Алаштың ұлы - Бекмұхамет
Бекмұхамет Құсайынұлы 1892 жылы Омбы облысында, Омбы өзенінің бойына орналасқан Полобин деген ауылда дүниеге келген. Бекмұхаметтің әкесі Құсайын орта шаруа иесі болса керек. Жағдайы төмендеп кеткесін ол қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы атақонысынан Омбы қаласынан 25 шақырым жердегі Обь өзенінің бойындағы Полобинка ауылына көшіп барып, сондағы бай-кулактардың малын бағып күнелтеді.
Ғалия медресесінде оқыған 76 адамның ішінде Бекмұхамет те бар.
Медреседе оқып жүрген кезінде Башқұрт ақыны Ш.Бабич екеуі «Шытымыр» атты сатиралық журнал шығарады. Бұл қазақ оқырмандарына арналған тұңғыш сықақ журналы еді. «Айқап», «Қазақ» газеттерінде өлеңдер, мақалалар жариялайды.
Омбы гимназиясын бітіріп шыққан соң, мұғалімдік қызмет атқарады. Қазақ халқының ұрпақ тәрбиесіне біркісілік үлес қосқан ұлт ұстаздарының бірі. Ол өмірінің қырық жылын ұстаздықпен өткізеді.
Бекмұхамет Құсайынұлы заманында қазақ баспасөзінде өзіндік із қалдырған талантты журналистердің қатарынан орын алады. Омбы облысында шыққан «Кедей сөзі», «Бостандық туы» газеттерінде жұмыс істейді. Сөйтіп, қазақ халқының тәуелсіз ел болу жолындағы алғашқы ой-пікірлерінің жарыққа шығып, елге тарауына себепкер болған.
Алашорда таратылып, кеңес үкіметі орнаған кезде Бекмұхамет Құсайынұлы өзіне жүктелген міндеттерді атқара жүріп, жазушылықпен шұғылдана береді. «Қызыл Қазақстан», «Әдебиет майданы» журналдарында «Ат тауы» (1924), «Құла тай» (1927), «Соңғы соққы» (1932) т.б. әңгімелері жарияланады. 1935 жылы А.Неверовтің «Ташкент – тоқ қала» повесін аударған.
Бекмұхамет К. Төгісовпен қатар қазақтың алғашқы драмалық шығармаларын жазды. Ол 1912 жылы «Жер дауы», 1913 жылы «Қызыл бұзау», 1914 жылы «Әйел теңдігі», 1915 жылы «Ғазиза» атты спектакльдер жазады. Жазушының жалпы саны бес пьесасы бар. Сонымен бірге, 1915 жылы «Жылқышы күні», «Дәметкен» атты әңгімелер жариялайды.
«Жас азамат» газетіндегі журналистік қызметі
Қазақтың ұлттық баспасөзінің тарихында елеулі орны бар «Жас азамат» газеті ұлт тәуелсіздігін жақтап, отаршылдық езгіге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті. Газеттің редакторы белгілі қайраткер Қошмұхамбет Кемеңгерұлы болды. Бекмұхамет ысылған қаламгер-журналистердің қатарында болып, осы «Жас Азаматтың» тілшісі қызметін атқарған.
Осыдан 95 жыл бұрынғы қазақ жастарының жалпы білім деңгейі қазіргімен салыстыруға келмейтіні түсінікті. Ал, саяси сауаты ше? Әрине, ол да төмен. Бір ғажабы – сол кездегі күрескер аталарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу еді. Олар, ешнәрседен тайынбай, «Қазақ халқы тәуелсіздік алуға тиіс және сөзсіз алады!» деп көрегендікпен болжады. Сол қайраткерлердің тізімінде Бекмұхаммед Серкебаев та бар. Оның ысылған журналист болғанын «Жас Азаматта» жариялаған мақалаларынан байқауға болады. Мәселен, газеттің 1918 жылғы 15 октябрь, 7 – санында «Керекуден» атты мақаласында:
«Қысты күні малына шөп таба алмай сасқалақтап, қазаққа сатуға, қазір орыс шөп шаппай тұр, соңына сары аязда артық бағамен сатады. Бұл енді, қазақ жеріне қоныс салған орыстардың ата кәсібі болды. «Жанымызда орыс болмаса, аштан өлер едік» деп ұялмай айтқан қазақтарды талай көрдім. Енді мұжықтар ақшаны керексіз қып, малға сатамыз деген ауыруды шығарыпты. Осымен жалаңаш, жаяу келген мұжықтар қорасын малға толтыратын көрінеді. Қазақ шаруасы күн сайын кейін кетіп кемитін көрінеді.» - деп жергілікті халықтың жайына алаңдаушылық білдіреді. Халықтың арасынан сөйлейді. Сол кезеңдегі орыс-қазақ арасындағы алауыздық көрінеді. Екеуін салыстыра отырып кімнің ұтып, кімнің ұтылып отырғанын көрсетеді. Қазаққа «қыстың қамын жаз ойла» дегені.
Келесі бір мақаласы «Жас Азаматтың» 15 санында (1918 жылғы 15 декабрь) басылған екен.
Казак-орыс ойраны
[1918 жылғы] ноябрдің бас кезінде Омбы уезі, Қорған болысында бір ауылға 12 қару-жарақты казак орыс барады. Ауылдың адамдары бұларды көрген соң, бытырап қашып кетеді. Сол арада бір бала жігіт казак-орыстарға тап болады. «Ауылдың адамдары» деп жігітті қылышпен ұра бастайды. Жігіт таяқ батқан соң, жанын қорғап, басын қолымен баса береді, мейрімсіз казак- орыс жалаңаш қылышпен жігітті салып жібергенде, басын қорғаған қолды білезіктен қиып түседі. Сол жерде қол шолтаңдап қанға боялып қала береді.
Қазақтар 20 шақырым жердегі орыс қаласында тұрған милицияға хабар береді. Қаладан келген милициялар екінші бір ауылға бара жатқан жерінде, казак-орыстың бірін ұстайды, өзгесі қашып кеткен. Қолы шабылған жігіт осы күнде Омбының больницасында жатыр. Неше күн от оттап, су ішерін кім білсін? Іші пысқанда бейбастақ казак-орыстары қазақты талайды. Бейбастықтардан қорлық көріп, малың түгіл басыңа ие болмауыңды кімнен көресің, қазағым.
Назар аударар болсақ, Бекмұхамет Серкебаев журналист ретінде алдымен ұлттың мүддесін бірінші орынға қойған. Ол сол дәуірдегі қазақ жұртына кінә тақпайды. Өз жерінде қазақтың әділеттілікке жеткенін қалайды. «Бейбастықтардан қорлық көріп, малың түгіл басыңа ие болмауыңды кімнен көресің, қазағым» дегені қазақтың құқығы аяққа тапталып жатыр деп ашына айтуы. Ұлт мүддесін көздеуі де сондықтан.
Газеттің 14 санында (1918 жылғы 5 декабрь) «Омбы уезі» атты мақаласын жариялайды.
Мұнда Омбы уезіндегі жұртты әділ жолмен сайланбаған басшылар басқарып отырғанын айтады. Олар жөнінде: «Әрине, бұлайша, халықтың бұл күнге шейін земствоның не пайда келтіретінін білмеуі - сайланған земский гласныйлардың надандығы. Земский собранияның бекіткен қаулысын халыққа түсіндіруді өздерінің борышы екенін білмегендігі. Жұрт гласный сайлағанда, көптің пайдасын көздейтін кісіні сайламайды. Сайлайын десе де, «қалта» сайланып кетеді. Біздің ел-жұрт земствоның мәнісіне еркін түсінбеген сияқты. Земский управадан кісі шығып, земства жұмысын түсіндірейін десе, «мұның түбі солдат емес пе?», дейді. Земствоны түсіну осы бола ма? «Қалтамен» сайланған гласныйлар халыққа түсіндірмек түгілі, өздері ешнәрсе білмейді.» - деп ашығын айтады. Сауатсыз халықты басқарып отырған басшылардың әрекеті мен қазақ даласын жайлаған «қалтаның» күшімен келетін билікті әшкерелейді.
«Омбыда қазақша спектакль» атты мақаласында : «Үшінші январьда (ескіше) Омбыдағы «Тілек» қауымы спектакль қойды. Тамашаға Қ. Кемеңгеровтың «Бостандық жемісі» атты пьесасы қойылды» - деп сүйіншілейді.
«Айда атыңды, Сәрсенбай!»
Кейбір деректерде Бекмұхамет Мағжанның ауылдас досы делінген. Алайда, бұл деректі жоққа шығарамыз. Себебі, екеуі бір аймақтың екі бөлек аудандарында туып өскен.
Қызылжарда медреседе оқып жүргенде, Мағжан Ермек Серкебаевтың әкесімен бірге оқиды. Сол кезде екеуі ауылға атпен келіп жүреді екен. Ол кезде әкесінің Сәрсенбай деген атқосшысы болады. Ол асығады, ауылға тезірек жеткісі келеді. Сондай сәттерде «Айда атыңды, Сәрсенбай!» деген өлең жазып, жұртқа оқып береді. Ол біреуге айтылған арнау емес, елге деген сағыныш, алып-ұшқан жүрегінің лүпілі іспетті өлең. Осы өлең жазылар тұста Бекмұхамет Мағжанмен елге бірге қайтып келе жатқан.
Сонымен қатар Ермек Серкебаевтың әкесі туралы естеліктеріне тоқталайық:
«Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Бісміллә Балабеков, Қосымжан Бабақов секілді әншілерді өз әкем де жақсы көретін. Маған бұларды біліп жүр, ән шырқау мәнеріне көңіл аудар, олардың әрқайсысы бір-бір мектеп дейтін де, өзі де домбыраға қосылып, жай дауыспен халық әндерін шырқайтын. Әдетте, мен біреулердің әке-шешең өнер адамдары ма дейтіндеріне «жоқ» деймін де, екеуінің дастарқан басында әу дейтіндерін ауызға алмаймын. Шын мәнінде, ата-анам өнер қадірін жақсы білетін, әнге іңкәр жандар еді. Шешем қаны татар болғанмен, жаны қазақ, халық әндерін нақышына келтіріп, тамылжыта орындайтын. Ұзақ жсаған әкем ұлы Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегеніндей, бақиға аттанарда көзінен мөлт-мөлт жас тамшылап, «Қызыл бидайды» айтып жатып қайтыс болды. Ғажап емес пе? Әкем Мағжан Жұмабаевпен әрі жерлес, әрі Уфада бірге оқыған дос болған. Анамның аты Зылиқа, Мағжанның әйелінің аты да Зылиқа, оның ұлты татар еді. Әке-шешеммен өле-өлгенше сыйласты, араласты. Жә, ол мұңлықтың бізден бөлек сүйенер жанашыры да жоқ есебі еді».
Бекмұхамет Құсайынұлы өз заманының жан-жақты тұлғасы. Алаш қозғалысының бәрінде қазақтың ұлтжанды азаматтары жүрді дейтін болсақ, сондай ұлтжанды азаматтардың бірі Бекмұхамед (Бекмағамбет) Серкебаев еді. Ол әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететін тұлға, журналист әрі жазушы.
Айдана Алдоңғарова
