Қалалық адамның монологі
Жүріп келем, жүріп келем... Теңіз бен жағажай, таза ауа, ашық аспан. Тыныштық. Жағаға келіп соққан толқындар мен құстардың шуылынан өзге дыбыс жоқ. Аңсап күткен, сарғайып тосқан жан тыныштығы. Уайымның бәрін ұмыттым. Ештеңе толғандырмайды – дүние өртеніп кетсе де, селт етпеймін.
Шіркін, Жер-ана, сенің бауырыңда мұншалық әсем табиғат барын мына мен, балаң, білмеппін. Зәулім үйлер, биік ғимараттардың арасында шын рахаттың осында екенін білместен, қайғысыз-қамсыз жүре беріппін-ау. Сол үшін кеш. Кеше гөр пендеңді.
«Неге сонша налыдың?» - деймісің? Налығам жоқ, Жер-ана. Жалғызбын мен. Жанымда қанша адам жүрсе де, мыңдаған адамдармен бір ауаны жұтып, бір қалада тұрсам да, тым жалғызбын. Жалғыздығым жемістің ішіне түскен зиянкес құрт сияқты, жанымды жеп бітті. Қолы мен аяғын бұрап кигізе салған іші бос қуыршақтаймын. Ал бүгін...қазір бақыттымын. Шетсіз-шексіз көкжиекке көз тастап, сенің шын бейнеңді көргендей болдым. Құлай кеттім құшағыңа. Құлатып алмашы, демей тұршы азырақ...
Телефоныма бір көз салып қояйын. Уақыт қанша болды екен? «Бұл не?»- дейсің бе? Бұл – ұялы телефон. Ішінде не бар дегеннен гөрі, не жоқ деп сұрағаның дұрыс. Ғажайып зат. Іздегеніңді де, жоғалтқаныңды да осы арқылы табуға болады. Екі ғасыр бұрын Ыбырай балаң «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын» ғажайыптың боларын болжап еді ғой, есіңде ме? Бұл – сол ғажайып құрылғы. Жоқ, Жер-ана, сен бұған қызықпа. Неше жерден ғажайып болғанымен, әлгінде мен айтқан жалғыздыққа бірден-бір себеп болған да – осы зат. Қанша пайдасы болса, сонша зияны бар. Бұл құрылғыға бір берілсең, бас алып қашуың қиын. Мені жан досымнан, құрдасымнан айырған да – осы. Алтыннан қымбат уақытымды ұрлаған да - осы. Жақындарыммен ұрыстырған да – осы. Бұл өзі менің қас жауым екен ғой! Жоқ, Жер-ана. Жауым досымнан қымбат, мен бұдан бас тарта алмаймын. Мұнсыз менің күнім қараң...
Жарайды, ұмыт. Өз жағдайың қалай? Дархан далаң, ну орманың, шалқар көлің, мөлдір суың – бәрі аман ба? Ана, неге жылайсың? Неге мұңаясың? Жабырқаған балаңа құшағыңды жаясың, басынан сипап, жұбатасың, көзінен аққан тамшы жасын сүртесің. Өзің ше? Неге сенің мұнша мейірімге толы, күлімдеген көзіңнен суық мұң байқалады? Аспан неге жылайды, Ана? Тағы да солар. Тағы да адамдар. Мені қойшы, сен не жаздың? Шіркін, Жер-ана, сенің мені жұбатқаныңдай, өзіңді жұбата алсам ғой. Саған қамқор болып, нәубеттен, басыңа түскен тауқіметтен құтқара алсам ғой. Бірақ менің оған шамам жетпейді. Дәрменсіз балаңды кешір, Ана! Демей жүр, жебей жүр, бейбақ балаңды!
