Алаш тарихы және індетпен күрес: өткені мен бүгіні.
Алаш тарихы және індетпен күрес: өткені мен бүгіні.
(салыстырмалы талдау)
Жұқпалы COVID-19 бүгінде пандемияға айналып әлемді дүр сілкіндірді. Әлем елдері аурудың алдын алу мақсатында қатаң шаралар қолдану үстінде. Біздің де еліміз өз кезегінде төтенше жағдай режимін жариялап, халықты барынша індеттен сақтап қалу үшін күресуде.
Жұқпалы індеттер тарихқа үңілсек, бұл ауру қазақ жерінде бірнеше мәрте болған еді, мәселен XX ғасыр басында адамзатты қан қақсатып кеткен «оба» ауруы туралы «ұлы оба», тіпті «ұлы қауіп» деген атаулар тіркеліп, әдебиеттерде сақталып қалған.
«Ұлы қауіппен» сол кезеңде Алаш зиялылары да күресуге тырысып бақты. Алаш қайраткерлерінің арасында медицина саласын толық меңгерген дәрігерлер болды. Көзі ашық, сауаты бар қауым «Қазақ» газетінде денсаулық жайынан, жұқпалы ауырулар, олардан сақтану, алдын алу туралы құнды мақалалар жазып, халыққа ғылыми тұрғыдан кеңес беруге талпынды.
Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жұмағали Тілеуліұлы, Дәулетшаһ Күсепғалиұлы сынды азаматтардың газет беттерінде жариялаған мақалалары мен жазбалары кейін Кеңес үкіметі кезінде іргелі ғылымға айналып, қазақ тіліндегі алғашқы денсаулық сақтау туралы кітаптардың жазылуына ұласты.
Алаш арыстары қолдарынан келгенше туған халқына көмек беру, әуелі Алла, одан кейін елінің, өздерінің ар-адамгершілік алдындағы парызы, әр оқыған қазақ баласының басты борышы деп білді.
Жұмағали Тілеулин солтүстік өлкеден шыққан алғашқы медицина саласының маманы. Оның «Гигиена», «Жұқпалы науқастар» атты еңбектері күні бүгінге дейін өз құндылығын жоймаған. Мәселен, 1915 жылғы «Қазақ» газетінің №99 санында шыққан «Науқас һәм оның емделуі» деген мақаласында: «Науқас деген нәрсе – дене мен науқастың себебінің соғысуы. Бұдан мұрат: денеге біртүрлі микроб кірсе, сол кірген жерінде керекті тамақ тапса, бір минөтте сансыз болып көбеймекші, одан қанға қосылып (нағыз күн көретін жері), дененің һәр бір клеткаларын жауламақшы. Бұған қарсы дене де қарманып, белгілі қанның ақ шаригі «фагоцит», тағы да өзге клеткалар мұнымен жауласпақшы. Бұл уақытта, кәдімгі патшалардың соғыс уақытында арнаған шығыны сияқты, бұл ағзалардың да шығыны көбеймекші: өйткені, соғыстың әскері – клетка, фагоциттерді артық тамақтандыру керек. Патша соғысында шығынның көбейгені – патшалықтың денесі болған қара халыққа тынышсыз тиіп, шаруа бұзылып, халық нашарланып, бұрынғы тұрмысы бұзылады. Мұнда да сол, дене бір суып, бір қызып, сау халін жойып, ауруға шалынуы осы секілді», -деп түсіндіреді.
Ал, келесі «Жұқпалы науқастар» кітабында былай жазады: «1919-1921 жылғы сүзектер, оба науқастары елде күшті болды. 1919-1920 жылдарда Қазақстан жерінде соғыстан боса қашқан ақтың, қуып өткен қызылды әскерлерінде үш түрлі сүзектің үшеуі де жұғып жайылып сол уақытқа дейін естіп, көрмеген сұрапыл апат болды. Ауылдардың көбінде шаңырағы құрып қалғандар көп болды. Науқастың күшті болған жерінде 60 шамалы үйлі ауылдан 80 шамалы өлім болғаны бар. Егерде 60 үйдің жанын, үй басына 5 жаннан деп есептесе, 300 жан. Бұл жүзден 27 (не болмаса 27% шамасында болғаны). Мұндай санды өлімді болған сүзек індетін науқас тарихы айтпайды. («Жұқпалы науқастар». Мәскеу. 1926 жыл. 37- бет)».
Ол сонымен қатар, Оба індетінен Есіл бойындағы елдің аман қалғаны аз болды, деп күйіне жазады.
Әлихан Бөкейханның «Денсаулық-сақтықта!» кітабында жазылған ескертулер «гигиенаның» басты ережелері хақында мәселе қозғады, олар мына төмендегі ескертулер болатын:
1. «Бір орамалға үй болып беті-қолды сүртпе!
2. «Қарағым» деп тойда топ қатын баланы жабыла сүйеді. Бір қатын не бала жұқпалы ауру болса, бала да, қатындар да ауруды артып жөнеледі.
3. Ауруға қарсы атқа мінгенде, алдымен қолға алатын іс – елді ағарту.
4. Ел ағарса, денсаулыққа біртабан жақын болады. Надан, қараңғы ананың баласы көп ауырады да, көп өледі.
5. Елдің өзі ауруды аластаудың ісін білу керек. Сонда дәрігерге көмекші болады.
6. Таза ауалатса, жарық сәулелетсе, денсаулыққа бетала көшкен болады. Денсаулықтың іргесі салынады.
7. Мезгіл-мезгіл төсек орынды, киімді тысқа шығарып қағып, сілкіп, күнге жайса, қысты күні аязға жайып тастаса, жаудың күлі шашылып, қазаны бауырына құлап, күлдеруші ортасынан күйрейді. Жұқпалы ауру адасып, елде денсаулық орнайды.
8. Тазалықтың іргесі – су мен сабын. ..
9. Надан ауырса, «Құдайдан», «жыннан» деп, жұқпалы аурудың жаласын да Құдайға, жынға жабады. Жұқпалы аурудан сақтана білмейді. Ауру хат білмейтін, кітап оқымайтын, мәдениеті тезек терген елге үйір болады», -дейді Алаш көсемі.
Алаш арысы жиі жуынған адамға жұқпалы кеселдің жоламайтынын, тазалықтың басы- үйдің тазалығында екендігін ашып айтты. Індет деп жазғаны таратушы бактериялар мен вирустар. Ол әйелдердің балаларды ойланбай сүйе жөнелетінін және қазақтың қараңғылығын сынап жазды.
Бір өкініштісі халқымыздың осы әдеттері әлі күнге дейін жалғасын табуда. Кезінде халқымыздың обадан қырылғаны, ескертпелерді дұрыс орындамауы, қазіргі ұрпақты ойландырып, бүгінгі таңда маңызын жоғалтпай, керісінше, тіпті өзекті мәселеге айналуы тиіс.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы жарлығы, қатаң түрде шаралар қолдануы, дәрігерлерге барынша көмек беруі, төл тарихымызда болған індеттердің қайталанбауының ең басты себептерінің бірі болды.
Сол себепті де, ел басшылығының төтенше жағдай кезіндегі белгілеген және міндеттеген талаптарын қатаң сақтап, кеселдің алдын алуды әрі болдырмауды азаматтық парызымыз ретінде түсініп, індетпен күресуге бір адамдай ат салысайық!
