Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Аландар туралы қызықты 10 дерек

Аландар – біздің заманымыздан бұрынғы 1 мыңжылдықтың соңы мен біздің заманымыздың алғашқы мыңжылдығының басында қазіргі Батыс Қазақстан және Солтүстік Кавказ өңірлерінде өмір сүрген көшпелі тайпалар бірлестігі. Арғы тегі сақ-сарматтарға барып тіреледі.

  1. Алан деген сөз ең алғаш б.з.д. 25 жылғы қытай жылнамаларында кездесті. Онда алан деген сармат тайпаларының бір атауы ретінде айтылады. Жылнамада Қаңлы мемлекетіне қарасты Яньцай елі деп аталып, олардың өмір салтының қаңлылармен ұқсастығы сөз болады.

  2. Каспий мен Арал теңіздерінен Орал жоталарына дейінгі жерлерді мекендеген. 100 мыңға жуық әскері болған. І-ІІ ғасырлардағы деректерде елдің аты Алания деп өзгереді.

  3. IV ғасырда Рим зерттеушісі Аммиан Марцеллин аландар туралы былай депті: «Барлық аландар дерлік бойшаң әрі сымбатты болып келеді. Олардың ұстамды әрі қатқыл көзқарасы келбетін сұсты етіп көрсетсе, қаруды жеп-жеңіл көтеріп жүре беретін қасиеті қағілез, елгезек екендіктерін танытады. Олар шайқаста жан тапсырған адамды нағыз бақытты жан санайды».

  4. IV ғасырда аландар этникалық жағынан біртекті емес еді. Ірі тайпалық одақтарды ғұндар шабуылдап, күйретіп кетсе, VI ғасырда аварлардың тепкісіне түсті. Аландардың бір бөлігі IV ғасырдың соңына қарай Халықтардың ұлы көші кезінде Еуропаға қарай ауып кетті. Бұл оқиғалар аландардың этномәдениетінің өзгеріп, өзге халықтарға сіңіп кетуіне алып келді. Осылайша өзге халықтармен біте қайнасып кеткен алан жауынгерлері кейініректе, 1395 жылы Алтын Орда ханы Тоқтамыстың әскері құрамында Әмір Темірге қарсы шайқасқан.

  5. Көшпей қалып қойған аландардың тайпалық одағы жергілікті кавказ тайпаларымен бірігіп, Алания атты бірлестікке айналды. Олар Кавказдың орталығында үлкен ертефеодалдық мемлекет құрды. VII-Х ғасыр аралығында Аланияның біраз бөлігі Хазар қағанатының құрамына кірді. Осы кездері олардың мәдениеті жақсы дамыды.

  6. 1238-39 жылдары монғолдар Аланияның тас-талқанын шығарып, Предкавказьенің ең шұрайлы, құнарлы деген жерлерін тартып алды. Аман қалған аландар Орталық Кавказдың тауларына барып жасырынды. Ал, Алания мемлекеті жер бетінен жойылды.

  7. Кавказ тауларына жасырынған аландардан кейінірек қазіргі осетин халқы қалыптасты. Олар Солтүстік Кавказдың өзге де халықтарының бастауында тұрды.

  8. Матвей Меховский, XVI ғасыр зерттеушісі аландар туралы 1517 жылы былай деп жазыпты: «Аландар Сарматияның Еуропаға жақын тұсында, Танаис өзені бойында өмір сүрген. Олардың елі жазықта орналасқан, таулар жоқ, тек қыраттар кездеседі. Қазір онда халық жоқ. Жау шапқыншылығы кезінде олар қуғын-сүргінге түсіп, жойылып кетті. Алания таулары бос жатыр. Бірақ кей кездері бұл жерлерден аң аулап, олжа іздеген қазақтарды кездестіруге болады».

  9. Аландар Ұлы көш кезінде Батыс Еуропаға барып, ол жақта да өз қолтаңбасын қалдырды. Еуропалықтар ат үстінде жүріп соғысу өнерін аландардан үйренді. Дегенмен, олар өз бетінше ұлт болып, мемлекет құра алмай, керісінше жергілікті халықтарға сіңіп кетті. Қазірде бір ғана Франция мен Италиядағы 300-ден астам елдімекеннің атауы алан тілінде қойылған.

  10. Халықтардың ұлы көші кезінде кейбір аландар тіпті Солтүстік Африкаға да кетіп, сонда вандалдармен бірге мемлекет құрған.

Сурет pereformat.ru сайтынан алынды

0
0
5383

Осы тақырып бойынша