүруі керектігін ұмытқан. Осылайша, Құранды түсіну ісін Құдайдың «серіктеріне» беріп қойған.

 

47:24 Неліктен олар Құран туралы ойларға берілмейді? Әлде олардың жүрегі қатып қалған ба?

 

Құран дәстүршілдікті қатаң айыптайды. Ал өз ақылын пайдаланбайтын адамды малмен қатар қояды.

 

2:170 «Құдай жібергенді бағыт қылыңдар» десе, олар: «Жоқ! Біз ата-бабамыз ұстанған жолмен жүреміз» деп жауап береді. Ал егер ата-бабалары ештеңені түсінбеген, ақиқат жолды білмеген болса ше?

2:171 Сенбейтіндер бақташының айдауындағы сөз білмейтін мал тәрізді, «әйт!» дегеннен басқаны түсінбейді. Олар таскерең, мылқау, соқыр, сондықтан ештеңенің байыбына бара алмайды.

 

Өміріміздің мәні неде? Біз не үшін өмір сүреміз?

 

Біз сыннан өту үшін жаралып, осы әлемге жіберілдік. Біз бұл сынақтан қалай өте аламыз? Өзімізді жалғыз мақсатқа – Бір Құдайға қызмет етуге арнағанда ғана. Ал Бір Құдайға қызмет ету игі істер жасаудан көрінеді.

 

51:56 Мен шайтандар мен адамдарды Өзіме құлшылық етуі үшін ғана жараттым.

67:1 Ол – билік иесі, бар нәрсеге хүкім жүргізуші.

67:2 Ол өлім мен өмірді жаратты. Сендерді сынап, араларыңнан кімнің игі іс жасайтынын көру үшін. Ол – ұлы әрі кешірімшіл.

 

Біздің болмыстың мәні – Бір Құдайға қызмет ету, Бір Құда      йға табыну. Сондықтан кешірілмейтін жалғыз ғана күнә бар. Ол – көпқұдайшылық немесе пұтқа табынушылық. Кімде-кімді құдырет көрсеңіз, оған қабілет-дарыны немесе басқа да қасиеті үшін бас ие бастасаңыз, сол адам сіздің пұтыңыз болды деген сөз. Мейлі, ол кісі имам яки әулие, басшы немесе пайғамбардың өзі бола берсін. Көпқұдайшылық деген – осы. Біз Құранды қоя тұрып, басқа бір нәрсені басшылыққа алсақ, онда Шайтан жағына шыққанымыз. Ал ең бірінші болып көпқұдайшылыққа шақырған, сөйтіп Құдайға серік қосқан кім еді? Әлбетте, Шайтан.

 

15:9 Ақиқатында Біз саған Ескерту жібердік және Біз оны қорғаймыз, бұл да шындық.

 

Сонымен, мұсылмандар неге жеңілістен көз ашпай келеді?

 

Мұсылмандар өз міндетін адал атқарғанда ғана Құдай өзі берген уәдесін орындайды. Ал мұсылмандардың міндеті – тек Құран бойынша жүру және Құдайға серік қоспау. Ал Алламыз берген уәде – иман келтіргенді қолдап,  жеңіске жеткізу. Жаратушы Иеміз мұны Өзінің Кітабында айтады.

 

2:40 Өсиетімді орындаңдар, сонда Мен де ол өсиетті сақтаймын. Және Менен ғана қорқыңдар.

2:41 Қолдарыңдағыны (Кітапты) растау үшін жібергеніме сеніңдер. Және одан бірінші болып бас тартуға асықпаңдар. Менің белгілерімді соқыр тиынға сатпаңдар. Және Менен ғана қаймығыңдар.

2:41 Ақиқатты жалғанмен шатыстырмаңдар. Ақиқатты біліп тұрсаңдар, оны жасырмаңдар.

 

Мына сауалдарды өзімізге қояйықшы. «Мен өзі қай діндемін? Құдай маған ақыл берді, ендеше өз басыммен іс етуіме не кедергі? Әлде мен «діни ұстаздардың» (Алланың «серіктері») бақылауында ғана жүруім керек пе? Менің дінім адамдар ойлап тапқан нәрселердің жиынтығы емес пе? Мен ұстанып жүрген дін тарихтағы бұрмалаулардың салдары емес пе? Өмірдің мәні, ойлау әдісі, өмір сүру салты жайындағы ілім-білімді мен қайдан алып жүрмін? Мұсылман қауымының мұншалық адасуының шын себебі неде? Бір кезде жеңістен басқаны білмейтін қауым едік, қай кезде әлсірей бастадық? Егер Құдайдың көзі түзу болса, бұл дағдарыстан шығып, өз тағдырымызды қолымызға алу үшін не істеуіміз керек?»

Бұл сұрақтардың да, басқа сауалдардың да жауабын біз Ұлы Құраннан табамыз. Мына аятта не айтылғаны туралы ойланыңызшы.

 

39:45 Бір Құдай туралы айтылған кезде о дүниедегі өмірге сенбейтіндердің жүрегі жиырылады. Ал Одан басқалар айтылса, олар масайрайды.

 

Бір Құдай бізге ұстаз бола ала ма? Әлде сіз Одан басқа да «құдайлардың» ақылшы болғанын қалайсыз ба? Тек Бір ғана Жаратушыға беріліп, Оның сөзімен ғана жүру арқылы бақытты бола аламыз ба? Құдайдың Кітабында дәл осы мәселелер баяндалады.

 

Үміт бар ма?

 

Құдай өзінің Кітабында былай дейді:

 

10:94 Егер Біз саған жібергенге күмәнің бар болса, онда бұрынғы кітаптарды оқитындардан сұра. Саған Жаратушыңнан ақиқат келді, ендеше күмәнші болма.

10:95 Құдайдың белгілерін теріске шығарғандар қатарында да болма. Әйтпесе, зиян шеккендердің ортасына түсесің.

10:96 Ақиқат осы, Алланың олар туралы сөзі расқа шыққандарсенбейді.

10:97 Тіпті оларға барлық белгі көрінсе де, апат келмей олар сенбейді.

10:98 Тым болмаса бір мекеннің жұрты сенді ме екен, Юныстың халқынан басқа? Олар иман келтірді, ал Біз оларды бұ дүниедегі масқара жазадан құтқардық және оны (тіршіліктің игілігін) кесімді мерзімге дейін пайдалануға мұрсат бердік.

10:99 Егер қаласа, Алла Тағалаңжер бетінде кім бар, бірі қалмай иман келтірер еді. Ал сен адам баласын сенуге күшпен мәжбүр етер ме едің?

10:100 Құдайдың еркінсіз ешбір адам иман келтірмейді. Ол ақылға келмегендерді жазаға тартады.

 

Үміт бар. Жанымыз әлі кеудемізде ме? Санамыз әлі тірі ме? Онда Құдай бізді Өз жолына түскендердің қатарына қосады деп сенумізге болады. Ойлауға бейілі жоқ адамды Құдай ол жолға салмайды. Бірақ алғашқы қадамды біз өзіміз жасауымыз керек.

 

13:11 ... Адамдар өз зейінін өзгертпей, Алла олардың жайын өзгертпейді. Егер Алла адамдарды жазалағысы келсе, онда мұның жолына ешнәрсе бөгет бола алмайды. Және Одан басқа ешқандай ара түсуші болмайды.

8:53 Мұның себебі, егер өздері ішкі талабын өзгертпесе, Алла адамдарға тигізген жақсылығын қайтарып алмайды. Тағы бір себебі, Алла бәрін естіп, көріп тұр.

 

соңы: http://anti-idol.kz/articles/alla-%E2%80%93%D2%9B%D2%B1ran-adam-%E2%80%93-a%D2%9Byl