Алғыс арқалаған абзал жандар
Алғыс арқалаған абзал жандар
Бүкіл әлем жұртшылығын әбігерге салған пандемия кезінде жақындарымызға жанашыр болған ақ халатты абзал жандардың еңбегі мен қадірін жете түсінгендейміз. Абзал жандар індет өршіп, денсаулығымызға қауіп төнген кезде өз өмірлерін қатерге тігіп, талай адамзаттың өмірін жалмаған дертпен аянбай күресіп келеді. Олар күн сайын қаншама ауыр тағдырларды басынан кешеді, қаншама адамның шырқыраған үнін естіп, қаншама жанның егіле жылағанын көреді. Олардың да жаны егіледі, жүрегі жылайды. Бірақ олар эмоцияға беріліп емес, батыл қадам жасап, батыл шешім қабылдап, әрекет ету керек. Өйткені, олар ел амандығы үшін түрлі аурулармен күресуі керек. Себебі олардың көмегіне халық мұқтаж.
Халық саулығын өз өмірлерінен биік қоятын дәрігерлер қауымына қазір барша жұрт алғысын айтып, ізгі лебіздерін білдіруде. Осы орайда пандемия кезінде ел үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан абзал жандарға "Nur Otan" партиясы Панфилов аудандық филиалы "Дәрігерлерді ардақтайық" атты жоба ұйымдастырды.
Жуырда аталмыш жоба аясында "Жаркент өңірі" газетінің директор-бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты Бағдат Бейсенқызы еліміздегі пандемия кезінде кәсібилігімен, қызметінің міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, аянбай еңбек еткені үшін Пенжім ауылдық округінің "Жедел жәрдем" көлігінің жүргізушісі Ермек Хусайнұлына "Nur Otan" партиясы атынан Алғыс хат табыс етті.
Еліміздегі дәл қазіргі жағдайда дәрігерлеріміздің еңбегі өте зор. Бұл ретте, осындай жобалардың жиі ұйымдастырылып, ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегі әрдайым назардан тыс қалмау керек. Себебі, ұлт саулығы үшін аянбай еңбек ететін ардақты жандардың бірі, дәрігерлер қауымы емес пе?!
