«Алға!» мұнайшылар ереуіліне миллиондаған қаржы бөліпті
2011 жылы орын алған желтоқсан оқиғасына қатысты Жаңаөзендегі бүліктің кінәлілерін анықтау мақсатында Ақтау қаласында 16 тамыз басталған сот әлі жалғасуда. Бүгінгі сот процесіне Еуроодақтың Қазақстанның саяси мәселелері бойынша жауапты тұлғасы Анэт Джейкобсон да қатысты.
29 тамыз күні Айжангүл Әмірова куәлік ете бастаған болатын, алайда 8 сағатқа созылған жауап алу аяқталмаған соң, келесі күнге қалдырылып, яғни 31 күні жалғасын тапты.
А.Әміроваға айыпталушы Серік Сапарғалидың тарапынан бірнеше сұрақтар қойылып, «Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сізді бәрі біледі. В. Козловтың сеніміне ие болдыңыз. Тіпті, Еуропаға дейін танымалдығыңыз артып Халықаралық деңгейдегі саясаткер атандыңыз» сынды сөздермен куәнің деңгейіне де тоқтала кетті. Ал Козлов куәге сұрақ қоюды бастамас бұрын, әуелі оны оқиғадан кейін енді көріп отырғанына байланысты Жаңаөзендегі мүлтіксіз атқарған жұмыстарына ризашылығын білдіре отырып, сот процесінде өзін қорғау үшін бірнеше сұрақтар қоятынын жеткізді. Мысалға В.Козлов А.Әміроваға «Біз нені орындамадық? Берген уәденің қайсысы орындалмады?» деп сауал тастады. Әмірова болса, «Еңбек дауына о бастан көңіл аударылмаған еді, менің пікірім бойынша еңбек дауы бұл жерде орындалмаған уәде деп білемін»,- деді. Жалпы, Козлов тарапынан көптеген сұрақтар қойылған болатын. Соның тағы бірі – 29 тамызда Әмірова куәлік еткенде ұйымдастыру шараларына Козловтың тарапынан 4 млн.теңге, 10 мың АҚШ доллары, 4 мың еуро көлемінде қаражат кетті деген болатын. Бүгінгі сот отырысында Козлов Әміровадан сол кеткен қаражатқа қаншалықты есеп жүргізгенін сұрады. Куә өзінің бұрынғы басшысына тікелей қарап тұрып, оның есеп жүргізуді әуел бастан талап етпегенін айтып, қомақты қаражатқа қалайша есеп жүргізілуіне нұсқаулық бермегеніне іштей таңдануы болғанын да жасырмады. Бірақ, Әмірованың айтуына қарағанда өзінің жұмысына есеп ретінде жекелей кеткен қаражаттың сомасын бөлек жазып отырған екен. Сондай-ақ, бұл куә Алматы қаласында жүргенінде зейнеткерлер мен қарапайым адамдар қаржылай көмек көрсетуді сұрай келгенде «Алға» партиясы қолдау білдіре алмағанын айтса, керісінше аталмыш партиядан Жаңаөзендегі ереуілшілерге айтарлықтай қаражат кеткенін түртіп өтті. Бірақ, мұнайшылар мұңын мұндап жүргенде өзіне де көптеген ауыртпалықтар түскенін және пайда емес, шығынға ұшырағанын білдірді.
Ал Болат Атабаевтың сот процесінде куәгерлік ете алмауына байланысты мемлекеттік айыптаушылар қылмыстық істің 24 томының 170-179 беттерінде оның берген жауабын жазбаша оқыды. Яғни, Б.Атабаев Жаңаөзен қаласына бармай тұрып, мұнайшылардың ереуілге шығуы заңсыз екенін алдын ала естіген болса, жұмысшылардың үміттерін үкілетіп, талаптарына қанат бітірмес едім деп көрсеткен. Кейін «Республика» газетінде Сапарғали мен Берентаевтың еңбек шарты жайлы мақаласын оқыған соң болған іске өкініш білдіргенін айтқан. Сол сияқты «Жаңаөзен қаласындағы ереуілшілерге барып сөйлеген сөзім 16 желтоқсанда болған оқиға салдары жаппай тәртіпсіздікке әкеліп соғады деп ойламадым. Қан төгілгеніне өкінемін. Халықтың, ереуілшілердің әлеуметтік жағдайы оңалар ниетімен мұнайшыларды қолдау азаматтық міндетім деп ойладым» деген сөздерді жазған екен. Б.Атабаевтың куәгерлік сөздерін мемлекеттік айыптаушы оқығаннан кейін Жаңаөзен жұмысшыларының өздерінен жауап алу басталды. Мұнайшы Асқар Ескендіровтің жауабында «Алға» партиясы өкілдері келіп, бізге сендердің ереуілге шыққандарын дұрыс деп айтты. Содан 7 ай бойы заңгер, экономист мамандары келеді деп сендіріп, бізді уәдемен құр сөзге иландырған»,- деді. Келесі куә Айман Оңғарбаева Серік Сарағалиды бітімгершілік комиссиясында, Владимир Козловты алаңға келгенде көргенін айтып, Жанболат Мамай мен Болат Атабаев ереуілшілерге келіп «Бізден көмек болады. «Нұр Отан» сендерге көмектесіп жатқан жоқ, ал «Халық майданы» партиясына кірсеңдер сендерге қолдау көрсетеміз» деген сөздермен үгіттегендерін есіне түсірді. 22 қараша Алматыдан С.Сапарғали мен Е.Қалиев экономика, заң мәселелерін талқылауға үшін Жаңаөзен қаласына арнайы жіберілген, алайда олар ортақ мәмілеге келмей, бұған еш дайындықсыз қатысқандықтары жайлы Оңғарбаева өзінің танысы Н.Әжіғалиевадан естігенін хабарлады. Тек «Алға» партиясынан Отарбаеваның еспшотына 420 мың түсіп, оның 210 мыңы «Қаражамбас» мұнайшыларына, қалғаны «Өзенмұнайгаздың» жұмысшыларына бөле келе 5 мыңнан тигенін айтты. «Халық майданы» материалдық көмектесетіндіктерін айтып, бар жағдайды жасауға уәде еткен. «Бірақ, біз олардан ақша сұрамадық. Тек экономис, заңгер мамандарының көмегі арқылы еңбек дауын шешіп беруді өтіндік. Керісінше, бұл жерде мұнайшылар талабы саясиланып кетті, бізді «Алға» партиясы саясиландырып жіберді. Бір сөзбен «Халық майданына» Құдайдай сендік»,- деп сөзін аяқтады Оңғарбаева.
Одан кейін Сұлтан Ермағанбетов «Халық майданы», «Алға» партиясының өкілдері келгенін айтып, «ереуілшілер үлкен сенімнің астына алынды»,- деді. Оның ізінше Амангелді Лұқманов куәлік етті. Ол Сапарғалидың «Жаңаөзендегі ереуілшілердің жағдайын Қырғыстанмен мысалға салыстыра отырып сипаттағанын, жасақ шығарып адамдар өздерін қорғап, топ құру керектігі жайлы сөздерін сот процесінде баяндады. Дәл осы типтес сөздер мазмұнын Рамазан Байсаров атты куә де мәлімдеді. «Алматы қаласында болған кездесуде еңбек дауы мәселесі қаралу тиіс еді, бірақ С.Сапарғали Қырғыстан Республикасындағы болған оқиғаны негізге ала отырып, 86 жылғы көтеріліс бейнежазбасын таратты», - деп сөзін қорытындылады.
Бүгінгі сотта В.Козловтың қорғаушылары тарапынан шақырылған куәлердің жауаптарын тыңдайтын боламыз. Осы себепті Б.Мырзабеков В.Козловтың қорғаушы тарапы куәгерлеріне арнайы шақырту жіберілгенін хабарлады.
Асылжан Иманғалиев
http://www.serke.org/news/«alga»-munaishylar-ereuіlіne-milliondagan-karzhy-bөlіptі
