Қалихан ЫСҚАҚ, жазушы-драматург: Бір-ақ нәрсені күтемін
- Мен бұл құрылтайдан бір-ақ нәрсені күтемін. Құрылтай өйтіп-бүйтіп өтер, Нұрлан Оразалиннің орнына басқа біреу сайланар. Бірақ қара шаңыраққа ие бола алатын адам табыла ма? Әңгіме сонда. Мемлекеттен ақшасын алып қойып, ар жағында ыңыранып жата беретұғын бұрынғы заман жоқ. Қазір талап күшті. Шыны керек, 700-ден асып түсетін жазушыны ұстап тұру, олардың киелі ордасын басқару оңай шаруа емес. Бұған дейін осы жөнінде өзге жазушылардың пікірін біліп едім. Олардың көпшілігі Одақ басшылығына келгісі жоқ секілді. Өйткені жеті жүз жазушыны, үлкен бір шаңырақты басқару кез келгеннің қолынан келе бермейді. Қаламгерлердің арасында басшылық тізгінінен үміт ететіндер де жетіп артылады. Бірақ, меніңше, олар ар жағын ойлап жүрген жоқ. Ондай жандар төрағаның мойнына түсетін ауыртпалықты сезінбейтін секілді. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамына кірген елдердің ешбірінде жазушылар бас қосатын Одақ жоқ. Міне, осыдан соң «жазушылардың ордасына айналып отырған Одақ өзге елдердегідей күй кешпей ме?» деген ойға қаласың. Иә, кезінде «шығармашылық одақтардың барлығын біріктіріп, бір жерде отырсақ, мұңымыз да, жырымыз да бір болса, жөн болар еді» дегендер де болды. Олай дейтіндердің көздегені - Жазушылар одағының ғимараты. Бірақ Нұрлан Жазушылар одағын сол қиын өткелдерден аман-есен өткізді. Қазіргі таңда Нұрлан Оразалиннің жеке басына қатысты талай даулы әңгімелер айтылып та, тәуелсіз газеттерде жазылып та жатыр. Мен мұны дарынсыздардың дауы деп білемін. Жоқ жерден айтыс тудыратын осындай адамдардың өзін апарып басшылыққа қою керек. Мұндай жұмыстан олар ертеңінде-ақ алды-артына қарамай, ат-тонын алып қашар еді. Өзіне артылатын үлкен жауапкершілікті шын сезінсе, олардың осылай етері сөзсіз. Одаққа Нұрлан секілді жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істейтін адам керек. Жоғары жаққа қаймықпай шығып, Жазушылар одағына қолдау көрсететін әдебиет жанашырларын тауып жүрген Нұрланның өзі.
Дайындаған
Сабина ҚАЗАҚБЕКОВА
