Алғашқы әскери дайындық мәселесіне – баса назар аударылды
Қазақстан Республикасының Әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарының Үйлестіру кеңесі жанындағы Республикалық жас армияшылар бірлестігінің кезекті төртінші отырысында мектептердегі алғашқы әскери дайындық сұрақтары талқыланды.
Республика аймағы бойынша бейнеконференция тәсілімен өткен іс-шараға Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтары, облыстар мен Астана және Алматы қалаларының білім беру саласының басшылары қатысты.
Жиналысты ашқан ҚР ҚК Бас штаб бастығының орынбасары полковник М.Таласов мектептердегі алғашқы әскери дайындық бағдарламасын жүзеге асыруда бұл шараның маңызы бар екендігін атап өтті.
Ол өз сөзінде мектептегі әскери дайындықты ұйымдастыруға бақылау жасайтын өкілетті орган ретінде Қорғаныс министрлігі мен Әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарының Үйлестіру кеңесі тарапынан аталған пәннің дамуы мен жетілдірілуі жөнінде білім беру органдарына бірнеше рет сын айтылғанын атап өтті.
Өкілетті органдардың талдау жасау нәтижелері бойынша берілген ұсыныстары Білім және ғылым министрлігі тарапынан орындалмай келеді. Мәселен алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің мәртебесі әлі күнге қарастырылмаған, пәннің әдістемелік және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі шешілмеген.
«Осының барлығы әскерге шақырылушылар құрамын қалыптастыруға кері әсерін тигізеді, сол себепті нақты шаралар қолдану керек» - деп атап өтті М.Таласов.
Отырыс барысында ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің бастығы полковник Б.Мұқамеджанов сөз сөйледі.
Жиналыс қорытындысы бойынша алғашқы әскери дайындық пәнінің дамуына және жетілдірілуіне бақылауды күшейту және оның жұмысын ұйымдастыруға қатаң талап қою жөнінде шешім қабылданды.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
